Айсұлу үйіне кірген бетте, алдынан екі құлыншағы Арман мен Айдана жүгіріп келіп, анасын мейірлене құшақтады. Айсұлу таңның атысынан күннің батысына дейін бір уақыт демалмастан жұмыс істегенін ұмытып, шаршағаны басылғандай болды.
Кішкентай Айдана «Анашым, бізге тәтті әкелдің бе?» деп үмітке толы көзімен қарады. Сол уақытта екі кішкентай баласын күні бойы төрт қабырғаға телміртіп, жеткілікті уақыт бөле алмағанына налыды, іштей өзін кінәлады, бар күшін салып жұмыс істесе де балаларына қалағанын алып бере алмағанына қынжылды. Бала-шағасына қамқор болудың орнына, жас қыздармен әуейі болып, арақ атты «бәлеге» үйір болған күйеуін кінәлады. «Бауыржанға күйеуге шықпа» деп әкесі ескерткенде тыңдамаған өзін тағы табалады. Іші алай-дүлей болып, өз ойларының жетегінде кеткен анасына Айдана мен Арман түсінбестен қарап тұрғанын байқаған Айсұлу, «Жоқ, мен ештеңеге өкінбеймін. Себебі менің өмірімде сендер барсыңдар» деді ол.
Мықты болуға, өмір соқпағына мойымауға өзіне қанша уәде берсе де, дәл осы уақытта барлық көрген қиыншылығы, жоқшылық, дәрменсіздік тамағына өксік болып тығылды. Балаларын бауырына қысып, өксіп-өксіп жылады. Қара жұмыс пен уайымнан әбден қажыған Айсұлудың сұлу жүзінде моншақ-моншақ болып жас ақты. Айдана мен Арман анасының құшағына тығылып, «Жыламашы, анашым» деп Айсұлудың көз жасын сүртті.
Айсұлу екі баласының маңдайынан құшырлана сүйді де телефонды алып, күйеуіне телефон шалды. Бауыржанға барлық өкпе, ренішін дәл қазір айтпаса ертең кеш болатындай күйгелектеді.
Телефонның арғы бетінен өзіне таныс дауыс естілді. Бұл жолы мас емес екен. Айсұлу еркін көсілуіне мүмкіндік болғанына қуанды. Бір жағынан қайыршылық деңгейге дейін жеткізген күйеуіне, оның ішімдікке салынып, зиянды әуестігінен арыла алмай жүргеніне Айсұлуды кінәлаған Бауыржанның туыстарына ызаланды. Өкпесін айтып, бар өшін телефоннан алғандай лақтырып жіберді. Күйеуі қайта телефон шалса да көтермеді. Онымен сөйлесуге оның зауқы да, күші де болмады.
Арманның «Анашым, қарашы. Мен еденді жуып қойдым» деген даусы тыныштықты бұзды. Сол уақытта Арман анасының көңілін көтергісі келген еді. Арман кішкентай болса да өз жасынан үлкен көрінетін. Ойлау қабілеті құрдастарынан әлде қайда жоғары. Қиындық көргеннен болар ерте есейді.
Айсұлу бар күшін жинап, балаларына бар мейірімін төгіп қарады да «Барлығы жақсы болады, құлыншақтарым. Ал енді дәмді етіп тамақ жасайық, бірге отырып шай ішейік» деп өзгеріп сала берді. Бірақ ішкі жан дүниесі сол күйі алай-дүлей еді.
Айсұлу балаларының қарны ашып қалмауы үшін, аз-аздан ғана тамақтанды. Өзінің соңғы рет қашан тоя тамақ жегені де есінде жоқ. Бауыржанмен тұрмыс құруына қарсы болған әкесі Айсұлудан теріс айналған. Алайда Айсұлу өкпесі қабынып, ауруханаға жатып қалғанда әкесі қызына оң батасын беріп, екі жиеніне қамқор болды. Бірақ көп ұзамай әкесі дүние салды. Содан бері Айсұлу өмірдің бар қиындық, нәубетімен бетпе-бет жалғыз қалғандай болды.
Айсұлу түні бойы ұйықтай алмады. Таң ата ғана көзі ілгені сол еді біреу есікті тағатсыздана қаға бастады. Бұл дүрсілден Арман мен Айдана да оянып кетті. Айдана шошып, жылай бастады. Арман қарындасын жұбатуға тырысты. Айсұлу жүрегі әлденені сезгендей есікке қарай жүгіріп, Бауыржанның «Айсұлу, есікті аш» деген дауысын естіді.
Бауыржан үйге кіріп келгенде Арман мен Айсұлу есеңгіреп қалды. Әкесін көптен көрмеген Айдана жүгіріп, Бауыржанның құшағыны тығылды. Арман болса кешегі анасының жылағанын, қиналғанын есіне алып әкесіне қатулана қарады. Ішінде әкеге деген сағыныш, өкпе, ыза, махаббат сезімдері бұрқанып жатты.
Әкесі Арманды күштеп құшақтағанда Арман жылап жіберді. Айсұлу, Айдана тіпті Бауыржан да көз жасына ерік берді.
Бауыржан Айсұлуға барлық қателігін түсінгенін айтып, аяғына жығылып кешірім сұрады. Ішуді қойып, жұмысқа тұратынын, үнемі бала-шағасымен бірге боламын деп ант су ішті. Дін жолына түсіп, бес уақыт намаз оқу ниеті бар екенін де жасырмады.
«Айсұлу, маған бір күн берші. Өткен өміріммен қоштасуға небәрі бір-ақ күн. Мен өткеніммен қоштасып, тазарып, жаңа адам болып келемін. Дін жолымен жүріп, күнәлі әрекеттерге бармаймын, сендерге қамқор боламын» деді Бауыржан.
Осы уақытқа дейін Бауыржан қанша мәрте кешірім сұрап, бос уәде беріп, көп ұзамай сол уәдесінен тайқып кетсе де Айсұлу оған тағы бір мүмкіндік беретін. Бауыржанның сөзіне сенбесе де, оны кешіретін. Бірақ бұл жолы барлығы өзгеше еді. Расымен де Бауыржан өзгергендей көрінді. Көзіне бұған дейін болмаған ұшқынды байқады. Бауыржан дін жолына түсемін деп ешқашан айтқан емес. Тіпті Исламнан өте алшақ адамдардың бірі болатын. Сондықтан Айсұлу оны тағы кешірді, тағы бір мүмкіндік берді. Тағы да сол жылт еткен үміт... Жарқын болашаққа деген сенім...
Айсұлу екі күннің ішінде болған жағдайларды қорыта алмай, ұзақ ойланып жатып сағатқа көзі түсті. Сағат 12 болмапты. Бауыржан сұраған бір күн әлі бітпепті. Өз ойымен арпалысып жатқанда есікті біреу қақты. Айсұлу Бауыржан екеніне сенімді болды. Қуанышқа толы жүрегімен есікке жүгіріп, кім екенін сұрамастан есікті аша салғаны сол еді табалдырықта тұрған полицейлерді көріп есеңгіреп қалды.
Қамсыз өмірінің соңғы күнін ішімдік ішу, қыздарға бару секілді сүйікті істерін жасаумен тәмамдамақ болған Бауыржан көлікке отырып, Айсұлуға, балаларына асықты.
Бауыржан жоғары жылдамдықпен, мас күйінде көлік жүргізіп жол апатына түсті. Бауыржан сол жерде тіл тартпастан көз жұмды. Өзі сұраған 24 сағаттың ішінде мәңгілікке аттанды... Бақилыққа кетті... Артында ақталмаған үміт... Орындалмаған арман қалды.
Сол күйі балаларына қамқор әке бола алмай кетті. Айсұлуды бақытты ете алмады. Әттең... Сол бір күнді сұрамағанда... Әттең... Сол күнді бала-шағасымен, құлшылықта өткізгенде... Әттең...
Әсем Әлмұханбет
Пікір қалдыру