Алматыда трамвай желілерін алу жұмыстары жалғасып жатыр. Шілде айында 18 көше қиылысындағы рельстер демонтаждалады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда Жароков көшесі мен Тимирязев, Абай, Жандосов, Сәтпаев көшелерінің, Мақатаев көшесі мен Жангелдин, Қалдаяқов, Абылай хан, Панфилов көшелерінің қиылысындағы трамвай желілері алынады.
Сондай-ақ, Төле би көшесі мен Өтеген батыр, Розыбакиев, Тұрғыт Озал, Момышұлы, Тілендиев, Брусиловский көшелерінің қиылысындағы ескірген рельстер алынатын болады.
Қалалық Автомобиль жолдары басқармасы әзірге бұл жұмыстардың қай күні басталатынын хабарлаған жоқ.
Бүгінде Шевченко көшесінің бойындағы Қонаев пен Төлебаев көшесіне дейінгі аймақта, Өтепов көшесінің бойындағы Жароков пен Розыбакиев арасындағы бөліктен, Қонаев көшесінің бойындағы Шевченко мен Қабанбай батыр арасындағы бөлігінде трамвай рельстері алынды.
Жоғарыда аталған қиылыстарда жол қозғалысы шектеулі болмақ.
Қазірге дейін жоспарлы 250 мың шаршы метр аумаққа салынатын жол төсемінің 50 мың шаршы метріне жол төсемі салынған. Жөндеу және құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 9,5 миллиард теңге (шамамен 30 миллион доллар) бөлінген.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, "жолдағы көлік ағынын арттыратын" жұмыстар келесі айда басталады. Алматыда трамвай қозғалысы 2015 жылы күзде, трамвай қатысқан екі жол апатынан соң тоқтатылған. Алматы тұрғындары интернетте қалада трамвайды қолдап қол жинаған. Трамвай қызметін тоқтатуды сынайтындар трамвай қаладағы трамвай депосы орналасқан төрт гектар жерді иелену қажет болғандықтан тоқтатылған болуы мүмкін дейді. Өткен аптада экология белсенділері қала әкімі Бауыржан Байбекке "қала экологиясын, сәулеті мен тарихын жоюға сіңірген еңбегі" үшін грамота тапсырған.
Пікір қалдыру