Батыс Қазақстан облысы өңірінде ата-ана мен баланы, жалпы отандық медицинаны алаңдатып отырған өзекті мәселе ол – бүлдіршіндердің церебральды сал ауруы (ДЦП). Батыс Қазақстан облысында аталмыш дертке 560 бала шалдыққан. Церебральді сал ауруы кей нәрестеде құрсақта дамыса, енді біреулерінде жүре пайда болады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың мәліметінше, балалардың церебральды сал ауруына шалдығуына бірнеше факторлар әсер етеді екен. Егер әйел адам жүктілік кезінде әр түрлі респираторлы немесе басқа инфекцияларды жұқтырса, шарана уақытынан бұрын дүниеге келсе, құрсақта ұзақ уақыт қағанақ суынсыз жатып қалса, жүктілік пен босану процесі ауыр өтсе, аяғы ауыр келіншек жүктіліктің алғашқы мерзімінде жүйкеге әсер ететін факторларды бастан өткізсе онда аталмыш кесел дүниеге келер нәрестеде пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ шарана қағанағының суын ерте жарып жіберіп, толғақ кезінде баланың басы анасының жамбас сүйегінен жарақат алса, сәбидің орталық нерв жүйесі зақымдалғандықтан дерт жүре пайда болмақ. Осы жағдайларда туындаған нерв жүйесінің патологиясы аяқ-қол параличінің ауыр түріне әкеліп соғуы мүмкін екен. Бұл дертке шалдыққан балалар облыстағы аурухананың невролог дәрігердің диспансерлік есебінде тұрып, дәрілік заттармен ем алып, сонымен қатар емдік дене шынықтыру, дене ысқылау, физиолық емдермен қамтамасыз етілуде. Дерттің жеңіл түрлерінде нәрестелерге дене ысқылау, физиолық ем жасау арқылы жағдайын жақсартуға болғанымен, олардың түпкілікті жазылуы мүмкін емес екен. Мамандардың айтуынша, церебральды сал ауруының еміне медикаментозды емнен бөлек сауықтыру емі де кіреді екен. Сауықтыру жұмыстарын облыстық көпбейінді балалар ауруханасындағы 11 сауықтыру орны жүргізеді. Сонымен қоса денсаулық сақтау мамандары шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилерге ортан жіліктің ұршық басы және жамбас буындарының дисплазиясы диагнозының көп қойылатынын айтады. Бұған анасының жүкті кезінде түрлі сырқаттармен ауруы, жамбаспен босану, экологиялық жағдай, дұрыс тамақтанбау әсер етеді екен. Дертті дер кезінде емдемесе, бала аяғының кемістігіне, бір аяғының екіншісінен қысқа болуына әкеліп соғады. Ал емдеу үшін ортопед дәрігерлер нәрестенің буындарын сылап-сипап, физиотерапия жасап, емдік үзеңгі кигізеді. Сондай-ақ ата-аналар да нәресте дүниеге келген соң, оның буындарына арнайы массаж жасап, қимылдатып отыруы қажет.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы