Алматыда Дариға Назарбаева бастаған бірқатар сенаторлар ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясында болды. Оқу орнымен танысу барысында сенатор басшылықпен ашық әңгіме болғанын, алдағы уақытта қажетті көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетейік, қыркүйектің 18-19 күндері ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мемлекеттік шекара күзеті мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді. Дариға Назарбаева бастаған бірқатар сенаторлар Алматы мен Алматы облысындағы әскери оқу орындары мен шекара, кеден бекеттерінде болды. Бүгін Құрлық әскерлерінің әскери институты жұмысымен танысқаннан кейін, көшпелі кеңес ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі академиясында болып, онда депутаттар курсанттар мен оқытушы құраммен кездесті.
«Қазіргі уақытта дамыған елдердің қарулы күштері қымбат техникалар мен электроникамен жабдықталуда. Мен қарулы күштеріміз де, сарбаздарымыз да компьютерді, ақпараттық технологияны игеріп, барынша электроникамен жабдықталуы керек деген пікірдемін. Сардарлармен сөйлескенімде олар бүгінгі сарбаз электрониканы да, балама техниканы да игеруі қажет деген пікір айтты. Себебі, қарулы жаттығу кезінде электроника өзін үнемі жақсы жағынан көрсете бермейді. Сондықтан, тиімділігі жоғары ескі техникаларды да игеру маңызды. Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру өте үлкен қаражатты қажет ететінін білеміз. Мықты армия соғыс үшін емес, қорғаныс үшін қажет» - деді сенатор.
Депутаттарды аталған әскери институт басшысы полковник Серік Асанов қарсы алып, оқу орнының тарихы мен бүгінгі ахуалын баяндап берді. «Құрлық әскерлерінің әскери институты 1970 жылы құрылған. 2003 жылы ҚР Үкіметінің №1080 қаулысымен ҚР ҚК Алматы жоғары әскери училищесі Құрлық әскерлерінің әскери институты болып өзгертілді. Оқу орнының басты міндеті - құрлық әскерлерінің құрылымдарына жоғары мамандандырылған офицерлерді әзірлеу. Институт офицерлерді 14 мамандық бойынша дайындайды», - деді Серік Асанов.
Институт басшысының айтуынша, оқу орны заманауи оқу-материалдық базамен, техникалық оқу құралдарымен толықтай қамтамасыз етілген.
Институт жұмысын аралау барысында Дариға Назарбаева «Т72, Т72Б» танкілерінің макетіндегі автоматтандырылған ату құралымен нысананы көздеп, бірнеше оқ атты.
«Осындай құрылғылар арқылы қаражатты үнемдеуге болады. Бірақ полигонда оқу, ату жаттығуларынан өту - ол мүлде басқа. Мұнда ойын автоматында отырғандай күйде болдым», - деді Дариға Назарбаева. ҚР Халық қаһарманы,
Сенат депутаты Талғат Мұсабаев Дариға Назарбаеваның бұл жаттығуын әскери адам ретінде жоғары бағалады.
«Дариға НұрсұлтанқызыТ72 оқу-жаттығу танкісінің кабинасына кіріп, оқ атты. Жақсы нәтиже көрсетті. Үлгілі курсанттың тапсырмасын орындады, оны кез келгеніміз бірден жасай алмас едік. Бірінші рет отырып тұрған адам мұндай нәтиже көрсеткені, оның негізі бар екенін көрсетеді. Комитет төрайымының өзі келіп, жағдайды көзімен көруі бұл жақсы дүние», - деді Талғат Мұсабаев.
Айта кетейік, оқу орны жыл сайын 400 курсант қабылдайды. Ақылы оқу түрі жоқ. Орта мектеп бітірген түлектер ҰБТ нәтижесімен қосымша емтихандар тапсырады.
Пікір қалдыру