Тіл мәдениеті және оның бағыттары

/uploads/thumbnail/20171122144638246_small.jpg

Бүгінгі күнде тіл мәдениетіне, әлеуметтік тілтаным мен психотілтанымға және қолданбалы тіл білімінің басқа түрлеріне назар аударылып келе жатқаны белгілі. Тіл білімінің соны зерттеулеріне қарайтын болсақ, антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің алдыңғы қатарға шыға бастағанын байқаймыз. Осы орайда соңғы кезде зерттеле бастаған тіл салаларына біршама тоқталсақ. 
Айта кетейік, тіл мәдениеті әдеби тілдің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейтін тіл білімінің маңызды саласы. Тіл мәдениетінің тіл білімінің басқа салаларынан айырмашылығы – оның күнделікті өмірде тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланыста болатындығында. ­Жалпы тіл мәдениеті деген ұғымның өзі тілдік норманың үш түрін қамтиды. Атап айтсақ, тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбысталу нормасы); этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері); коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).

Орфоэпиялық норма – сөздерді дұрыс айту, лексикалық норма – сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану болса, грамматикалық норма сөйлеу мәдениетінде біршама тұрақталып, қалыптасқан норма саналады. Сөйлеу мәдениетінде ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы, көңіл күйге әсер ететін шынайылығы (ол қарапайым сөзден немесе бейнелі образды сөздерден құралуына қарамастан), көркемдігі маңызды рөл атқарады.
Сөз мәдениетін қалыптастыруға қажетті лингвистикалық орталықтар қатарына лингвистикалық болжау орталығы жатады. Лингвистикалық алдын ала болжау орталығы дәстүрлі тіл жүйесінің сапалық және сандық бағыттарын кешенді түрде зерттеу міндеттерін, сөз, сөйлеу қызметінің дәстүрін қалыптастыру мәселесін қарастырады. Сөз мәдениетіне қатысты лингвистикалық экология тіл және сөз мәдениетінің экологиясы деп аталады. Сөз мәдениетінің экологиясына тілдік жағдаят, тілдік сана, тілдік орта, тілдік ортаның тазалығы, сөз қызметіндегі стилистикалық қатынастардың бұзылуы, сөйлеу этикасының мәселелері, сөз мәдениеті және мониторинг, т.б. мәсе­лелер кіреді. Қазіргі уақыт талабына сай әлемдік тіл білімінде тіл мәдениеті «сөйлеудің тиімділік теориясы» деп аталып, әсер ету мен әрекеттестік бағытында зерттелуде.
Қазақ тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту нормасы. Жазу және сөйлеу мәдениетінің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны және оның орфографиялық ережелерді жүйелеу мәселелерімен байланысы қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттеліп келеді. Сөйлеу мәдениетін ұлттық мүдде ретінде тану, сөз мәдениетіне әлеу­меттік көзқарасты қалыптастыру, сөз мә­дениетін әлеуметтік ғылымдар мен ұлттық мәдениеттің ең бас­ты тірегі ретінде бағалау, сөз мәдениетін ұлт мәдениетімен қатар насихаттау, лингвис­тикалық болжау орталықтарын ашу, сөз мәдениетіне қарама-қарсы құбылыс – лингвистикалық экологияны жеке сала ретінде қарастыру, «әсем жеткізу» ұстанымдары негізінде сөз мәдениетін жетілдіру, т.б. мәселелерді дұрыс жолға қою негізінде тіл мәдениеті дамиды.
Тіл табиғатының қыр-сырына терең жан-жақты үңілу – ғалым А.Байтұр­сын­ұлынан бастау алып, Қ.Жұбанов зерт­теу­лерімен өз жалғасын тапқан. Тілші-ғалым М.Балақаев өзінің «Қазақ тілінің мәдениеті» атты еңбегінде: ­«Мә­дениет – оқу-ағарту, ғылым, өнер, т.б. рухани өмір табыстарының жиын­тығы» дейді. Мәдениет туралы түсінікке де әр ғалым әртүрлі анықтама береді. Мәдениеттің өзін екіге бөліп жүрміз: материалдық және рухани мәдениет. Соның ішінде, тіл мәдениеті рухани мәдениетке жатады.
