Жастар арасындағы «Аңсар» байқауына өтініштер қабылдау басталды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Аңсар» Республикалық әдеби байқауы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Social Development Center» әлеуметтік қоры ұйымдастырып отыр. Байқауға жас ақындар мен қаламгерлерден өтініштер 11-ші қыркүйектен 11-ші қазан аралығында қабылданады.
Жобаның мақсаты - ел жастарының шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, сонымен бірге жас журналисттер, жазушылар мен ақындардың кәсіби өсуіне жол ашу. Байқаудың тағы бір мақсаты жұртшылықты журналистика әлеміне қадам басқан қаламгерлердің, жазушылар мен ақындардың жұмысымен таныстыру, қоғамдағы этносаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға үлес қосу болып табылады.

Байқауға 14 және 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жұмыстар қазақ және орыс тілдерінде үш номинация бойынша қабылданады. Номинациялар - «Шағын проза», «Поэзия» және «Публицистика». Қатысу үшін өтінішдер www.konkursansar.kz электронды сайты арқылы қабылданады.
Байқау барысында қазылар алқасы Астанадағы салтанатты рәсімге жолдама алатын 50 үздік жұмысты таңдайды. Байқау жеңімпаздары 3 номинация бойынша 660 мың теңгеге ие болады.