Роскомнадзор басшысы Александр Жаров егер де заңның талабын орындамаса, Facebook желісі Ресейде бұғатталатынын айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Риа новости сайтына сілтеме жасап.
«Заң барлығына бірдей, сондықтан да компания заңның кез келген талабына жауап беруі тиіс. Олай болмаған жағдайда, Facebook желісі Ресей жерінде өз жұмысын тоқтатады», - дейді Жаров.
Оның айтуынша, аталмыш желі Ресейде өте танымал, көп қолданысқа ие және мұны билік жақсы біледі.
«Алайда әлеуметтік желі тек біреу ғана емес, басқа да желілер көп. Сол себепті Facebook компаниясы 242-ші заңды қатаң ұстанғанын талап етеміз», - деп қоса айтып өтті Александр Жаров.
Белгілі болғандай, компания заңның талабына толыққанды жауап беру үшін барлық жағдайды жасап отыр екен.
«Олардан бізге ресми хат келіп түскен жоқ. Біз 2017 жылдың соңына дейін аталмыш желіні бақылауда ұстап, тексеріп отырамыз, ал 2018 жылда ойланып көреміз», - дейді Жаров.
Заңда ресейліктердің жеке мәліметтерін ел шекарасында құпия ұстау талап етіледі. Роскомнадзор заңын бұзған желілер арнайы тізімге еніп, бұғатталатын болады.