11 шілде күні Сәтпаев қаласының әкімдігінде төбелес болды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде Сәтпаев қаласының әкімдігінде болған төбелестің видеосы таралды. Видеода тілші Берік Жағыпаров пен әйел адамның жанжалдасып жатқанын байқаймыз. Жағдайдың нақты себебін білу үшін Qamshy.kz журналисі Берік Жағыпаровтың өзіне хабарласып, істің мән-жайын анықтады.
Сәтпаев қаласының тілшісі әріптестерімен әкімдіктің орынбасары Айгүл Төлендинаға қоғамдық мәселе жайында айту үшін барған. Өзіне керекті ақпаратты алып, қайтып бара жатқанда бөлмеге бейтаныс әйел кіріп келіп, Берік Жағыпаровқа тиесілі видеокамераны тартып алады. Әйел басқа бөлмеге қашып бара жатқан уақытта оны ұстап үлгерген. Тілшінің айтуынша, әйел адам әлгі видеокамераны терезеден лақтырып жібермек болған көрінеді. Берік Жағыпаров өзіне тиесілі дүниені қалай да қайтармақ болған, сөйтіп оқиғаның соңы жанжалға ұласты. Жағыпаровтың айтуынша, ол видеокамера болмаса, аталмыш оқиғаға байланысты өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмаған болар еді.
Кейін анықталғандай ер адаммен төбелескен әйел әлеуметтік жұмыс жөніндегі жетекші маман болып шықты. Өзінің жарақат алуына байланысты тілшінің үстінен арыз түсірмек ниетте екен. Алайда Берік Жағыпаров күш қолданбағанын айтады.
Бұл турасында ақпаратты Берік Жағыпаров өзінің Фейсбуктегі парақшасына видеоларымен қосы бөлісті. Әкімдікке барғандағы мақсатын да жазып өтті: Қалада түнгі 23:00-ден кейін арақ сатуға тыйым салынған. Алайда, дәл әкімдікке тиіп тұрған дүкеннің өзінде түн ортасында алкогольдік сусындар еркін сатылатын көрінеді.
Тілшілер дәл осы сұрақтың жауабын алу үшін, әкімдіктің осы мәселе жөнінде хабардар болған-болмағанын, әрі шаралар қолдануын талап ету үшін келген. Жанжал осы әңгімеден кейін басталды.
Тілшіміз Сәтпаев қаласының әкімдігіне де хабарласып көрді. Алайда, олар ресми ақпарат дайындап жатқанын айтып, біраз уақыттан соң жария болатынын мәлім етті.
Шолушы: Гүлім Жақан