Нұрсұлтан Назарбаев «Жұбановтар әлемі» атты жаңа орталықты аралап көрді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агентігі Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Орталық атақты Жұбановтар әулетінің көрнекті тұлғаларының шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту мақсатымен салынды.
Мемлекет басшысына бұл нысанның құрылысы жеке адамдардың қаржысы арқылы жүргізілгені баяндалды.
Қазақстан Президенті еліміздің көрнекті ғылым және өнер қайраткерлері – Жұбановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған музейді аралап көрді.
Бұдан бөлек, Елбасы облыстың жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген жаңғыру үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды.
– Әлем көз алдымызда өзгеруде, біз сол өзгерістердің ортасындамыз. Жаңа ғылымдар пайда болып, тың көзқарас қалыптасуда. Барлық реформалар, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үдерісі замандастарымызды жарқын болашаққа дайындау үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуға тиіс екендігін ерекше атап өтті.
«Қазақстанда ірі қалалардың болғаны дұрыс. Алматы халқының саны 1 миллион 300 мыңнан асты. Астана халқы күн сайын артып келеді. Шымкент миллионға, Ақтөбе халқының саны жарты миллонға жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Ақтөбе халқының саны екі есеге өсті. Бұрын 240 мың болса, қазір 500 мыңға жуықтады. Мен бұл қалада миллион адамның тұрғанын қалаймын. Жаңа ықшам аудандар салынып жатыр. Адамдар бұл өңірге көшіп келіп, өмір сүргісі келеді. Бұл жерде мүмкіндік бар. Бүгін Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болдым. Жаңа зауытта 700 адам жұмыс істеп жатыр. Зауыт - Ақтөбе облысының ең ірі өндіріс орындарының бірі. Ал Ақтөбе рельс-арқалық зауыты Қазақстандағы, Орталық Азиядағы жалғыз өндіріс орны. Біз индустриалды өндіріс орындарын салып, зауыт, фабирикалардың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Жол салынып жатыр. Ақтөбеде газ бар, Қытайдан Еуропаға бағытталған жол сіздер арқылы өтіп жатыр. Көлік бұл - өмір. Көлік қозғалысы бар аумақта ауыл бар, жұмыс табылады. Әрі қарай бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Қазақстанның барлық аймағы жолмен қамтылады. Жол бұл - даму», - деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс тұрындарына амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің өркендеуі жолында табысқа жетулеріне ниеттестігін білдірді.