Алматы әуежайында бірінші ұшу-қону жолы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Жаңа нысанның сапасы ИКАО стандарты бойынша 3В санатына дейін жеткізілмек, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
ҚазАқпарат тілшісінің арнайы сауалына «Алматы халықаралық әуежайы» жедел басқару бойынша атқарушы директоры Абдрасилов Бақытхан жауап берді.
Оның айтуынша, сапалы ұшу-қону жолағын жасауға 6 млрд теңге кетеді.
«Алматы әуежайындағы бірінші ұшу-қону жолын күрделі жөндеуден өткізу кәсіпорынның басты мақсаттарының бірі болып отыр. Оған 6 млрд теңге жұмсалады. Осының арқасында әуежайдың бірінші жолағы сағатына 27 ұшақты ұшырып-қондыра алатын болады. Бұған дейін тек 13 ұшаққа қызмет көрсету мүмкін болатын. Күрделі жөндеу 1 қарашаға дейін жалғасады», - деді Бақытхан Абдрасилов.
Жаңа нысан заманауи жарық дабылымен, радиотехникалық құралдармен жабдықталады. 75 метр қашықтық көрінетін тұман кезінде де ұшақтарды қиындықсыз қабылдайтын болады.
Маманның айтуынша, жөндеу жұмыстары ұшақтардың кестесіне ықпал ете қоймайды.
«Әуежай басшылығы осы мәселені ескерді. Ұшақтардың жаз-көктемгі қозғалысының кестесі осы жөндеу жұмыстарын ескере отырып жасалды. Бірінші ұшу-қону жолы әр бейсенбі сайын 4 сағатқа 10:40-тан 14:40-қа дейін жабық болады. Бұл өз кезегінде рейстердің кестесіне елеулі әсер етпейді», - деді ол.
Айта кету керек, сондай-ақ, екінші ұшу-қону жолағы да профилактикалық жөндеуден өткізіледі.
Пікір қалдыру