Үндістанның Джайпур қаласы маңындағы елді мекен тұрғындары билікке қарсы жаппай ереуілге шықты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап. Шаруалар өздерінің егін салып, күнелтіп жүрген жерін басшылардың алып қойып жатқанына наразы. Ал билік бұл аумаққа жаңа нысандар салмақ. Жан айқайын ақ жағалылардың құлағына жеткізе алмаған тұрғындар енді көшеге шығып ұрандатуға көшті.
Тіпті өз-өздерін мойнына дейін көміп, «талабымыз орындалмаса бұл жерден кетпейміз» деп бекініп алған. Бұған дейін де олар 15 күн бойы осында отырып наразылық танытқан еді. Бірақ үкімет өкілдері бой көрсетпеген. Енді диқандар амалсыз осындай әрекетке барып отыр. Айта кетейік, Джайпур қаласын көркейту үшін жергілікті билік 2011 жылы диқандардың 526 гектар жерін алып қойған. Содан бері аймақта ереуілдер толастаған емес.