Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Кубогы үшін халықаралық турнир басталды

/uploads/thumbnail/20170922111448840_small.jpg

Астана қаласының «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогы үшін жекпе-жек ұрыстан халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы болып өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш шараның ашылуына ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, офицерлер мен сарбаздар,  өзара қарым-қатынас органдарының басшылары,  қоғамдық ұйымдар мен әскери-патриоттық ұйымдардың өкілдері, мектеп оқушылары  қатысты.

Салтанатты ашылу кезінде сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов турнирге қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтап, спортшыларға мықты бәсеке тіледі.

  • Жекпе-жек ұрысты әскердің қолданбалы спорт түрі ретінде кең насихаттап, әскерилер арасында спорт пен саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында  Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Кубогіне арналған турнирді өткізу игі дәстүрге айналды.  Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан 2050» стратегиясында дене шынықтыру мен спорт үнемі мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Бұл үшін  Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлінетіні айтылған», - деді ведомство басшысы.

Бұдан соң Қалмұханбет Қасымов салтанатты шараға арнайы қонақ ретінде келген «Рио-2016» жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, боксшы Данияр Елеусіновты ортаға шақырып, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына – 25 жыл» кеуде белгісімен марапаттады.

Атап өту керек,  Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Кубогіне арналған жекпе-жек жарысы жыл сайын ұйымдастырылады.

Биыл еліміздің күш құрылымдары спорт командаларынан бөлек Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының әскерлері, Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясы, Қырғызстан Республикасы Ұлттық ұланының спорт командалары қатысуда. Бас-аяғы 150ге тарта спортшыдан тұратын 15 команда бақ сынауда. Турнир екі күнге созылмақ.

Қатысты Мақалалар