Қазақ кино өнеріне әлі күнге дейін қабырғасы қатпаған балаң өнер түріне қарағандай таптаурын көзқарастан арыла алмай келеміз. Қазақ киносы жас емес. Ол өсудің, дамудың, қалыптасудың талай-талай асуларынан асты. «Ленфильммен» бірігіп түсірген алғашқы көркем фильм «Амангелдіден» бері қарайғы уақытта қазақ кино өнері кәсіпқой мамандармен толыға түсті. Талай-талай режиссерлер мен сценаристер Мәскеуде, Ленинградта жоғары білім алып, Ресей кинематографистерінің шеберлік шыңдау мектептерінен білім мен тәжірибе жинақтап, қазақ киноөнері өз алдына отау тігіп, күні бүгінге дейін жүздеген көркем ленталарды дүниеге әкелді. Олардың біраз бөлігі бұрынғы одақтық, қала берді, әлемдік экрандарға жол тарта бастады. Халықаралық кинофестивальдерге қатыса қалған «Қазақфильм» туындылары өзгелерден оза шауып, қомақты жүлделерді иелене бастады. Демек, қазақ киноөнеріне мешеу балаға қарағандай көзқарастан арылып, жетілген, уақыт жағынан алғанда тарлан ашатын жасқа жеткен, киноөнеріне қойылатын ең жоғарғы талаптардың қандай түрін артсаң да белі қайыспай көтеретін кезге жеткенін есте ұстауымыз керек. Әсіресе, Қазақ елі Тәуелсіздік туын көтерген кезден бастап, қазақ киноөнері де идеологиялық құрсаудан босап, өз жолын өзі таңдайтын, өз қолындағы кинокамераның объективін біреудің нұсқаған жағына емес, өзінің қалаған жағына бұра алатын еркіндікке ие болды.
Тәуелсіздік алып, Тәуелсіздік рухы санамызға жайғасып, оң-солымызды таныған шақта қазақ киногерлерінің алдынан үлкен бір сұрақ атой салып шыға келді. Ол сұрақ: «Біз кімбіз осы? Қайдан шықтық? Қандай оқиғаларды бастан кешірдік? Мемлекеттіліктің ірге тасы қашан қаланған? Қазақ хандығы қашан құрылды? Оның басында кімдер тұрды? Кімдермен жауластық, кімдермен жаға жыртыстық? Жарты Еуропа еркін сыйып кететін мына Қазақия даласына біз қалайша ие болып қалдық? Бүгінгі таңдағы зайырлы мемлекет дәрежесіне қалай қол жеткіздік?». Осы және басқа да толып жатқан сауалдар қазақ киногерлерінің алдына үлкен міндет жүктеді. Аға буыны, орта буыны, «Жаңа толқын» деп аталатын жас буыны бар режиссерлеріміз жұрт шөліркеп отырған тарихи тақырыпқа жан-жақтан кірісе бастады. Сондай ізденістердің нәтижесінде қазақ киноқоры бірнеше туындылармен толықты. Әуелі экранға жарнамасы жер-дүниені жаңғыртқан «Көшпенділер» шықты. Күллі Қазақ елінің басын біріктіріп, ежелгі дұшпанға ойсырата соққы беріп, Қазақ мемлекеттілігінің іргесін нығайтқан айлалы да ақылман Абылай ханды экраннан көреміз деп асыға күткен көрерменнің үміті су сепкендей басылып, ұялғаннан жер шұқып қалды. Досхан Жолжақсыновтан басқа бір де бір қазақ актері қатыспаған (онда да қалмақ Шарыштың рөлінде) киноны қазақ киносы деп атауға болатын ба еді? Оның әуелгі режиссері америкалық (Голливудтан), ол бәріне қолын бір-ақ сілтеп келген ізімен кері қайтып кеткен соң орыс режиссері С.Бодров жалғастырса, Абылайдан бастап басты рөлдер шетінен шетелдік актерлерге берілсе, сценарийін жазу Әзербайжан драматургіне тапсырылса, қосалқы режиссер болып тарихтан мүлдем бейхабар Т.