40 мемлекеттің палуандары қазақ күресінен әлем чемпионатында бақ сынайды

/uploads/thumbnail/20170906154433834_small.jpg

2017 жылдың 27-29 қазан аралығында Астанада қазақ күресінен (Qazaq kuresi) әлем чемпионаты ұйымдастырылады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Еліміздің ұлттық ойынына әлемнің түкпір-түкпірінен 40 мемлекеттің спортшылары қатысады. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Аустралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Камерун және т.б. елдер бар.

Қазақ күресі ежелгі спорт түріне жатады. Оның күн өткен сайын танымалдығы артып келеді. 2016 жылдан бастап ЮНЕСКО қазақ күресін материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген.

Бұл ретте, чемпионат қазақ күресінің беделін арттырып, дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытына жағымды ықпал етіп, сондай-ақ, спорттық және мәдени байланыстардың нығаюуына мардымды үлес қосады деп күтілуде. 

Чемпионат 8 салмақ дәрежесі және абсолюттік дәреже бойынша өтеді.   

27-ші қазанда «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында спортшыларды өлшеу және жеребе тастау шарасы жоспарланған.

28-29 қазанда «Барыс-Арена» мұзайдын сарайында жарыс болады.

Сайыстың алғашқы күні спортшылар 55, 90, 100, 100+ және келесі күні 60, 66, 74, 82 және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Шараның басты ұйымдастырушысы - ЗТБ «Қазақ күресі халықаралық федерациясы».

Қатысты Мақалалар