Ұлттық Ұланның ең бірінші түлектері Шекара академиясында бас қосты

/uploads/thumbnail/20170826123734166_small.jpg

 

Өткен 18-ші тамыз күні елдігіміздің тірегі, атамекен жеріміздің, ел шебінің сақшылары шекарашылар өздерінің төл мерекелерін атап өтті. Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толды. Осы мерейлі мерекеге орай Алматы қаласындағы Шекара академиясында айтулы шара өтті. Оған Ұлттық ұланның бір топ жоғары лауазымды офицерлері де арнайы барды. Оның себебі де төмендегідей болатын, ол жөнінде аз-маз тарих қойнауына сүңгігенімізде жөн.

Халқымызға үлкен қуаныш сыйлаған тәуелсіздікті иеленген кезімізде өтпелі кезеңнің уақытша қиыншылықтарының құрсауында қалғанымыз әлі есте. Әскери білім беру саласы да үлкен қиындықтарға тап болды. Сол тұста бүгінгі Ұлттық ұлан, кешегі Ішкі әскер ведомствосы офицер кадрлармен жасақталуы да аса өзекті мәселе болды. Өйткені, күш-қуат органының өзіндік маман дайындайтын бүгінгі Петропавлдағы Әскери институты ашылмаған болатын.

Сол тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Алматының Жоғары командалық шекарашылар училищесі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты деп атауын өзгертіп, келешектегі тағдырларын әскери қызметпен байланыстырғысы келетін жастарымызды қабылдады. Сол оқу орнының ішінде Ішкі әскерлер факультеті құрылып, жұмыс істей бастады.

Мінеки, биыл сол факультеттің ең алғашқы түлектерінің оқуларын тәмамдап, ел мерейі жолында қызметке араласқандарына да үстіміздегі жылы бақандай 20 жыл толды.

Шекара қызметінің 25 жылдық мерейтойына арналған жиынға арнайы келген ұландық қонақтарда сол осы оқу орнының Ішкі әскерлер факультетінен ширек ғасырға жуық бұрын қанат қаққан азаматтар еді.

Иә, өмір деген желіп, жортқан тұлпардай ғой. Тіпті, көз ілеспес сәуледей жылдам шығар. Сол, бүгінгі елуді алқымдап қалған ел ағалары да кеше мұрты тебендеп, арман қуып Алматыға жеткен жоқ па, осында асқақ мұраттарына жетіп, иықтарына алғашқы офицерлік шендерін тағып, елге қызмет етуді бастаған еді-ау. Әрине, елдегі барша шекарашылар бұл шаңырақты «альма-матер» деп қастер тұтса, ұландық осы азаматтарда бұл орынды құрмет тұтады. Өйткені, олардың буындары осы жерде бекіді, офицерлік жолдарының негізі осында қаланды.

Қысқаша ақпарат беріп өтсек, аталған факультетті ең бірінші түлектері 1997 жылы бітіріп шықса, оқу бөлімшесі 2005 жылға дейін толыққанды қызмет атқарып, 9 мәрте түлектерін ұшырып, бас-аяғы 700-ден астам азаматқа офицер мамандығымен өмірге жолдама берген. Олар бүгінгі таңда Ұлттық ұлан мен өзге де еліміздің күш-қуат құрылымдарында сабында ел мерейі жолында абыройлы қызмет атқарып келеді. Мәселен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылық құрамының 40 пайызы аталған оқу ордасындағы Ішкі әскерлер факультетін тәмамдағандар.

Жиырма жыл бұрын осы оқуды тәмамдағандардың арасында қазір Елбасының қолынан генерал жоғары әскери шенін алғандар да, Ұлттық ұланда жоғары лауазымды иеленіп отырған азаматтар да баршылық. Оларды атап өтер болсақ, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов - ҚР ҰҚК Әскери институтының Ішкі әскерлер факультетінен 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлек. Оқуын озат оқып, институтты қызыл дипломға бітірген офицер бірегей білім ордасының қабырғасында-ақ өзінің ел таныған азамат боларын сол кезде-ақ аңғартқан. Қайрат Михаилұлы алғашқы курстың старшинасы болып, соңғы курстың өзінде кіші лейтенант шенін иығына таққан ақиық офицер. Жалпы, алғашқы курстың өзге де офицерлер құрамы «сен тұрда, мен атайын» дейтін сертке берік, сыралғы азаматтар, Ұлттық ұландағы жоғары лауазым иелері. Әрине, лауазымда білімнің, көрегенділіктің, қарымды қабілеттің арқасында келері хақ. Бұл жағынан ҰҚК Шекара академиясы әскери салада білім беру ісіндегі үздіктердің үздігі екені анық. Сондай-ақ, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бас басқармасының бастығы полковник Қ.Беляков, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы полковник Д.Бочаров, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы полковник Е.Логин, бригада командирлері Б.Казкеев, А.Садықовтарды атап өтуге болады. Араларында тағдырларын әскери білім беру саласымен ұштастырған К.Цхай, Н.Корнилов, М.Карбозовтарды, әр жылдары әскери бөлім командирлерінің орынбасарлары болған подполковниктер Т.Әбікешов, А.Ташев, майор О. Батталов және тағы өзге азаматтарды да айтып өткеніміз жөн.

Шекара академиясында өткен салтанатты жиынға Ұлттық ұлан тарапынан келген қонақтардың арасында Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев мырза да қадірменді қонақ ретінде қатысты. Өйткені, аталған тұлға сонау 1993 жылы ҰҚК Әскери институтының құрамында Ішкі әскерлер факультетін жасақтауға етене атсалысып, сол істің ұйытқысы болып бас-қасында жүрген адам. Әрі факультеттің алғашқы бастығы болып, оны үш жылдан аса басқарған болатын.

Салтанатты шара барасында сөз алған генерал-майор Қалиақпар Жұбанышұлы: «Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ елі ғасырлар бойы ата-бабамыз арман еткен ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын күзетіп жүрген шекарашылар, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік шекарамызды қорғауда. 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Респубикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Үкімімен құрылған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне 2017 жылдың 18 тамыз күні 25 жыл толып отыр. Баршаларыңызды осы мерейтоймен құттықтаймын. Сондай-ақ, сол кездегі факультеттің алғашқы басшысы ретінде, жүктелген жауапты жүкті мақсатты түрде орындауға бар күшімізді жұмсадық. Әр жылдары факультетке жемісті басшылық жасаған: полковник А.Өтеғалиев, подполковник А.Тоқтасынов, полковник Ю.Вайгандт, оқу дивизиондарын басқарған: полковниктер Қ.Құрманғалиев, А.Маркитян, Е.Исембаев, кафедра оқытушылары полковниктер: К.Серікбаев, Ю.Груденко, А.Быстров, А.Ахметшин, Е.Құлбаев, В.Мезин, Г.Шабанов, А.Крашенинников, М.Оразбеков, Л.Гусев, С.Салий, подполковник М.Гусева, майорлар Ю.Остапенко, А.Валиев, каптандар А.Анчуков, А.Малахов және тағы басқа да оқытушалар құрамының еңбектері айрықша. Біз осы өз ісіне адал осы азаматтардың арқасында сындарлы сәттерден сүрінбей өттік. Мен олардың баршасына өз алғысымды айтамын», - ізгі құттықтауын білдіріп, өткен күннен қалған ізгі естеліктерімен бөлісті.

Мұнан кейін салтанатты шараның төріне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов көтеріліп ыстық құттықтауын білдірді. Лауазымды тұлға өз сөзінде: «Елбасымыздың жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында қасиетті шекарамызды толықтай бүтіндеп алдық. Ел іргесі мығым. Заманымыз тыныш. Осынау берекелі де мәнді өміріміз ұзағынан болғай деймін. Мерейлі сәт құтты болсын. Отанымыздың тыныштығы мен Мемлекеттік шекарамыздың беріктігін қамтамасыз етуге қыруар еңбек сіңірген шекарашыларымызды өз атымнан айтулы мерейтойымен құттықтап, қастерлі қызметтеріне сәттіліктер тілеймін. Сонымен қатар осы мерекеге орай Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Фатихұлы Жақсылықовтың арнайы бұйрығымен Академияның бірқатар ардагер профессорлық-оқытушылар құрамы марапатталған болатын, сол марапаттарды тапсыруға рұқсат етіңіздер», - деп атап өтіп, құрмет иелерін сахна төріне шақырды. Өз кезегінде Ұлттық ұланның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы полковник Қанат Беляков мырза Бас қолбасшының бұйрығын жиналған қауымға жеткізіп, марапат иелері өңірлік қолбасшылық қолбасшысы қолынан сый-құрметтерін алды. Қазіргі күні білім беріп жүрген ұстаздар қауымы да, әрі ардагер оқытушылар құрамы да сыйлықтардан құр қалмады. Бас қолбасшының атынан кеуде белгілерімен, Ұлттық ұлан символикасы бар бағалы сағатпен, сондай-ақ Ұлттық ұланның шежіре тарихы жайлы жазылған кітаппен, басқа да бағалы сыйлықпен марапатталды.

Шекара академиясының бастығы полковник Павел Поливанов әріптестеріне тығыз ынтымақтастықтары үшін және жемісті жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Атап айтарлығы, салтанатты шараға арнайы қатысқан алғашқы курстың айтулы барша азаматтары реттілік танытып, жиын шарасының алдында алдымен 28 панфиловшылар саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтырын қойып, ел үшін ерлікпен от кешкен барша қаһармандар рухына тағзым жасады. Ал жиын шарасынының соңында курс «жігіттері» өздері құлын-тайдай тебісіп, әскери білімнің қайнарынан сусындап, осы қабырғада талай қызықты жайттардың куәгері болған казармалары мен оқу ғимараттарын аралап, өткен күннен қалған естен кетпес күндерін еске алды.

Атап өту керек, Шекара академиясында өткен салатантты шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының атынан «Генерал» музыкалық тобы да қатысып, көрермендерге ұмытылмас көңіл күй сыйлады. Қорыта келгенде, өткен күнге саяхат жасап, бүгінгі күнді електен өткізуге толықтай мүмкіндік берген бұл кездесу оған қатысқандардың есінде мәңгі қалары сөзсіз.

Майор Арман Әубәкіров

Алматы қаласы

Қатысты Мақалалар