Соңғы күндері қоғамда әліпби конвертері туралы пікірталас пен талқы көп болды. Кейбіреулер «әліпби конвертерін жасау оңай, тіл білімін қажет етпейді» деген пікірде болса, екінші бір тарап «қазақ тілі таңбаларының конвертер бағдарламасын жасаудың күрделі әрі көп шығынды талап ететінін» айтады.
Осыған орай Qamshy.kz тілшісі 13 жылдан бері конвертер жасаумен айналысып жүрген Малайзияда тұратын программист Жолдас Нұрсұлтанмен сұхбаттасты.
Білуімізше сіз әліпби конвертерін жасаушылардың ең алғашқыларының бірісіз. Конвертер жасаумен қашаннан бері айналысасыз? Оған не түрткі болды? Зерттеу тәжірибеңізде не түйдіңіз?
Әліпби конвертерді жасаумен 2004 жылдан бері айналысамын. Оған дейін конвертер жасаушылармен таныс болғанмын. Сол кездегі «Тамшы» және «Мереке» торабын атап кетуге болады. Оған қоса Батыр, Ертай деген программисттер конвертердің қарапайым нұсқасын жасаған көрінеді. Алайда, ол кезде қазақ тіліндегі сайттар да аз еді.
Кірілше (Кириллица таңбасындағы. -ред.) сайттарды ашсақ, ондағы жазуларды оқи алмайтынбыз, оны түсіну керек болды, сондықтан осы қажеттілік негізінде кемелді бір әріп конвертер жасауға тура келді. Кірілшеден төте жазуға (Ахмет Байтұрсынұлы ықшамдаған араб жазуына ұқсас әліпби. -ред) сәйкестендіру алғашында әріптердің орнын алмастыра салу болып көрінгенімен, іс жүзінде орта мектептегі «Қазақ тілі» оқулығын ашып, қазақ тілі грамматикасын қайта қарап, бірер ай пысықтауға тура келді. Конвертер жасау барысында қазақ тілі грамматика заңдылығын жете игеру қажет, қысқасы қазақ тілі грамматика заңдылығын компьютер тіліне айналдыру керек.
Тәжірибе барысында түйгенім, конвертер кірілше нұсқаны төтеге 99%-дан жоғары дәлдікпен әкеледі, тіпті тереңдей зерделесе одан жоғары дәрежеге жеткізуге болады. Төте жазуға айналдыруда немесе керісінше төте жазудан кірілшеге сәйкестендіруде дәйекше және к, г, е (ك, گ, ە) сияқты әріптермен қазақ тілі заңдылығына бағынбайтын шет тілінен кірген кірме сөздер ең көп әурешілік әкеледі, ал қазір олар өте көп. Кірме сөздерді қазақ тілі заңдылығына икемдесе бұл мәселеден арылуға болады.
Төтені кірілшеге сәйкестендірудің ең қиын тұсы - төте әліпбидегі дәйекшенің болуымен жуан дауыс және тіл арты жіңішке дауыс, үндестік сынды т. б қазақ тілі грамматика заңдылығының болуы. Оны компьютер тіліне аудару қиындау. Көп ойланып, көп жұмыс істеуге тура келеді. Егер адамзат компьютер тіліне ілеспей, керісінше компьютер адам санасына ілесу керек деген қағиданы ұстансақ, төте жазу грамматикасына компьютер ілесе алмайды!
Төте жазудың аты көне делінгенімен, оның грамматика заңдылығы компьютер тілі атты империя толық бағындыра алмаған асқар шыңдармен территорияларға жатады. Бұл мәселеде компьютер және ғылым-техника қанша дамыды деген күнде де адам санасына ешқашан жете алмайтынының аз да болса бір дәлелі.
Бұл мәселелерді шешу үшін «қажетті сөздер» үшін қор дайындап, сәйкестіру барысында сол күмәнді сөздері белгілеп, ыңғайластыру керек. Сонымен қатар, бұл процесс уақыт және қажырлы еңбекті қажет етеді.
Кириллицамен латынша әріпті сөйлемдерде дәйекше түсіп қалу, қосылу деген заңдылықтар жоқ болғандықтан, компьютер тілімен ыңғайластыру барысында еш қиындық әкелмейді. Ал конвертерлердің жарыққа шығуы кириллицаның төте жазуға айналдыру немесе керісінше сәйкестендіруге аса зор қозғаушы күш беріп, араб-кирилл, латын сынды ұқсамаған әріптердің қолданылуы себепті келіп шығатын кедергілерді алшақтықтарды жойды деуге болады.
Қазір Малайзияда көрінесіз. Ондағы қызметіңіз интернет технологиясымен байланысты ма?
Қазір интернет қауіпсіздігін арттыруға қатысты программалармен жұмыс істеп жатырмын. Бүгінде интернет және ғылым-техника дамыды. Интернеттің пайдасы бар екенін жоққа шығармаймын. Дейтұрғанмен оның адамға әкелер түрлі зияны мен қаупі де аса мол. Техника дамыған сайын оның зияны да айшықталып келеді.
Оқушы кезімде java,C++, php тілдерімен программа жазумен айналысқанмын. Бейжіңде Softtek-IT Services and Business Process да java engineer бойынша программист болып жұмыс істедім. Software бағыты бойынша жеке жұмыстар істеуге де құлшындым. Кейін дамыған шетелдің ғылым техникасын көріп, білім алу ниетпен Париждегі Paris-sud 11 University-ге оқуға түстім. Магистрлық білім алдым. Университеттің ғылыми бағдарламалары, аспаптары өте озық, жетістіктері мол. Аталған ЖОО-ны Францияның алдыңғы қатарлы 3 мықты университетіне кіреді. Онда көп тәжірибе жинадым. École Polytechnique-де тәжірибеден өттім. Онда ғылыми орта өте кемелді. Көптеген пайдалы ақпаратқа қанық болдым. Ғаламшардың түпкір-түпкірінен, АҚШ, Англия, Франция, Италия, Қытай, Латын Америкасы, Түркия, Араб елдерінен келген курстастарым да алдына жан салмас майталман болды. Олармен қатар жүру үшін көп еңбек етіп, құлшыну қажет болды. Магистратураны бітірген соң Германияда бір жарым жылдай жұмыс істедім. Кейін Малайзияға келдім. Осында Software бағыты бойынша қызмет етемін. Негізгі компьютер тілім - C++.
Қазақ азаматы ретінде Қазақстанның мемлекеттік тіл таңбасын латын графикасына ауыстыруына қалай қарайсыз? Неден ұтамыз? Латын графикасына өтуде бізге ыңғайлы тәсіл қайсысы?
Мамандығым арнайы қазақ тіл ғылымы болмаса да, конвертер жасау барысында қазақ тілінің заңдылығына компьютер тілін жұмыс істеткенде оны зерттеуге мәжбүр болдым. Қазақстанның латын графикасына көшуі техникалық жағын айтпағанда бір қауымның ұлттық санасымен ұлыттық психологиялық күйіне тигізер ықпалы мол. Латынға көшкеннен кейін адамдардың ойлау жүйесі де өзгеруі әбден мүмкін.
Төте жазуда дәйекшенің болғандықтан оны айтылуымен жазылуы барысында қай жерде дәйекшені түсіру керек дегенді ойланады. Бұл - адамды дәйекшенің граматикалық заңдылығын әбден түсінуге мәжбүрлегендіктен, адам миының динамикалы жұмыс істеу функциясын жетілдіреді. Ал, кириллица және латыншада мұндай заңдылық жоқ болғандықтан немесе төте жазуда бар кейбір заңдылықтарды қалдырғандықтан, оны ойланбай төтесінен қағазға не компьютерде теріп жазуға болады.
Қазақстанның латынға көшуі заман талабы. Сонымен бірге ол Қазақстанда қазақ тілінің тұтастануына, оның ықпалын күшейтуге оң әсер етеді. Алайда оған бір буын немесе бірнеше ұрпақ алмасатын уақыт керек те шығар. Оны уақыт көрсетеді. Әліпби түгелдей тез көше салатын нәрсе емес қой. Оған біраз уақыт керек.
Әліпбидің латынға көшуінің ұлтқа, тілге және санаға берер әсерлерін талқылау өте күрделі. Оны талқылау үшін том-том кітаптар жазу керек болар. Алайда мен мұнда ұсынылған жобаларды компьютер ортасында болатын күйлерін ғана айтпақпын.
Латын графикасында диакритиканы іске қосу сол бұрынғы кириллицаның орнына латынша әріптерді таңбалау болғандықтан, ол кириллицаға үйреніп қалған адамдардың меңгеріп кетуіне оңай болуы мүмкін. Диакритикада ASCII ға жататын тұрақты 26 әріптен (ANSI қаріпті кодтар) тыс, басқа Unicode түріндегі бірнеше әріптерді де қолданады, ASCII түріндегі әріптер программа ортасында ең негіздік әріптер болып, түпкі компьютер тілі осы әріптермен жазылады, алайда диакритикада Unicode бар болғандықтан, бәрібір программаларды Unicode ортаға сәйкестендіріп жазуға тура келеді. Unicode-ты әріптерді біржақты ету еңбекті қажет етеді.
