Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ екенімізді кейде мақтанышпен айтатынымыз бар. Қазіргі кезде сол ата-ана мейріміне зәру болып өскен қыз-жігіттердің жағдайы қандай? 9 ай көтеріп, жанын шүберекке түйіп дүниеге әкеліп, кейін өз шақалағын жетімдер үйіне тастай салып, қиындықтан шығудың оңай жолын таңдайтын аналардың саны күннен-күнге өсіп жатқаны белгілі. Ал әке-шешесінің махаббатын сезінбек түгілі, түр-тұрпатын білмейтін балаларға қаншама? Солардың бірі Серік Кенжебеков. Балалар үйінің түлегі, 25 жастағы Серік Кенжебеков Qamshy.kz ақпарат агенттігінің редакциясына келіп, қазіргі жетім балалардың өмірі қаншалықты қиын екенін айтып берді.
«Неге үкімет жетімдерге жағдай жасамайды», - деп сөз бастаған Серік Кенжебеков те бұрындары жетімдер үйінде тәрбиеленген.
«Қазір мен Жастар үйінде тұрып жатырмын. Жастар үйінде жетім балалар 29 жасқа дейін ғана тұра алады. Онда түрлі сұмдық оқиғалар болып тұратынын білемін. Алайда жетім балалардың көпшілігі болған оқиғаны жасырып қалады. Себебі олар қорқады. Егер олар үкіметтің жатаханасындағы жиі болып тұратын төбелесті айтатын болса, оларға қысым жасалатын көрінеді»,- деп өз ойын ашық айтты Серік Кенжебеков. Сонымен бірге Серік Кенжебеков Жастар үйінде 28 тамыз күнінде болған Равил Каримов есімді жігіттің өртеніп қайтыс болғанын айтты. Осыған байланысты Жастар үйінің басшысы Гүлмира Иманбаевадан мән-жайды сұраған едік. Алайда бұл іске қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатқандықтан нақты ақпаратты жариялай алмайтыны айтты. Серік Кенжебеков Жастар үйіндегі жетім балалардың 70 % жаман жолға түскендігін айтты. Сонымен бірге жетімдердің қылмыс әлеміне түсуіне жұмыссыздық себеп болатынын айтып өтті.
«Қазақстан көп ұлтты мемлекет екені белгілі. Көптеген халақаралық деңгейде шаралар да өтіп жатыр. Бірақ неге жетімдердің жағдайын жақсартпайды? Бізде мысалы жетім бала әскерге бара алмайды, ондай заң жоқ. Көбінесе әскерге жетім баланы алмай жатады. Көбі ЖОО оқуға мүмкіндігі жоқ. Ал жоғары білім жоқ адам дұрыс жұмыс орнында қызмет ете де алмайды. Неліктен біздің елде жетім балалар Жастар үйіндегі бір бөлмеде тұруы керек? Үкімет үнемдеу мақсатында көп қабатты жатақхана тұрғызып қойып, жетім балаларға бір бөлмені ғана беріп қойған. Олардың негізгі мақсаты жетімдерге үй бермеу. Мәскеу қаласында 18 жасқа толған әрбір жетім балаға бір бөлмелі болса да үй беріледі. Ал бізде ондай жоқ. Алматы қаласындағы 18 жастан асқан барлық жетімдер Жастар үйі деп аталатын жатақханада тұрады. Бір бөлмеде үш-төрт адам. Неге бұл жатахананы жауып 18 жастан асқан әрбір жетім балаға бір бөлмелі болса да үй салып бермеске?! Біздің елдің жағдайы жақсы, қаражаты жеткілікті ғой. Бізде мүмкіндік бар. Менің жасым қазір 25-те, жақында 26-ға толамын. Алайда 29 жасқа толғанда мен қайда барамын? Үйдің кезегіне тұрған болсам да, әлі кезегім жеткен жоқ. Себебі үйдің кезегінде адам көп. Еліміздегі осындай өзекті мәселер тез арада шешілсе екен деймін», - деп сөзін аяқтады Серік Кенжебеков.
Біз осы мәселенің себебімен қатар салдарын да қолға алып, шешуге тырысуымыз керек. Жетім балалар онсызда бала кезінен психологиялық соққы алып, өмірдің қиыншылығына бейімделіп, тез есейеді. Алайда маңдайынан сипар анасы, арқасынан қағар әкесі болмаған соң өмірдің ағы мен қарасын айыра алмай тура жолдан адасатынына да түсіністікпен қарау керек шығар деп ойлайсың кейде... Себебі жетімдер үйінің барлығы бірдей дұрыс тәлім-тәрбие береді деп сенімді түрде айта алмаймыз. Жетімді жылатпай, маңдайынан сипаған қазақтың қазіргі жетім балаларының жай-күйі әзірге жақсы деуге келмей тұрғаны даусыз...
Былтыр еліміздегі жетімдер үйінің саны қысқарды, асырап алушылардың саны көбейіп, жетім балалар ата-ана мейіріміне бөленді деген ақпаратты жарыса жаздық. Былтырғы жылдың статистикасы бойынша, Қазақстанда 7,5 мыңнан астам жетім бала бар. Жетімдер үйінің жабылып, жетім балалардың жаңа отбасымен танысып, сіңісіп кетуі жақсы ғой әрине, алайда жетімдер үйінде тәрбиеленіп, отбасының жылуын көрмей өсетін балалардың жағдайы не болмақ? Олар 18 жасқа дейін жетімдер үйінде тәрбиеленеді, кейін 29 жасқа дейін үкіметтік жатаханаға орналасады, ал 29 жасқа толған жетім балалардың қалған өмірі көшеде не түрмеде өтуі керек пе? Серік Кенжебековтың айтуы бойынша, жетім балалардың 70 % есірткіге тәуелді, қыздардың көбісі жеңіл жүріске салынып, тәнін саудалап ақша табады. Осындай жолға түскен олардың да кінәсі бар екені түсінікті. Алайда сыртқы факторлар олардың тура жолдан тайып, адасуына әсер ететіні де сөзсіз. Не қолында көк тиыны жоқ, не жол көрсетер жақыны жоқ, ақыл айтар ата-анасы жоқ жалғыз бала қалай күн көруі керек? Осыдан кейін олар ерікті не еріксіз түрде ұрлыққа барады, қыздарды ақша табудың оңай жолы осы екен деп түнгі көбелекке айналады. Мен үкімет олардың қолына бума-бума ақша ұстатсын демеймін, тек қана ЖОО-да ақысыз түрде білім алуына, жұмысқа орналасуына көмек көрсетілсе деймін. Егер олар ЖОО орнын тәмамдап, жақсы жұмысқа орналасатын болса олардың көбісі 29 жасқа дейін өз жағдайын жақсартып алуға тырысар еді. Сонда ғана өзгелердің қалтасына сұқтанып күн көріп жүрген және түнде көшеде тәнін саудаға салатын жетім балалардың саны азаятын еді. Айтуға оңай екені рас... Алайда жетім балалар дүниеге келе салып та психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алған, енді есейген кезде осындай «лас» өмір сүріп, қиындыққа тап болуы олар үшін тағы да ауыр соққы болатыны белгілі. Сол себепті осындай өзекті мәселеге де бей-жай қарамай, шешуге тырысу керек. Жетім балалар да біздің қоғамның мүшесі... Оларды ата-анасы тастап, қараусыз қалдырса да, мемлекет қараусыз қалдырмайтынын айтқаннан гөрі дәлелдеген дұрыс...