«Қорлау» деген сөз әлем халықтарының тілінде түгел кездеседі. Бірақ мейлі адамды, мейлі басқа бір жанды жаратылысты қорлауды заң жүзінде реттеп отыру керек дегенді Смағул Елубай деген жазушыдан басқа тірі пендеден естісек құлағымыз тас боп бітіп қалсын! Сәкеңнің бұл «ой тұжырымын» «Қазақ әдебиеті» газетінен (8.09.2017 ж) оқып «апыр-ай, адамды істеген қылмысына қарай заң арқылы жазалау деген болатын еді, бірақ қорлауды заң арқылы реттеу деген жақсы лепес емес қой деп тұлабойымыз тітіркенгендей болдық. Ол бұл данагөйлігін «Әдебиет порталындағы» Сәкен Сейфуллинге қатысты оғаш сөздерге байланысты айтқан екен. Әрине, «Әдебиет порталын» жақтағалы отырған жоқпын. Оның басшысы Б.Қарағыздың өлеңдерін, талай сынға да ұшыратқанмын, осы порталды басқаруына әдеби әлеуеті жете ме деп күмәнданып пікір де жазғанмын. Бірақ осы порталда Сәкен Сейфуллинге қарсы ауыр сөздер айтылуына байланысты академик С.Кирабаев бастаған, ішінде физик ғалымы, әншісі, айтыскер ақыны, заңгері бар бір топ адамның ренішін оқып, осыдан біраз жыл бұрын көзіммен көрген бір жәйт есіме түсті. Ол кезде «Жұлдыз» журналында жұмыс істейтінмін. Бас редакторымыз - жазушы десен жазушы, әдебиет зерттеуші ғалым десең ғалым, қазақ ұлтына деген жанашырлығы жұртқа мағлұм Мұхтар Мағауин. Әңгіме Сәкен Сейфуллин туралы бола қалғанда Мұхаңның Сәкен туралы онша жағымды пікір айта бермейтінін бірнеше рет аңғарғанмын. Ол кісі әсіресе, қазақ аштан қынадай қырылып, қырылмағандары қуғын-сүргінге ұшырап, атылып- асылып жатқанда С.Сейфуллин «Советстан, совстан, талма осы шабыстан» деп өлең жазып, аңдығаны қыз-келіншек болған деп күйініп отыратын еді. Бұл жерде мен әдебиет порталының С.Сейфуллинге қаракүйе жаққаны дұрыс деп отырғам жоқ. Тек бір назар аударарлығы «Қазақ Әдебиеті» газетінде жарияланған осы хатқа қол қойғандардың ішінде әдебиетімізге үлгі боларлық үлес қосқан бірде бір ақсақал жазушының аты-жөні жоқтығы десек, екіншіден қол қойғандардың біразы С.Сейфуллиннің жерлестері екен. Бұның ар жағында не жатқанын көкірегінде саңылауы бар адам түсінер... Онда тұрғанда ештеңе жоқ. Мәселе С.Елубай айтқан «Тұлғаны қорлауды заңмен реттеу хақында». Бұл жәй ойланбай айтыла салған не мәні, не мағынасы жоқ сөз. Әлде адамды қорлаудың заңға сәйкес реттелетін түрлері де болады ма? Оны С.Елубай өзі ойланар. Бірақ өз басым осы азаматқа көптен бері қойғым келіп жүрген сауалым бар. Әрине, хатқа қол қойғандардың ішінде төбесі қарыс –сүйеп қарауытып тұрған үлкен жазушы осы Смағұл дер едім. Сөйте тұра, оның кеменгер жазушы Мұхтар Әуезов пен Немат Келімбетовты (мархұмды Құдай аясын!) бір-екі рет қатар қойып пікір айтқанына түк түсінсем бұйырмасын. Оның осы қылығының аржағында сол кезде Қайрат Келімбетовке көрініп қалсам деген есеп болды деп те күнәһар бола алмаймын. Бірақ Немат Келімбетовты данышпан Мұхтар Әуезовтың жазушылық суреткерлігімен теңестірем деу еш мүмкін емес екеніне ант беріп қол қоя аламын. Смағұл Елубайдан екінші бір білгім келгені- әнебір жолы Елбасымен кездесуде нақты не мәселе көтергеніне түсінбегенім болып тұр.
