Бүгінде қант диабеті ауруының қарқынды өсуі денсаулық сақтау мамандарының өзекті мәселелеріне айналып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке сүйенсек, Батыс Қазақстан облысы бойынша 8605 тұрғын аталмыш сырқатқа шалдықса, оның 3617-сі ауыл тұрғындары екен.
-Қант диабетімен сырқаттанатын науқастарға облыс көлемінде жеті қалалық және 12 аудандық емханада мамандандырылған алғашқы көмек көрсетіледі. Сырқаттанушылардың 23-і жасөспірім болса, 63-і бүлдіршіндер. Қант диабетін ерте анықтау мақсатында 40-64 жас аралығындағы өңір тұрғындары скринигтік тексерістен өтіп тұрады. Сырқаттың алдын алу үшін әр адам белсенді түрде салауатты өмір сүру салтын ұстанып, дене шынықтырумен шұғылданып, дене салмағын қадағалап тұруы керек. Егер бұл дертке шалдықса, науқастың психологиялық-эмоциялық жағдайы бірқалыпты болуы шарт. Биыл 40-64 жас аралығындағы тұрғындардың 86,8%-ы скринингтік тексерістен өтті,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғали.
Сала мамандарының мәліметінше, бұл дерт қандағы қант мөлшерінің шамадан тыс көбейіп кетуінен пайда болады екен. Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Инсулинсіз ағза қант түйіршігін өңдей алмайды. Содан соң қанның құрамында қант мөлшері артады. Дертке шалдыққандарға статистикалық мәлімет жүргізсек, бұл дерт жас таңдамайтын болып шықты. Сырқаттанушылардың арасында бүлдіршіндер де, кемел жастағылар да, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер де бар. Диабеттің 1-типтік түрі инсулин өндіретін асқазан безінің реакциялары бұзылған жағдайда пайда болады екен. Облыстық денсаулық сақтау басқарма мамандарының айтуынша, дерттің пайда болуына адамның аз қимылдауы, шектен тыс салмақ қосуы, ұн өнімдерін көп пайдалану, майлы және қуырылған тамақтарға құмарлық, түрлі вирустар, жеткілікті түрде ана сүтін ембеу, тамақ пен суда токсиндердің болуы әсер етуде. Айта кететін мәселе, диабет дерті асқынып кетсе, қан тамырларының зақымдануына алып келеді. Кейін адам ағзасындағы бүйрек жұмыс істеуін нашарлатады екен.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру