Армысыз, ардақты ағайын!
«Әуелі сөздің басы бісміллә, Бісміллә демей іс қылма». Қарашаның 19-ынан бастап Қазақияның интернет торына біздің сайт та ұясын салмаққа ниет етті. Түп мақсатымыз түген еді, бет бағдарымыз былай еді деп құпиясын қазбалайтындай қыртысы қалың, қатпары терең сайт емеспіз.
Мақсатымыз жалғыз. Қазақ өнерінің мандайына біткен жалғыз айы бітімдес айтыс өнерін насихаттау. Мүддеміз баяғы. Елдіктің керегесіне көз болу, шаңырағына уық боп шаншылу. Өзі өзге жұрт жердегі тар тесікке доп сыйғызып, құс таластырып, ит ырылдастырып жатқанда, қазекем сөз жарыстырды.
Ақыннан ойды өлеңмен өрнектеген суырып салмалықты, ал тындарманнан әр сөздің мағынасына бойлауды талап еткен айтыс расында өнердің атасы деуге лайық. «Қазақ қандай?» десең, «міне осындай» деп көрсетер асылымыз деп... ағылшынға айтып жатқан жоқ екенбіз-ау.
Қазақ баласының айтысты білмейтіні кем. Көреді. Тыңдайды. Күтеді. Айтыскерін алақанға салып құрметтейді. Айтыстың қазір қалпы, лексиконы, мақамы өзгерген шығар-ау, бірақ жұрттың оған деген ықыласы бәз баяғы қалпында.
Ал ықылас, сағыныш һәм сұраныс бар жерде біздің сайтта не жазамын, не көрсетемін деген мәселе туа қоймас. Бастысы, мұнда басты телеарналардан көрсетуге табу қойылған айтысты тамашалайтын боласыздар. Бағзы заманнан бүгінге дейінгі айтыскерлер буынының толық дерегін табатын боласыздар.
Жас айтыскерлердің қым-қуыт тіршіліктің қуанышы мен қайғысына, үміті мен күдігіне қатысты буын шығарып отырамыз. Саяси айтыс, сатира айтыс дейсіз бе, айтыстың формасын байытып, жастарға жол күреп, онлайнда да, оффлайнда да қызметіміз айтысты айтудан жалықпау болмақ.
Ә дегеннен қағазда бәрін қатырып тастауға асықпалық. Аяқ алысымызды аңдып көрерсіздер. Бірақ, тілеулес болғандарыңызды қалаймыз. Айтыс өнеріне бей жай қарай алмайтын барлық азаматтарды ортақ іске ат салысуға шақырамыз! Ендеше, бүгіннен бастап бізге де көз қиығыңызды сала жүріңіз!
http://kazaitys.kz/ ұжымы
Пікір қалдыру