Теменов бекітілсе, ол киноның жұртты жерге қаратудан басқа «лажы» жоқ екені әу бастан-ақ белгілі болатын. Егер дәл осындай мол қаржымен дәл осындай, айталық, «Иван Грозный» фильмі түсірілген болса, ең әуелі бүкіл орыс қауымы өре түрегеліп, кино сыншылары оны тас-талқан етіп сынап, мемлекеттік Думаның кейбір депутаттары мен православтық шіркеу қызметкерлері киножасаушылардың ісін заң орындарына тапсырып, бас-аяғы екі-ақ серияға кеткен көл-көсір қаржыны мемлекетке қайтаруды талап еткен болар еді. Отыз сериялы «Шыңғыс хан» фильміне қытайлықтар 16 миллион доллар жұмсаса, біздің киногерлердің балаларға арналған екі сериялы «Көшпенділер» деп аталатын блокбастердің құны 36 миллион доллар екен. Ұяттан басқа берері жоқ кинолентаға ұялмай осынша қаржы жұмсаппыз! Тарихи шындық атаулыдан жұрдай, көркемдік құндылығы жоққа тән фильмді, өкінішке орай, сол фильмді жасауға қатысы бар адамдардан басқа бір де бір жан жақтай алмады. Ресей императоры Николай ІІ-нің биші Матильдамен іңкәрлік сезімін көрсеткені үшін бүкіл орыс қоғамы, басы патриарх Кириллден бастап болашақ Ресей императорының ар-намысына тигені үшін мемлекеттік Думаның депутаты Н.Поклонская, шіркеу өкілдері, тіпті, Ингушетияның басшысына шейін бұл кинолентаның экранға шығуына тыйым салуды прокуратурадан талап етіп, режиссер А.Учительді жүндей түтіп жатыр. Ал біздің депутаттарымыз бен басқа да қайраткерлеріміз кино саласындағы ұлт намысына тиетін туындымен шаруалары да болмады. Тарихи тақырыптағы осындай ойсыраған олқылықтан соң режиссерлеріміз көпке дейін бұл маңайға жолаудан аяқтарын тартып қалды. Шетелдік киномамандармен бірігіп жұмыс істесек пайдаға шаш-етектен кенелеміз деп жұртты сендіріп келген түсіруші топтың әлгіндей сазға отырып қалған кейпінен кейін араға біраз уақыт салып жас режиссер Ақан Сатаев тәуекел деп тарихи тақырыпқа қайта тізгін бұрды. Фильмнің аты – «Жаужүрек мың бала». Бұл фильмнің де жарнамасы «Көшпенділерден» кем болған жоқ. Алайда, түсіруші топ та, «Қазақфильм» киностудиясы да шетелдік ауруға шалдықпай ұлттық топ құра білді. Ақан Сатаев жастығына қарамай ел азаттығы үшін көзсіз ерлікке бел буған өрімдей жастардың өсу, есею, ержету, ел қорғанына айналуға дейінгі аралықтағы өмірлерін сан қырынан көрсете білді. Тарихи драма деп аталған бұл фильм XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте тау-тауды, сай-саланы, шашырап жатқан ауыл-ауылдағы өрімдей жас жеткіншектердің басын қосып, өздерінен күші әлдеқайда басым жауға қарсы көтере білген Сартай батырдың жанқиярлық ерлік істері «Көшпенділерден» соң су сепкендей болған көңілімізді қайта көтеріп, өткен өмірімізде бүгінгі ұрпақ мақтанарлықтай болған батырларымыз бен ақылгөй абыздарымыздың болғанын, ақ табан шұбырындыдан соң еңселері езіліп, ересектер жағының өзі әлі ес жия алмай есеңгіреп жатқан шақта Сартай туының астына жан-жақтан келіп қосылып, ат жалын тартып мінуге жараған жастардың ерлік шайқасы рухымызды көтеріп кеткен еді. Бұл фильм жайлы кезінде орыс тіліндегі газеттердің бірінде («Время») жас режиссердің қиын да күрделі тақырыпқа батыл барып, көрермен көңілін бір серпілтіп тастаған сәтті туынды болғанын атап өткендіктен, ол пікірімізді қайталап жатуды жөн санамадық. Фильм түсіріліп біте салысымен 2012 жылы Францияда өткен ақылы Канн кинофестиваліне қатысып, сәтті туындылардың бірі ретінде аталып өтті. Одан соң Тегеран халықаралық кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды. Ал, дәл осы жылы ол ұлттық патриоттық тақырыпта түсірілген фильм ретінде ұлттық кинематографиялық «Құлагер» сыйлығымен