Мәскеуде жол апатына түскендерге көмек көрсетпекші болған «Физрук» фильмінің актері Егор Клинаевты көлік қағып кетті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Жаппай жол апаты болған оқиғада 18 жасар актер Мәскеудегі айналма жолға келгенде, апатқа ұшыраған көліктерді көріп көмекке келе жатқан сәтінде көлік қағып кетті.
Полиция қызметі мәліметінше, Мәскеу уақытымен, таңғы сағат үште «Тойота Марк-2» белгісі бар автокөлік мінген жас актер көшедегі қақтығысты көріп, көмек керек болып қалар деген ниетпен көлігінен түскен. 24-ші аймақтағы көлік айналымында болған оқыс оқиғада Клинаев та көлігін қақтығыс болған сызықта қойған. Ал «Хонда Аккорд» көлігінің жүргізушісі болса апатқа ұшыраған көліктерді байқамай қалып, жолда тұрған үш адамды қағып кеткен. Олар жол апатын талқылап, полиция қызметін күтіп тұрған. Нәтижесінде Клинаев оқиға орнында қаза болып, қалған екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген.