«Ирак пен Левант лаңкестік тобының» содырларына қарсы күресте ірі жетістікке қол жетті. Бұл туралы Қамшы ақпараттық агенттігі шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Иракта атышулы ұйымның бейресми астанасы саналатын Мосул толығымен жаудан тазартылып, үкімет жасағының бақылауына өтті. Жергілікті халықтың қуанышында шек жоқ. Ұзақ уақыт бойы үрейде өмір сүрген Мосул жұрты туған қаласының азат етілгеніне сенер-сенбесін білмейді. Елдегі екінші ірі шаһар 3 жыл бойы «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» уысында болған.
Оның жаудан арылғаны жайлы хабарды тек Мосул халқы ғана емес, өзге де аумақ тұрғындары зор қуанышпен қабылдады.
Әскерилерді жеңісімен құттықтау үшін қалаға Премьер-министрдің өзі келді. Негізі Мосулды азат ету шарасы шамамен 9 ай бойы жүргізілген. Оған үкімет жасағы мен күрд жауынгерлері қатысқан. Сарбаздарға АҚШ бастаған халықаралық коалиция әуеден соққы беріп, қолдау көрсетті. 9 ай ішінде 1300 экстремистің көзі жойылған. Бейбіт халық арасында да адам шығыны аз емес. 4 мыңнан астам тұрғынның опат болған. Ал қақтығыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің саны 30 мыңға жуықтайды.
Қазір жауынгерлер миналарды залаласыздандырумен айналысып жатыр. Қаскөйлер шаһардан сытылып шықпас бұрын оларды көптеп қойып тастаған. Негізі, 3 жыл бойы елді мекенді уысында ұстаған содырлар ойына келгенін істеп бақты. Атыс-шабыстан жергілікті әуежай, вокзал, университет, аурухана, мектептер мен жолдар бүлінді. Жергілікті билік мұның бәрін қалпына келтіру оңайға соқпайды дейді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жұмыстарға кемі 5 жыл және миллиардтаған доллар кетуі мүмкін.
Атышулы ұйымның Ирактағы бас тірегі азат етілді. Енді көрші Сирияда осы топтың бейресми астанасы Ракка үшін шайқас жалғасып жатыр. Сарапшылар онда да лаңкестердің жеңілетініне күмән келтірмейді. Алайда соның өзінде де жаудың тізе бүгуі екіталай дейді. Содырларың жартысы тауға қашып, сонда жасырынуы мүмкін деген күдік бар. Сондай-ақ жердегі халифатынан айырылған экстремистер әлеуметтік желілер арқылы ықпал етуін күшейте ме деген күдік сейілмей тұр. Осы ретте халықаралық қауымдастық ғаламтордағы бақылауды күшейтуге шақырып отыр.
Шолушы: Айгерім Таубай