марапатталды. Тарихи және ұлттық салт-дәстүр тұрғысынан қарағанда көптеген көрерменнің бұл фильмге айтар назы да жоқ емес. Тарихи тұрғыдан келгенде – Сартай өмірде болған адам. Ол қартайып, өз ажалынан қайтыс болған. Ал, салт-дәстүр жағынан келетін болсақ, қазақ ешқашан әйел адамға шаңырақ көтертпеген. «Қазақфильм» киностудиясы соңғы үш-төрт жылдың ішінде жаңа атаулармен толыға түсті. Ұлттық кинематографқа деген көзқарас өзгеріп, оны сан жағынан да, сапа жағынан да қолдау саясаты қызу қолға алына бастағаны көңілге қуаныш орнатады. Кино саласына қолдау көрсету Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан бастау алғаны да қазақ киногерлерінің алдына жаңа міндеттер жүктеп өткендей болды. Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып тойлау қарсаңында Президентіміз дәл осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, бұл тақырыптың кино саласында ерекше ізденіспен көрініс табуы тиіс екеніне тоқталып өтіп еді. Соның нәтижесінде кең тынысты, көп сериялы тарихи тұңғыш телесериал жобасы қолға алына бастады. Жоба авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алғашқы кезеңдегі жоба бойынша фильм 20 сериялы болып жоспарланған болатын. Сценарий авторлары болып белгілі жазушы Смағұл Елубай мен бұған дейін «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танылған киносценарист Тимур Жақсылықов бекітілді. «Театр драматургтің жазу столынан басталады» демекші, фильм де сценаристің жартылай болса да жазу столынан басталады. Жартылай дейтін себебім – жазу столында ақтық нүктесі қойылды деп есептелген әдеби нұсқа режиссердің қолына түсіп, ол түсіру алаңына жеткенше сан түрлі өзгерістерге ұшырайды. Қоюшы режиссер мен сценарий авторларының арасындағы келісу мен кетісу аралығындағы дау-дамай осы кезеңде шарықтау шегіне жетеді. Өйткені, жазушының өз режиссурасы бар да, түсірушінің өз режиссурасы бар. Кейде бұл көзқарастар от пен су сияқты оксюморон деңгейіне дейінгі алшақтыққа апарып, оның зардабы кинотуындының сапасына кері әсерін тигізетінін талай көргенбіз. Бұл жолы жоба авторы ретінде әрі Мәдениет министрі ретінде сериалдың алғашқы кадрынан бастап, «фильмнің соңы» деген титрдағы жазуға дейін жауапты болатынын сезінген Арыстанбек Мұхамедиұлы шығармашылық топпен әлденеше рет кездесіп, оларға ақыл-кеңесін беріп, бұл сериалға өзгерістер енгізіп, 20 серияны 10 серияға дейін қысқартуды ұсынып, басты рөлдегі актерлердің өздеріне сеніп тапсырылған кейіпкерге қаншалықты дайын екеніне дейін көңіл бөліп, қадағалап отырды. Бұған дейін «Елбасы жолы», «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық» атты фильмдері арқылы көрермендерге кәнігі режиссер ретінде жақсы танылған Рүстем Әбдірашев осы сериалдың алғашқы бөлімі ретінде Ілияс Есенберлин романының желісі бойынша түсірілген «Алмас қылыш» фильмін жұртшылық назарына ұсынып үлгерді. Онда Алтын Орда ыдыраған соң Керей мен Жәнібек Шайбан-шахпен бітіспес тайталасқа түсіп, өз төңірегіндегі ұлыстар мен тайпалардың басын біріктіріп, Моғолстан шекарасына, Шу өлкесіне келіп, біржолата қоныстанады. Фильм қазақ тілінде түсірілгенмен, жоңғарлар мен шағатайлардың өз тілдерінде сөйлейтін сәттері де бар. Қазақ көрермендері үшін бұл оғаш болып көрінбейді, керісінше, сол заманның рухына сай ерекшелік ретінде жатсынбай қабылданады.