Тіл мәдениеті тілдік тұлғаның тілін ұстарту міндетін жүзеге асырудың амал-тәсілдерін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тән нормалар тілдік тұтынушыны таза, нақты, лайықты әдеби тілмен сөйлеуге, диалект сөздер мен дөрекі сөздерді қолданбауға, сөйлеген сөздері жатық, әсерлі, түсінікті болуын қадағалайды. Сонымен қатар олардың мәнерлеп оқуын, сондай-ақ өз ойларын логикалық тұрғыдан байланыстыра, жүйелі жазу дағдыларын қалыптастыруға тиіс.
Академик Р.Сыздықова бұл мәселе­дегі ойын «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану (лекси­калық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қию­ластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру» деп сабақтаса, ғалым Н.Уәли өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазу­дағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, ­сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық» деп жазады.
Қандай адам болмасын, ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен де байқалады. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деп ұлы Абай тегін айтпаған. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретіне түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады, сөзді қалай болса ­солай қолдануға жол бермейді. Сөз мәдениеті мен өз мәдениетін қатар ұстап, екеуін бірге әлпештеп, қамқор болса, ана тіліне деген сүйіспеншілігі арта түсері даусыз.
Ойымызды әрі қарай жалғас­ты­ратын болсақ, ендігі кезекте пси­хо­тіл­таным, этнотілтаным, әлеуметтік тілтаным тәрізді ұғымдардың мән-жайын зерделеп көрсек.
ПСИХОТІЛТАНЫМ – (грек. psyche «жан» + лат. lingua «тіл») – адамның сөйлеу қызметі, оның тіл жүйесімен сәйкестігі туралы кешенді ғылыми пән. Психотілтаным сөйлеудің пайда болу, қалыптасу мен қабылдануы үдерістерін сөйлеушінің психикасы және ақыл-ойымен, сондай-ақ әртүрлі экстратілтанымдық (ең алдымен, әлеуметтік) факторлармен жинақталған адам қызметінің жеке жағдайы ретінде қарастырады. Психотілтаным терминін оның заманауи түсінігінде американдық ғалымдар Ч.Осгуд пен Т.Себеок енгізді. Психотілтанымның негізгі бағыты мәтінді тілтанымдық емес, яғни, сөйлеушінің өзімен, адаммен байланыста талдаумен байланысты көптеген деректерді теориялық ұғыну болып табылады. Психотілтанымда өзіндік ерекшеліктерге ие болатын негізгі мәселелерге мыналар жатады: балалар және жасөспірімдермен сөйлесуді игеру, тілді үйрену (әсіресе шет тілін), тілдік қабілеттіктерді дамыту, сөйлеуді мектепке дейінгілердің ұғынуы және логопедия мәселелері, бұқаралық ақпарат құралдарының сөйлеуге өзара әсері ерекшеліктері, құрылымдық вербалдық (сөздік) қауымдастықтарды оқып үйрену, субъектінің тілді игеруі бойынша психологиялық қызметіне эксперименталдық зерттеулер, инже­нерлік (авиациялық, ғарыштық) психо­логия, сот психологиясы мен қылмыстану (адамдарды олардың сөйлеу төлсипаты бойынша тану), нейро және патопсихология, афазия және орталық-ми сипатындағы және т.б. басқа да ақауларды алдын алу және емдеу.
ЭТНОТІЛТАНЫМ (грек. ethnos «халық» lingiustique «тіл туралы ғылым») – тілді халықтың дәстүрлі рухани мәдениетімен, оның өмірге көзқарасына және объективті шынайылықты қабылдауымен қатыстылықта зерттейтін кешенді пән. Ғылыми сөздіктерге сүйенсек, этнотілтаным тілді адамның ақыл-ойының, ділінің, тұрмыстық және салт-дәстүрлік мінездерінің, әртүрлі түрдегі мифологиялық қабылдаулары белгілері тұрғысында зерттейді.
