Батыс Қазақстан Облысында екпеден 922 отбасы бас тартқан

/uploads/thumbnail/20170726120022907_small.jpg

Елімізде бала дүниеге келгеннен бастап, 16 жасқа дейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе алады. Әрине бұл екпелердің көбісі ерікті, алайда бірқатары міндетті болып келеді.

 Вакциналық екпе егуге байланысты қазіргі қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Жалпы Вакцина – белгілі бір инфекцияны жоюға бағытталған микроағзалардан жасалатын препарат. Еліміздегі өндірісте вакцинаны жасаған кезде қатаң бақылауға алып, зиянды инфекциялардан қорғайтын қасиетін сақтап, артық және зиянды дәрілерден толықтай тазартылады. Одан кейін препараттың қауіпсіздігі зертханалық және клиникалық тексерулерден өтеді. Негізінде, вакцина вирусты аурулардың алдын алады. Облыстық денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, екпе ауруды мүлдем болдырмайды деген қате түсінік екен. Вакцина – аурудың жеңіл өтуін ғана қамтамасыз етеді және кеселді асқындырмайды. Сондай-ақ облыста екпеге қарсы отбасылар саны да көбейген. Облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың мәліметінше, өңірде екпе егуден  922  отбасы бас тартқан. Сондықтан сала мамандары  екпе ектірмеген  ата-аналармен кездесулер ұйымдастырып, мониторинг жүргізген. Нәтижесінде  ата-аналардың бас тартуына 88,7 % діни сенім әсер етсе, 11,3 %-ы вакцинаға сенімсіздік танытқан. Діни басылымдарға көз тастасақ,  Құран Кәрім мен Пайғамбар сүннетінде аурудың алдын алуға қарсылық келтірілмеген. Хадисте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Кімде-кім ерте тұрып, құрма жейтін болса, сол адам аурудың алдын алады», – деген екен. Бұл жерден ислам дінінде аурудың алдын алуға маңыз берілгенін көруге болады. Денсаулыққа көңіл бөліп, салауатты өмір сүруді насихаттайды. Бұдан басқа, жыл сайын қажылық кезінде Сауд Арабиясына барғандарға ауру жұқтырып, сырқаттанбауы үшін әуежайда вакцинамен екпе жасалатынын айтуға болады. Яғни, нағыз мұсылман елі деп есептелетін Сауд Арабиясының өзінде вакцина жүргізіледі. Сондықтан, екпені қабылдап, аурудың алдын алу да ислам дініне сай нәрсе екені анық.

Сонымен қоса елімізде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық тексеріп-қарауды жүргізу ережесін бекіту туралы»  бұйрығына  сәйкес 0-18 жастағы балаларға профилактикалық  тексерулер жүргізілуде. Биылғы жылдың жеті айы бойынша облыста 0-17 жас аралығындағы 137 616 бала профилактикалық тексеруден өтсе, 16,7% баланың ауруы  ерте анықталып, 11,7 %-ы диспансерлік есепке алынып, 72,3%-ы  сауықтыру емін  қабылдаған.  

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар