Жуырда көпбейінді қалалық ауруханасына Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері, профессор Эдуард Галлямов, медицина ғылымының кандидаты Светлана Галлямова және Ақтөбеден келген медицина ғылымының докторы, профессор Владимир Котлобовский урология, гинекология және хирургия бағыттары бойынша келіп, шеберлік сағатын өткізді.
Жоғары білікті дәрігерлер қалалық аурухананың науқастарын бақылауға алып, лапароскопиялық, эндовидеохирургиялық ота жасаудың жаңа тәсілдерін көрсетті.
Мамандардың айтуынша, лапароскопия және эндовидеохирургия – науқастың ішкі ағзасына ота жасау үшін тілік жасамай емдейтін хирургияның жаңа әдісі болып табылады. Бұл тәсілмен ота жасалған емделуші бір-екі күн ішінде аяққа тұрып кетеді екен.
– Бұған дейін Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды қалаларында болып, өз тәжірибеммен бөлістім. Енді Орал қаласына да кезек келді. Алдағы үш күн ішінде сегіз лапароскопиялық ота жасамақпыз. Кез келген науқас онсыз да ауырып, мазасы кетіп тұрған соң, ең жеңіл тәсілмен ем алғысы келеді. Ал лапароскопиялық технология арқылы науқастың денесін ешбір тілусіз емдеуге қол жеткіздік. Тек бір-екі жерден көлемі 0,5-1,5 см болатын тесіктер жасаймыз. Бұндай тәсіл емделушінің қалыпты жағдайға келуін тездетеді. Сонымен қатар дәрігерге ағзаның суретін үлкен әрі анық етіп көрсететін эндовидеохирургияда қолданылатын ең жаңа 3D форматтағы видеожүйе отаның қауіпсіздігін одан әрі арттырады, – дейді Эдуард Абдулхаевич.
Аталған ауруханының директоры Арман Қалибековтың айтуынша, жергілікті дәрігерлер де ота жасау процесіне қатысып, жаңа әдіс туралы білім-білігін арттыруда. Ал қалған мамандар аурухананың мәжіліс залында отырып, отаны 3D форматты теледидардан бақылаған. Оларға лапароскопиялық «Karl Storz» аппаратымен жұмыс жасауды үйрету үшін мулляждарға ота жасатып көрсеткен.
– Негізі бізде мұндай операциялар жасалып жүр, алайда ғылым бір орында тұрмайды. Әсіресе медицина саласында жаңа әдістер жиі пайда болып жатады. Сондықтан халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып тұру өте маңызды, – дейді Арман Талғатұлы.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру