«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі 3 миллионыншы мейманын күтіп алды. Мәртебелі мейман болу бақыты РФ азаматы, «Орта және шағын экспортшылардың еуразиялық қауымдастығы» директоры міндетін атқарушы Юрий Щурыгинге бұйырды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«ЭКСПО-2017» көрмесінің басты операциялық орталығының қызметкерлері көрменің 4 кіру есігін қадағалап отыр. Көпшілік бақылап отырған жаңалықты жарты сағат уақыт күтуге тура келген. Ақыры билеттің соңғы 4 нөмірі арқылы көрме қызметкерлері 3 миллионыншы келушінің кім екенін анықтады. Ол көрменің Орынбор көшесі жағында орналасқан есіктен кірді.
Әлемдік дәрежедегі халықаралық көрменің 3 миллионыншы келушісі болу бақыты Ресей азаматы Юрий Щурыгинге бұйырған екен. Мейман Мәскеуден «Еуразия аптасы» шарасына арнайы келген.
«Мұндай сәттілікті күткен жоқпын, әлбетте. «Еуразиялық апта» шарасынан қашып кетіп, көрмеге келген бетім. Күні кеше ғана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне кіріп, Қазақстанның павильонына кіріп шыққан едім. Бірақ Ресейдің павильонын тамашалап үлгере алмай кеттім. Осы себепті көрмеге қайта келген бетім. Қазақстанға төртінші рет келіп отырмын. Әртүрлі өңірлерден кәсіпкерлерді әкеліп, серіктестерді алып келген едік. Қазақтың ұлттық тағамдарын өте жақсы көремін», – дейді көрменің 3 миллионыншы келушісі.
Жолы болған мейманды ЭКСПО басшысы Ахметжан Есімов құттықтап, көрменің символы мен планшет сыйға тартты.
«3 миллионыншы мейман келді. Осы аптаның соңында келетінін күтіп отырғанбыз. Көрмені тамашалаушылардың саны көбейіп келеді. Үш миллионшы мейманды 21 күн күттік», – деді Ахметжан Есімов.
Еске сала кетсек, халықаралық көрмеге 2 миллионыншы келуші 4 тамызда келген болатын. Орал қаласының Ғайса Жұмалиев атты кәсіпкері көрменің 2 миллионыншы мейманы атанып, оны «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов құттықтаған еді. Мәртебелі мейманға планшет, құлаққап пен көрмеге лимитсіз билет сыйға тартылған болатын.