Аққанда,
Сорғалаған із қалдырып,
Жұлдызды кім жіберді ағыздырып?
Қара жер қабылдайды құшақ ашып,
Жұлдызға керек емес,
Көр қаздырып...
Жымыңдап,
Кеше түнде қара аспанда,
Тұр еді,
Жол көрсетіп,
Адасқанға.
Қара ниет қайсы екен,
Қызғаныштан
Жандырып жіберді ме,
Таласқанда?
Жұлдызым,
Қара аспанда сәуле шашқан,
Сейілтіп,
Қайғы бұлтын,
Көңіл ашқан.
Мен сені іздеуші едім,
Жанарыммен
Мазасыз түндерімде ұйқы қашқан.
Тәңірдің өзі қалап,
Гүл еккенін –
Ойладым,
Аспанда деп ел-мекенің.
Жұлдызым,
Білмеппін-ау,
Сөнер кезде
Сенің де тұрағыңды жер екенін...
Тәңірім!
Жұлдыздардай мен де –
Балаң,
Мұңлықпын әр нәрсеге көңілі алаң.
Табынып жүруші едім,
Саған балап,
Сөндірдің жұлдызымды,
Қайда барам?..
Қуаныш МҰҚТАЙ
ақын, қоғам қайраткері
Пікір қалдыру