Көңілаударарлық тағы бір елеулі оқиға – Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақ елі» деп аталатын толық метражды анимациялық фильмнің дүниеге келуі деп айта аламыз. Балаларға арналған бұл фильмнің негізгі желісі Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібектің балалық шағынан бастап хандық құрған кезіне дейін балалардың қызығушылығын тудыратын тартымды, әсерлі сюжет арқылы өріліп отырады. Елді басқару үшін қылыштасу мен найзаласуды ғана меңгеріп қою аздық ететінін білген ағайынды екі баланың ұстаздары оларды Отырар кітапханасына білімін көтеру үшін жібереді. Шайбан-шахтың озбырлығын көріп өскен екі жас сұлтан есейе келе Қазақ хандығын құру керектігін түсінеді. Сол жолда бұл екеуі сан түрлі оқиғаларды бастарынан кешіріп, ақыры мақсаттарына жетеді. Аты анимациялық фильм дегені болмаса, «Сақ» киностудиясы түсірген бұл фильмнің көрерменге жағымды әсері мол, әрі балалар үшін тарих тануда сапалы сабақ болары сөзсіз. Балалар ғана емес, ересектер де қызығып көретін бұл мультипликациялық фильмнің трейлері «Канн» кинофестивалінде көрсетіліп, шетелдік мамандардың жоғары бағасына ие болды. Қарапайым да тартымды сюжетке құрылған бұл шығарманы ең алғаш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалап, оған оң бағасын беруі де «Сақ» киностудиясының шығармашылық іздену жолында екенінің куәсі болса керек. Түсіруге кіріспес бұрын Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қоюшы-режиссер Батырхан Дәуренбекке фильмнің сол заманға лайық тілдік, стильдік ерекшеліктерін қадағалау үшін мені бас кеңесші ретінде шақыруды ұсынған екен. Мен ол тілекті қуана қарсы алдым, себебі «Сақ» киностудиясы осыған дейін менің «Мұңлық-Зарлық» атты сценарийім бойынша анимациялық лента түсіріп, көптің көңілінен шыққан еді. Оның үстіне, Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібек заманындағы тарихи оқиғалар мен олардың лексиконындағы тілдік ерекшеліктердің сақталу мәдениетін қадағалауды жөн көрдім. Өйткені, балаларға арналған спектакльдер мен мультфильмдерде ересек адамның өзі әрең түсінетін сөздер мен сөз орамдары көп кездесіп жатады. Осындай тілдік орашолақтықтар бұл фильмде де қайталанып жатпасын деген оймен сценарийді бастан-аяқ әлденеше рет оқып шығып, өз білгенімше қалам тигізген жайым бар еді. Қазақ тілінің байлығын менсіз де жақсы түсінетін Батырхан Дәуренбек бұл фильмді халықаралық талғамға татитындай дәрежеде түсіріп, балалар үшін танымдық жағынан да, көркемдік жағынан да құнды туынды жасап шықты. Сөйтіп, Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай түсірілмек болған «Қазақ елі» атты үлкен жобаның жүзеге асуына «Сақ» киностудиясы анимациялық жанрда сүбелі үлес қосып үлгерді.
Соңғы жылдардағы қазақ киноөнерінің үлкен табыстарының бірі – режиссер Сәбит Құрманбеков түсірген «Оралман» фильмі болғанын ырза көңілмен атап өтуіміз керек. Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл фильм үстіміздегі жылы өткен ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде бас жүлде – Гран-приді жеңіп алды.
Соңғы жылдардағы қазақ киноөнері бірнеше атаулармен толыққанын атап өтуге тиіспіз. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі Ақан Сатаевтың тақырыптық ізденістегі тағы бір белесі деп бағалауға тұрарлық толымды дүние. Продюсері – Әлия Назарбаева. Хронометражы 3 сағаттық кинодрама қазақ халқының басына түскен 30-шы жылдардағы нәубеттен бастап, соғыстан кейінгі жылдар аралығын қамтиды.
Сатыбалды Нарымбетов қазақ кинорежиссурасында аға буын өкілі ретінде қалыптасқан кәнігі кинотарландардың бірі. Оның 2015 жылы экран бетін көрген «Аманат» тарихи драмасы да қазақ киносындағы елеулі туындылардың бірі болып бағаланды. Фильмде бірнеше оқиға қатар баяндалады. Біріншісі, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Кенесары ханның тағдыры, екіншісі, Кенесары хан туралы атышулы кітап жазған Ермахан Бекмахановтың қудалауға ұшыраған ауыр кезеңі, үшіншісі, Бекмахановтың өмірін зерттеп жүрген жас журналистің бастан кешкен оқиғалары. Шиеленіске толы бұл тарихи драма біршама тартымды болып шыққанмен, үш оқиға бірінен соң бірі алма-кезек баяндалып, көрерменнің қабылдауына ауыр тиер тұстары баршылық. Алайда, қазақ кинематографында ескерусіз қалып келе жатқан ұлы тарихшы Бекмахановтың өмірін, оның идеясын рухани аманат биігінен қарап түсірілген бұл фильм тарихымызды түгендеуде жасалған сәтті қадамдарымыздың бірі. Халықаралық кинофестивальде «Қазақфильмнің» тағы бір туындысы үлкен марапатқа ие болды. Ол кинотуындының аты – «Жаңғақ тал». Қоюшы-режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов. Францияның Везуль қаласындағы Азия киноларының 22-халықаралық фестивалінде ол екі бірдей жүлдеге ие болды: қазылар алқасының және киносыншыларының арнаулы жүлдесіне. Конкурсқа Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Филиппин және Түркия елдерінен ұзын саны 90-ға тарта кинотуындылар ұсынылған болатын. Солардың арасынан қазақ режиссерінің туындысы оза шауып, көрермендер мен сыншылардың ыстық ықыласына бөленді. Еске сала кетсек артық болмас, Ерлан Нұрмұхамбетовтің бұл фильмі бұдан бұрын Кореяның Пусан фестиваліне қатысып, әлемдік премьерасын өткізген болатын. «Жаңа ағым» номинациясы бойынша «Жаңғақ тал» онда да жүлделі орынға ие болды. Досхан Жолжақсынов түсірген өмірбаяндық «Құнанбай» фильмі де киноқорымызды байыта түсті. Құнанбай бейнесін сомдағаны үшін Досхан Жолжақсынов екінші рет Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы соңғы екі-үш жылда өз көрермендеріміз бен шет жұрттың көрермендеріне ұялмай көрсететін бірнеше кинотуындыны экранға шығарды. Олардың біразы халықаралық кинофестивальдерде жеңімпаз атанып, қазақ киносына деген жаңа көзқарас қалыптастыра бастады. Осы жаңа көзқарасты үзіп тастамай, жаңа кинотуындылармен бекіте түсуіміз қажет. Шынайы өнерге сусап отырған халқымызды мәнді де мағыналы, көркемдік сапасы жоғары фильмдермен қуантайық. Экрандағы нәрсіз, сөлсіз дүниелерді тоқтатып, рухани құндылығымен көрерменді баурап та, жаулап та алар жауһар киноларымызды көбейткеніміз абзал. Біз жылына 5-6 фильм түсірсек, соның өзіне қанағат тұтатын сияқтымыз. Және сол 5-6 атау өзіне жұмсалған шығынды өтей алмады деп, киноөнімге кінә артатын әдетіміз бар. Кино өнімге күнделікті, тұтыну тауарына қарайтындай тоғышар көзқараспен қарауды қоятын кез әлдеқашан жеткен. Халқының саны бізден он есеге жуық көп Ресейде 2016 жылы 68 кинофильм түсіріліпті. Соның төртеуі ғана өзіне жұмсалған шығынды өтей алған, қалған 64-і шығынға ұшыраған. Соған қарап, Ресейдің қаржы министрлігі киноөндірісіне деген қаржы көлемін «пайда таппайсыңдар» деп қысқартуды емес, оны алдағы жылы бір жарым есеге көбейтуді ойластырып отыр. Халқымыздың саны 18 миллион екенін, оның ішінде қазақ киносына қызығушылық білдіретін қазақтілді көрермендеріміз бір-екі миллионнан аспайтынын ескерсек, кез келген шедевр фильмдеріміздің өзі ішкі прокатта пайда таба алмайды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген әйгілі мақаласындағы «Әлем бізді қара алтынмен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен тануы керек» деген тұжырымдамасында, сөз жоқ, өнер мен мәдениет, соның ішінде киноөнері де мемлекет қамқорлығында болуы керек деген ойды білдірсе керек. Үш жылдың ішінде халықаралық кинофестивальдерден бір Гран-при, төрт арнайы жүлделерге, бір Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Қазақфильм» студиясының шығармашылық мүмкіндіктеріне бұдан кейін де кеңірек жол ашып, оған мемлекет тарапынан ұдайы қамқорлық көрсетіліп отырса, қазақ киноөнерінің шығар биігі бүгінгіден де жоғары болары хақ.
Дулат Исабеков,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
жазушы-драматург