ОҚО-да 11 адам газдан уланып көз жұмды

/uploads/thumbnail/20171003141919078_small.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымында газбен уланудың  24 оқиғасы тіркелген. Салдарынан иіс тиген  46 адам зардап шегіп, 11-і көз жұмды.  Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген төтенше жағдайлар қызметкерлері мәлім етті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Сала мамандарының сөзінше, газбен уланған жағдайлардың басым көпшілігі ұйқыға бас қойған кезде, ал тіркелген 24 оқиғаның ішінде 21-і жеке тұрғын үйде, 3-еуі көпқабатты үй мен қоғамдық моншада болған. Тұрғындар пештерге жарамсыз жабдықтарды пайдаланып,  өз беттерінше орналастыруы осындай қайғылы жағдайларға соқтырды.

Сонымен қатар тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік қағидаларының бұзылуы да иістенуге себеп болыпты.

«Облыс бойынша жылыту маусымы 2017 жылғы 15 қазанда басталады.  Департамент   жылыту маусымында орын алған келеңсіз оқиғалардың қайталануының алдын алу бойынша іс-шараларды бастап кетті. Қыркүйек айынан бастап жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үй секторларында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-сінің қызметтен бос жеке құрамы толық жұмылдырылған.  Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, әлеуметтік қауіп-қатер тобына жататын зейнеткерлер, көп балалы, тұрмысы нашар отбасылар, әлеуметтік бейімделмеген азаматтардың өмір сүретін орындарында 27 рейд өткізілді»,- дейді    облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров.

Төтенше жағдай қызметкерлері тіпті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жергілікті діни бірлестіктер де тартылғанын айтады. Мемлекеттік өрт бақылау инспекторлары жұма намаздан кейін жиналған қауымға тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігін  сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын өткізіп жатқанын сөз етті.  

Қатысты Мақалалар