Ұлттық мәдениетте көркем әдебиет айырықша мәнге ие. Әсіресе, бүгінгі өмір қырларын суреттейтін шығармалар өз оқырманын табатынына күмән жоқ. Атап айтуға тұрарлық бір жаңалық, соңғы жылдары қарапайым адамның тіршілігі, қала өмірі, соның ішінде жастар жайы, арман-қиялы, махаббат, жанұя, ата-ана мен балалардың, туыстар арасындағы қарым-қатынасы тағы басқа мәселелер. Әңгіме жанры бүгінгі күрделі өмірдің әр саласын қамтуда. Тақырып өрісі кеңею үстіне қызықты хикаялардың психологиялық астарына көп мән беріледі. Адамдарымыздың күнделікті өмірін суреттей отырып, құлықтылық, мораль сияқты проблемалар көтеруге тырысады. Жас жазушы Ерболат Әбікенұлының «Пәтер іздеп жүр едік...» («Таң шолпан», 2008) атты әңгімесінің атынан-ақ көрініп тұрғандай, күрделі әлеуметтік проблеманы көтерген. Бүгінгі нарық заманының рухани және мәдени дағдарысы суреттеледі. «Аш бала, тоқ баламен ойнамайдының» кері келіп, жеке меншік пиғыл білгенін істейді. Жан ашу, әділеттілік адыра қалды.
– Пәтер бар ма, апай?
– Бір қыз керек.
– Пәтер бар ма, ағай?
– Бір жігіт керек.
– Екі қыз керек.
– Келіншегім екеуіміз тұрсақ бола ма?
– Болмайды, келіншегіңнің жанына бір қыз қос, өзің басқасын жалда.
– Жас отау керек.
– Біз жас отаумыз, – қуанып кетіппін, дауысым қатты шығып кетті?
– Онда естіп ал, елу мың теңгеден жүз елу мың теңге үш айдың ақшасын алдын ала тапсырасың.
- Бөліп тапсырса ше?
- Онда барыңдар ары. Жоғарыдағы диалог қазіргі заман сыйқын дәл бейнелейді. Тек мұнда бір айтатын нәрсе, Қытай ойшылы Лао Цзы: «Кедейлік елдегі барлық тәртіпсіздіктің тамыры» дегендей, жастар аспаннан байлық күтпей, еңбек жасау, қиыншылықтарды жеңуде табанды болу керектігін ұмытқан. Әңгімеде кейіпкерлердің жас отау екенінен өзге мәлімет кездеспейді. Қалтасы көтермесе де, Алматыда, кең үйде тұрғысы келеді. «Құдай аямаған адамды мен де аямаймын», – дейді қазақ. Қазақ елінің жас буыны «Алматыны айнала» бермей, Қазақстанның әлі де жұмыс қолға, маманға тапшылық көрсетіп отырған өңірлеріне тез арада аттанып, білек сыбана жұмыс істесе, ақша да табылып, кейін Алматы, Астана төрінен бір-ақ шығарады деген ой ұялатады талданып отырған әңгімеден. Нарық бәсекесі жеке адамнан тұлғалық қайрат талап етеді. Қайыршыдан тұлға шықпайды. Себебі ол әлеуметтік сапасын әлеуметтік нормалардан тыс, мәдени дәстүрді ұмытқан адам. Жазушы Ерболат Әбікенұлының «Желтоқсан ызғары» («Жалын» журналы,2010) атты әңгімесі осыған айғақ.
«Автобустың іші сиыр оқыралағандай дүрлігіп кетті.
. – Мынау алқаш қайдан пайда болып кетті, ей, өзі.
– Құсығы неткен сасық еді кәпірдің.
– Ұят-ай, ә.
– Смотреть противно!
– Выгони его!
Еңгезердей екі орыс сүрепеті кеткен бомжды алдыңғы жақтан екі құлағынан ұстап, суырдың айғырынша шыңғыртып сүйреп алып шықты да, артқы есіктен лақтырып жібермекші болып еді. Үлгіре алмады. Автобус қозғалып кетті. Бүйірден ыңқ-ыңқ еткізіп екі тепті де, ең артқы қатарда отырған менің қасыма лақша лақтырды». Бұл әңгіме – этюд. Шағын көлемді шығарма. Тақырыбы 1986 жылы Қазақстанда орын алған саяси оқиғаларға арналады. Яғни, Кеңестік мемлекет жүйесі ыдырауына алғашқы оқиғалардың бірі болған Алматы алаңындағы қазақ жастарының көтерілісі. «Желтоқсан ызғарында» әңгіме кейіпкері сол желтоқсан оқиғасына қатысып, зардап шеккен адамның портреті. Әңгіменің алғашқы жолдарынан-ақ орыс шовинистерінің жағымсыз, отаршыл, бұзық бейнесі беріледі. Шығарма антитеза принципіне құрылған. Желтоқсан құрбандарының ерлігі қазақ халқының жадында үнемі сақталуға тиіс және ұмытылмайды да. Бірақ жеке адамның ерекше азып-тозып, маскүнемге айналғаны жол емес. Ерболат оны «бомж» деп орыс сөзімен атайды. Қазақ баламасы – баспанасыз жүрген қаңғыбас қайыршы. «Азат» есіміне мүлде сай емес. Өйткені, жас кезінде моральдық және физикалық көп соққыға ұшыраған жігіттің сағы сынған. Еңсесін көтеруге күш таппаған ол, өзінің кәріптігін орыстардан көреді. Арада 25 жылдан астам уақыт өтсе де, кездескен бейтаныс жас жігітке ішіндегі мұңын тарқатады. Әңгіме натуралистік аюандық суреттерден ада емес. Автобустағы жас жолаушы Азаттың жан түршігер әңгімесін тыңдап алып, оқырманға жеткізуді жөн көрді. Дұрыс. Дегенмен, ол өзі бұл жағдайдан қандай сабақ алды екен деген сұрақ туады. Адам үнемі өзгерісте болуы керек. Нарық еркін қимыл талап етеді. Алматыда, Қазақстанның өзге өңірлерінде де тағдыр қиыншылықтарынан тауқымет тартқандар баршылық. Адам өзгергісі келмесе, оған өзі де кінәлі. Ал автордың кейіпкерлері (талданып отырған екі әңгімеде) кінәні басқа (орыс, ұйғыр) ұлт өкілдеріне артады. Әңгіме кейіпкерлері – кембағал кісілер. Бұл орысша айтқанда, «уходящая натура», яғни өмір қиыншылықтарына мойынсұнған бейшара боркемік адамдар.
Жалпы Ерболаттың әңгімелерінің тілі өткір, қозғаған тақырыбы ұтқыр, қиялы ұшқыр. Не жазсада сүзгіден әбден өткізіп барып жазатындығы көрініп тұр. Кез келген деталдан ой өрбіте алады. Кез келген материялдың керекті жерін талдап ала алады. Оны болашақта көре жатармыз. Әйтеуір біршама сынасамда өз қатарының алды екендігіне шүбә келтірмеймін және де зор үміт артамын.
Гүлнар Шериазданқызы Елеукенова, филология ғылымдарының докторы.
Пікір қалдыру