Семейлік қыз інжу-маржаннан бизнесін бастады

/uploads/thumbnail/20170708160639435_small.jpg

Айым Мажакееваның еңбегі қазіргі жастар үшін үлгі-өнеге деуге болады. Ол бар болғаны 23 жаста ғана, бірақ 3 топтың мүгедегі. Өзінің денсаулығына қарамастан алға жылжып, еңбекқорлығының арқасында, әдемі, тамаша дүниелерді жасап шығарған. Сырт көзге оның бала кезінде неврологиялық сырқатқа ұшырағандығы тіпті білінбейді де, себебі бүгінде қала тұрғындарына шебер қолдың иесі ретінде танылуда. Оның жасаған дүниелері әркімді таңғалтуда, мәселен, Қытайдан келген қазақ бауырлар аттай қалап сұрап алған Астанадағы «Бәйтерек» монументі. Айым қазіргі уақытта жеңіл атлетикамен, спорттың қыстық түрлерімен айналысады.

unnamed (1) unnamed (3) unnamed (4) unnamed (5) unnamed (6)

- Анамның айтуы бойынша 1995 жылы 3 жарым жасымда минингитпен аурып 1 ай 17 күн комада, ес-түссіз жатыппын. Содан ұзақ жылдар ауырып, емделіп жүрдім, - дейді Айым, - денсаулығыма байланысты қосалқы мектеп интернатқа бардым. Өз денсаулығымды үнемі емдеп, спортпен шұғылданумен болдым. Соның арқасында Американың Айдахо штаты, Бойсе қаласында ұйымдастырылған Дүние жүзілік олимпиадаға шаңғы жарысына қатысып келдім. 1 қола және 1 күміс алқа тақтым. 2008 жылы Республикалық «Special Olympics» ұйымдастырған Алматы қаласында мини футболға қатысып командалық III орын алдым. Қазан айында қалалық мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізілген «Күз аруы -2011» байқауында бас жүлдені жеңіп алдым. Бос уақытымда кесте тігемін, бисер жасаймын, жұмсақ ойыншықтар тігемін. Қазіргі кезде Семей қаласындағы кәсіптік №1 лицейдің шаштараз бөлімін оқып бітірдім. Өскемен қаласында өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты мүгедек жандарға арналған фестивальге қатысып мақтау қағаз бен бағалы сыйлыққа ие болдым. Семей қаласында өткізілген «Күн әлемі» атты фестивальге қатысып бірінші орын алдым. Денсаулығымның сырқатына қарамай, салауатты өмір салтын ұстанамын. Көптеген іс шараларға қатыса отырып, жақсы адамдардың көмегін көрдім. Тапсырыстар өте көп, бос уақытым жоқ деуге болады.

Айым күлімдеген, ашық көңіл, әдемі қыз. Тек сырқаты ғана ара-тұра сыр беріп қалса, ол оны елемеуге тырысады. Оған дем беретін жұмысы. Атап айтқанда бисерден түрлі дүниелер, қазақша тойбастар, сый-кәде, моншақтар жасап шығару сүйікті ісі. Бисерді қазақша жасанды інжу-маржан деп атайды, себебі нағыз інжу-маржан теңіздің түбінде жатады. Бұл күндері көптеген шеберлер қолданатын інжу-маржандар пластмасса, шыны, ағаш, металлдан да алынады. Өз денсаулығына орай Айым арнайы интернатта тәлім алып, онда жасанды інжу-маржанды тізбектеп, әртүрлі нәрсе жасаудан хабардар болады. Кесте тігіп үйренеді. Осының бәрі оның шеберлігі шыңдала түсуіне ықпал еткен. 2014 жылы мамыр айында «Даму» кәсіпкерлер ұйымдастыру қорының жобасына қатысып «Құс жолы» , «Жұлдыздарға қара» жобасын жеңіп алған жас кәсіпкер ретінде танылды. Грант есебінен оған тігін машинасы мен 120 метр қажетті бұл берілді. Патент алған Айым Мажакеева қазіргі кезде өзі үйінен бизнес ашып, тұрмыстық заттар мен төсек жабдықтарын тігіп жатыр. Ол еңбекқор болғаны соншалық, жетістіктері де әр саладан, атап айтқанда, «Сөз мерген» сайысында III орын алса, «Туған тілге тағзым» атты шараға қатысып қол өнер сайысында бірінші орынды иемденген. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы қалалық шахмат сайысында III орынға ие болғаны тағы бар.

Раушан Қабжанызы. Семей

Қатысты Мақалалар