«Қазақ әдебиетіндегі» осы хатқа Нұрлан Оразалин кіріспе ( әлде алғыс сөз) жазыпты. Мейлі ғой! Бірақ Нұрекеңнің «Серік Қирабаев бастаған мемлекет, қоғам қайраткерлері ашынып отыр» дегенін оқығанда апырау, Қирабаев бастаған ондай ұйым, әлде комитет бар ма еді деп аң-таң болғаным да рас. Бұл да әдетте жұрт алдында «сұлу» сөзді түйдек-түйдегімен төгіп-төгіп тастауға машықтанған ақын жанды пенденің айта салған ауызекі сөзі ғой дедік. Бірақ осы Нұрлан Оразалин мырзаға да көптен көкейде жүрген бір сауалымызды ұтыры келгенде айтып қалсақ айып емес шығар: Жазушылар одағының құрылтайы кезінде Серік Қарабаев сіздің ең бір орташалау өлеңдеріңізді жер-көкке сыйғызбай мақтап «ЕҚ» газетіне екі бетке жуық мақала жазғанын көргем. С.Қирабаевты мақтап сіздің жазғаныңыз да, одан кем түспейтін (маңызы, мазмұны емес, көлемі жағынан) еді. Сонда, осы «взаимностының» аржағында не жатыр еді? Бірақ сіздің өлеңдеріңізді ең болмаса бір шумағын жатқа айтып жүрген немесе Н.Оразалин керемет ақын ғой деген адамды көрген емеспін. Әрине, 70 ке толғаныңызда бірнеше мадақнама жарық көргені рас. Ал өлеңдеріңізді жіліктеп, бұтарлап, талдап сынағандардың бірі мен едім. Соған ең болмаса бұл сын дұрыс емес,ол өлеңнің ана жері-анандай, мына жері-мынандай деп бір ауыз жауап қайтармауыңызға қарағанда... Сонымен,қорыта айтсам , осы сізге, «Маған ең дұрысы өлең жазуды қою керек шығар» деген ой келмей ме?
Нұрлан мырза, сізге соңғы сауалым мынау: Жанарбек деген жігітті «Қазақ әдебиетіне» бас редактор қып сайлапсыз, әлде тағайындапсыз. Әрине, бұл газетте әдеби сынның мүлде жоқтығы, тек біреулердің бірін-бірі мақтауларына толы күйге-түсіп әдебилік қыры мен сыры құлдырағаны соншалық белгілі-белгілі қаламгерлер «апыр-ау, мына жалғыз әдеби газет не болып кетті» деп жатқанын да көрдік.
Иә, бір жағынан «Қазақ әдебиетінде» бәрі бар, тек әдебиет жоқ деуге болатын сияқты. Ал біздің жалғыз әдеби газетімізге бас редакторлық етуге Жанарбегіңіздің сауаты, білімі жете ме? Таланты туралы сөз қозғау да артық шығар. Оған да бір мысал келтіре кетейін. Әнебір жылы бір басылымға Жанарбек Әшімжан дегеннің өлеңі шықты. Оқиын деп едім оқи алмадым. Не мән, не мағына, не көркемдік, не ой-тұжырым таба алмадым. Онымен қоймай Жанарбектің «атаныңда жүлде алған тайлақ едің» деген жолдарын оқығанда мынау өлеңнің бет-әлпетінен түк қалдырмай бүлдіруге бел буған адам ба деп қалдым. Кейін, қазіргі поэзия туралы сын мақаламның ішіне оның осы жолдарын да мысалға келтірдім. Бар айтқаным Жанарбектің түйесі әуелі атан болып, сосын барып тайлақ болады екен. Содан бері «Қазақ әдебиеті» менің өлеңдерімді басуды сап тиды. Жанарбек сол жылдардан күні кешеге шейін Одақтағы басылымдардың басшы қызметінде отырды. Бұған дейінгі «ҚӘ» редакторы менің өлеңдерімді басуға «күші жетпейтінін » өзіме ашықтан-ашық талай мәрте айтты да. Сонымен, Нұрлан мырза! Осы Жанарбек деген жігіт «ҚӘ»газетіне Бас редактор қып қоятындай ақын ба, жазушы ма, драматург па, сыншы ма, әдебиеттанушы ма, кім? Қысқасы, ол әдебиетімізде несімен, қай қырынан танылған, қандай ерекшелігімен қадірлі? Біз білмейтін ондай еңбектері болса, оқып көрейікші! Оқыған соң мүмкін бұл күмәнді ойларымнан қайтармын! «Қазақ әдебиеті» газеті кешегі Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Нығмет Ғабдуллин, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, бүгінгі Жүсіпбек Қорғасбек секілді ел танитын дарындар басқарған қасиетті де киелі қара шаңырақ емес пе еді?! Әлде, «Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі жағдайында оны Жанарбек басқарса да жетеді дегеніңіз ба?
Көріп отырсыз, мен бұл жерде көп тұрса көл де сасиды, Нұрлан Оразалин Жазушылар одағына төраға болып отырғалы 21 жылдан асты, ол бұл жерден кеткісі келмей неге сайлау сайын жанталасып, орнында қалуға тырысады деп сұрап отырған жоқпын. Жазушылар одағындағы жұрт айтып жүрген қаржылық есептердегі әлдебір құпиялар туралы да ләм демей отырмын. Бірақ егер сол рас болса ондай қылмыстан түбінде ешкім қашып құтыла алмайды . Осымен сөзім де,сауалым да тәмам.
Мырзан Кенжебай