Ұсынылған апострофты латын графикасы компьютер программалық ортада түгелдей ASCII әріпті кодтар тобына жататындықтан, бағдарлама жасаушыларға қолайлырақ болмақ. Ондағы «'» таңбасы еш қиындық әкелмейді әрі бұл апостроф күнделікті ағылшын тілінде де көп кездеседі. Мысалы, John's, I'll, child's т. б. Осы таңба үшін программада қиындық болғаны есімде жоқ. Өз басым латынға көшу жобасында Президентке ұсынылған осы апострофты латын графикасын қолайлы деп ойлар едім. Оған тағы да қосарым осы апострофты төте жазудағы дәйекше ретінде алып әрі сонымен бірге оны дәл төте жазу грамматикасына бағындырып іске асырса деймін. Ал өте жазудағы басқа әріптерді латынға ауыстырып, дәйекше заңдылығын қоса енгізілсе екен.
Қысқасы, қазақтың көне төте жазу грамматикасын өзгеріссіз көшіріп латындандыру. Бұл ұсыныс компьютерлік программаларға қиындық әкелгенімен, адамдардың ойлау жүйесін арттыруға, қазақ тілі грамматикасын әр адам толық үйреніп, түсінуге итермелейді. Ал грамматика білетін адам сөзсіз тілді жақсы біледі, жадында сақтайды. Компьютерге ілеспей, қайта компьютерді тілге бейімдеу керек, себебі бұл қажетті нәрсе. Компьютерге ілесу немесе бейімделу сананың түсуі, жадының әлсіреуі, адамдарды өз қолымен роботтастырып, нәзік те сұлу әрі терең ой-сезім иірімдерін жоғалту деп білемін.
Мемлекет латынға өтуге айтарлықтай қомақты қаражат бөлетінін мәлімдеді. Шетелде оқыған маман көзімен қарағанда шынымен де латынға өту көп қаржыны талап ете ме?
Латынға көшу үлкен іс болғандықтан, оған қыруар қаржы жұмсалуы заңдылық. Бұл мемлекеттік, ұлттық өредегі өте үлкен тарихи жоба. Мәселен, банктегі банк жүйесіне сәйкес программа немесе қызмет өтеуін жасап берген IT компания екінші рет сол программа немесе қызмет өтеуін жаңалап немесе өзгертіп, шағын ғана программалық мазмұндама қосу немесе алу үшін олар банкпен үлкен келісімшарт жасап, миллион доллар қызмет ақысын алады. Ал бір биологиялық заттың микроскоппен көретін молекулалық құрылыс моделін компьютерлік сандық есептеу жолымен анықтап, жасап шығу үшін үйдей-үйдей, тіпті зәулім ғимараттай аса жоғары жилікті мега компьютерлер дайындау үшін миллиондаған, тіпті 100 миллиондаған доллар қажет. Ал сол алып сандық мәліметті жиып алған соң, оны қолдануға адамдардың ақшасы түгілі санасы жетпей жатыр. Ал, латын графикасы банк дәрежесіндегі немесе көзбен көруге болмайтын белгісіз әлемдегі молекулалық дәрежедегі нәрселер емес. Нәзік әрі мемлекеттік, ұлттық дәрежедегі жоба. Кемелді конвертер жасап, оған әртүрлі жанама қызметтер қосу, оларды түрлі ортаға икемдеу т.б. қатарлы істер көптеген ой жұмысын, техникалық жұмысты, адамды, уақытты және мол қаржылық қолдауды қажет етеді.
Сіздің зерттеулеріңіз арасында жасанды интеллект те бар екендігінен хабардармыз. Қандай нәтижелерге жеттіңіз?
2005 жылы оқушы кезімде жоғары дәлдіктегі конвертер жасадым. Ол бірталай қолданысқа ие болған. Қазір айналысқан жоба интернет қаупінен қорғану болғандықтан, адамдарды интернет қаупінен залалсыздандыруда арнайы өнім жасалды. Енді оны кемелдендіріп сапаландыру, толықтыру мен дамыту сатысы жүруде. Болашақта оны жұрт арасына кең қолданысқа енгізу жоспарымда бар.
Рақмет! Зерттеулеріңіз жоғары нәтижеге жете берсін!
Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай.
Пікір қалдыру