Алматыда бірінші жартыжылдықта экономиканың барлық саласында өсім байқалды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жайында қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қалалық әкімдік ұсынған мәліметке сүйенсек, мегаполисте бұл күнде 171,5 мың шағын және орта бизнес субьектісі жұмыс істейді, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында олардың саны 5 пайызға артқан. Қалада салық түсімі де молайған. Республикалық бюджетке 645,2 млрд. теңге түскен, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9%-ға (51,1 млрд. теңге) көп.
Жергілікті бюджетке 184,2 млрд. теңге салық құйылған, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға (15,2 млрд. теңге) артық.
«2016 жылы өңірлік жалпы өнім 2,6% немесе 10,3 трлн. теңгені құрады. Үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде экономиканың барлық салаларында өсім байқалады: бөлшек сауда 6,8%-ға, көтерме сауда 0,7%-ға, өнеркәсіп 4,7%-ға, құрылыс 0,7%-ға, байланыс 4,9%-ға, ауылшаруашылығы 62,8%-ға артқан. Тұрғын үй салу 15,6%-ға, инвестиция көлемі 235,7 млрд. теңгеге өсіп, 12,2%-ға ұлғайған. Инфляция 3,6%-ды, республикада 3,7% құрайды», делінген хабарламада.
Жалпы, 2017 жылғы қала бюджеті 542,4 млрд. теңге. Өткен жылы үнемдеудің арқасында жергілікті бюджет 33 млрд. теңгеге, яғни 50%-ға артты. Өткен жылмен салыстырғанда жолдарды жөндеу мен құрылыс салуға 2,8 есе, ал инженерлік желілерге 1,9 есе, абаттандыруға 2,7 есе көп ақша бөлінген.
Пікір қалдыру