«Сенің бойыңда тұнып тұрған талант бар, бірақ тіріңде «ұлы» деген сөзді ести алмай кеттің...»
Өмір... Махаббат... Өлең... Талант... Биікке ұмтылу... Құзға құлау... Орындалмаған арман... Аурухана... Жалғыздық... Азапқа толы соңғы күндер... Ажал... Өлім...
Кеше ақиық ақын Мұқағалимен етене жақын таныстым. Өлеңдерін оқып, кейбірін жатқа білгеніммен, тағдырымен парақ бетінде ғана танысқаныммен, көз алдыма елестетіп көрмегем... Ғабит Мүсірепов театрындағы «Мен ұмытылмаймын» қойылымы мені ақынмен қауыштырды. Ауыр тағдырын сезіндім, сол уақытта мойындалмаған таланты менің де жаныма ерекше батты, өзі биікте бола тұра жалғыз қалған Мұқағалидің соңғы күндерін көрсеткен қойылым мені терең ойға батырды.
Сол заманда мен болсам ғой, шіркін... Оның атын тірісінде жарыққа шығаратын, әлемге әйгілі ететін, 1976 жылдың 9 ақпанында туған күнін дүркіретіп өткізетін, ұлан асыр той жасайтын.. Дәл сол уақытта-ақ ақынның жырлары жастардың аузынан түспес еді, ұлы тұлға өз заманында дәрежесіне сай бағаланатын еді, халқы оның жанында болатын еді... Әттең, бәрі құр елес, бос қиял, қу сағым болып қала берді...
«Қайтадан тусам, өр мінезіммен өлімге емес, өмірге асығар едім» дейді ақын. Алайда бәрі кеш еді... Ауруханада жатып әкесімен сырласты, Музасымен, достарымен мұңдасты, туған жерін Қарасазын сағынды. Алайда бәрі кеш еді ғой, кеш еді... Ажалымен қай кездерде бетпе-бет келді, жеңуге тырысты, қолынан келмеді, себебі ажал одан күштірек болды.
«Мен ұмытылмаймын!» деді... Айтқаны дәл келді. Бүгінде Мұқағалидің жырын бойына сусындатып өскен жас ұрпақты білемін, мұзбалақ ақынның жырымен табысқан қос ғашықтарды білемін. Алайда көңілімде өкініш сезімі қалып қойды...
Гүлім ЖАҚАН