Енді шетелден оралған қазақтардан «Соттылығы туралы» құжат талап етілмейді

/uploads/thumbnail/20170926174242396_small.jpg

Бұдан былай қазақстандық құзырлы органдар шетелден келген этникалық қазақтардан сотталмағаны туралы анықтаманы талап етпйтін болды деп сүйіншілейді Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясынан Qamshy.kz ақпарат агенттігіне келген хатта  Қытай Халық Республикасынан келген этникалық қазақтардан «Соттылық туралы» анықтаманы талап етпейтіні жазылған.

Қандастарымызға тұрақты тіркеуге тұрып, ыхтияр хат алғанда аталмыш анықтаманы көрсетуі міндеттелмейді.

«Соттылық туралы» анықтаманы талап етудің күшін жою туралы талай мәрте айтылды. Аталмыш мәселе 2015 жылдан бері талқыланып келеді. Осы уақытқа дейін қандастарымыз «соттылық туралы» анықтаманы растату үшін талай машақатты бастан өткерді. Ол үшін қандастарамыз кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен Астана мен Алматыға сабылуына тура келді.

Егер Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында өзекті өртеген мәселе туралы айтпағанда бұл мәселе әлі де шешілмес пе еді?

Естеріңізге сала кетейік, 23 маусымда өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев этникалық қазақтардың құжатты рәсімдеу кезінде сабылмауы керек екенін баса айтты.  

 «Елге келгеннен соң құжат түгендеу үшін әрі-бері сабылу болмауы керек. Қытай қазақтарының сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама алу жайы ағайынның арғы беттегі еңбегіне проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жер­де анықтап, елменен ақылдасып, келісіп шешу керек!» - деп тапсырма берді Назарбаев.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қытайдан келген этникалық қазақтардан Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсатты алу кезіндегі соттылығы туралы анықтаманы талап етуді алып тастауды көздейтін «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ азаматтарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру  қағидаттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің 2017 жылғы 2 тамыздағы №529 бұйрығы бекітіліп, Әділет министрлігінде 2017 жылдың 6 қыркүйегінде тіркелді. Осы бұйрық негізінде Қытайдан келген этникалық қазақтардан соттылығы туралы анықтама енді  талап етілмейді.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Qamshy.kz-ке берген мәліметіне сәйкес, аталған бұйрықты бекітпес бұрын, Қытайдан бөлек өзге елдерден келетін этникалық қазақтардың да құжат рәсімдеудегі жағдайлары қарастырылды. Соған сәйкес, өзге елдерде мұндай анықтама еш кедергісіз берілетіні анықталды. Өзге елдерден келген этникалық қазақтар соттылығы туралы анықтаманы өздері тұрған елден еш кедергісіз және уақыт жоғалтпай ала алады. Басқа елдерден келген этникалық қазақтардан соттылығы туралы анықтаманы талап етпеу мәселесін ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жан-жақты зерделегенде осындай жайттар анықталды.

Әсем Әлмұханбет

Қатысты Мақалалар