Алматы әкімі Бауыржан Байбек Наурызбай ауданындағы №36 жаңа емхананың ресми ашылуына қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа медициналық мекеме бір уақытта 500 адамға қызмет көрсете алады.
Денсаулық сақтау нысанын «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Завод Электрокабель» ЖШС компаниясы салды.
Жаңа емхана алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қатар диагностикалық құрылғылармен жабдықталған.
Атап айтқанда, тікішек қатерлі ісігі мен асқазан ауруларының белгілерін анықтайтын скринингтік зерттеу аппараттары, рентген диагностикасы жабдықтары бар. Офтальмология, оториноларингология кабинеттері ашылған.
Күзде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін сауықтыру кабинеті жұмыс істейтін болады. Емханада электронді тіркеу, Call-орталық пен Наурызбай ауданының тұрғындары үшін жедел медициналық бригада қызмет көрсететін болады.
Айта кету керек, жақында Қалқаман ықшам елдімекенінде 200 адамға арналған тағы бір емдеу мекемесі, Таусамалы ауылында 500 адамға қызмет көрсететін емхана салынады.
Сонымен қатар қала әкімі Бауыржан Байбек салынып жатқан 1200 орынды мектеп пен аудандық әкімдік, ХҚКО, АХӘТ, прокуратура, сот орналасатын әкімшілік кешеннің құрылыс барысын тексерді.
Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, бұл нысандардың барлығы осы айдың аяғына таман дайын болмақ. Қазіргі кезде мұнда ішкі әрлеу мен абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Биыл Наурызбай ауданында ұзындығы 107,5 шақырым болатын су және 81,2 шақырым болатын су айыру жүйесі, Таусамалы, Таужолы, Шұғыла, Тастыбұлақ, Акжар, Құрамыс, Қарғалы, Жайлау Ақсай, Қарғалы елді мекендерін орталықтандырылған таза сумен қамтамасыз ететін әрі су тазалайтын Ақсай және Қарғалы су стансалары салынып жатыр. Ұзындығы 24,4 шақырым болатын кәріз коллекторын салу жоспарланған.
Ауданның жол желісінде де қызу жұмыстар жүріп жатыр.
Абай даңғылын Қалқаман елдімекенінің Әуезов көшесінен қала шекарасына дейін жеткізу, Жандосов көшесін Саин көшесінен Таусамалы ауылына дейін жаңарту, Қалқаман және Алты алаш елді мекендерінде 30 көшені жөндеу, 33 жол салу басталып кетті.
Қарғалы өзенінің арнасына ұзындығы 7,7 шақырым бетон конструкция төселген соң, оның айналасы абаттандырылады. Жасыл желек, гүлзарлар отырғызылады. Шағын архитектуралық формалар қойылып, балалардың ойын алаңдары жасалады, жаяу жүргінші жолы салынып, жарық көздері орнатылады.
Пікір қалдыру