Этнотілтаным этностың болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге ауысып келе жатқан дәстүрлі мирас­ты жаңғыртып, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің күрделі де құнарлы саласы. Этнотілтаным – жалпы ғылымға тән дифференция процесінің тіл біліміндегі бір көрінісі іспетті іштей жіктелудің нәтижесінде пайда болған. Тіл білімінің экстротілтаным, психотілтаным, паратілтаным, т.б. салаларымен қатар тұрады. Этнотілтанымдық көзқарас алғаш ХІХ ғ-дың 2-жартысында В.Гумбольдт, А.А.Потебня зерттеулерінде пайда болды. Бұл сала көп жағдайда этностың шығу тегіне, салт-дәстүріне, сондай-ақ өмір-тіршілігіне қажетті де ерекше орын алатын заттық мәдениеттің қыр-сырына ерекше мән беріп келеді. Этнотілтанымды тілдегі этнографизмдердің немесе тіл мен этнография фактілерінің қосындысы деуге болмайды. Этнотілтанымның қалыптасу процесін, мазмұны мен мақсатын, зерттеу нысанын сол салада істелген жұмыстың ауқымын бағыт-бағдары мен сипатынан пайымдауға болады. Мәселен, үндіеуропалықтар мен үндіеуропа тілдеріне бағышталған ­­­­­Т.Гамкралидзе ­­­­­­­­мен В.И. Ивановтың («Индоевропейцы и индоевропейские языки», 1977) еңбегінде үндіеуропалықтардың рухани-мәдени ортақтығы олардың тілі негізінде сөз болса, Н.И.Толстой­дың («Этнолингвис­тический словарь славянских древностей», 1996) сөздігінде славян халықтарының жанды тілінде сақталған байырғы мәдениетіне қатысты көнерген сөздері қарастырылады. Ал өткен ғасырда жазылған В.А.Серашевский­дің ­еңбегінде түркі халықтарының бірі – сахалардың тілдік болмысы сөз болады. Этнотілтаным тарихындағы күрделі еңбектердің біріне мажарларға қатысты 5 томдық этностық лексиконды жатқызуға болады. Осы орайда қазақ Этнолингвистикасы бойынша Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты 4 томдық энциклопедиялық сөздігін атауға болады. Қазақ тіл білімінде ­Этнолингвистика мәселелері жеке ғылым саласы ретінде ­­М.Копыленко­,­­ ­Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева, т.б. ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылды.
ӘЛЕУМЕТТІК ТІЛТАНЫМ туралы айтар болсақ (лат. soci(etos) қоғам, фр. lingua – тіл) тіл бі­лі­мі, әлеу­меттану, әлеуметтік психология, этнография ғылымдарының түйіскен аралығында туып дамыған тіл білімі саласы. Онын негізгі объектісі – тілдің функционалды жағын зерттеу. Қарастыратын басты мәселелері: тілдің қоғамдык табиғаты, әлеуметтік қызметі, тіл болмысының қатынастық түрлері (әдеби тіл, ауыз екі сөйлеу тілі, жергілікті диалектілер, койне, пиджиндер), тілдің әлеуметтік сипаттағы түрлері (жаргон, арго, кәсіби тіл), билингвизм, диглоссия, пиджинделу, креолдену, мультилингвизм үдерістері. Әлеуметтік лингвистика үшін аса қажетті мәселелердің қатарында тілдің (тілдердің) өмір сүру формасынан туатын тілдік жағдайлар, тіл мен мәдениеттің байланысы, тіл саясаты тағы басқа жатады. Тілдің әлеуметтік табиғатына алғаш көңіл аударған ХІХ ғасырда П.Лафарг, А.Мейе, А.Соммерфельт, ХХ ғасырда Прага структурализмі, Женева мектебінің өкілдері тағы басқа анкета арқылы байқау, интервью алу, статистикалык әдіс тағы басқа қолданған.
КСРО-да әлеуметтік зерттеу­лердің негізі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында салынған (Л.П.Якубинский, В.В.Вино­­градов, Б.А.Ларин, В.М.Жирмунский, Е.Д.Поливанов тағы басқа). 60-70 жылдары тіл саясаты мен онын практикалық мәселелерін қазіргі қоғам талабына сай шешудің өзектілігіне, қоғамдық құбылыс ретінде тіл табиғатын тереңірек зерттеу мақсатына байланысты тілдің әлеуметтік мәселелеріне қызығушылық артты. Әлеуметтік тілтаным – тілдің әлеуметтік табиғатына, оның қоғамдағы жұмсалымына, тіл мен мәдениеттің өзара әрекетінің сипатына, тіл сая­саты ерекшелігіне, қостілділіктің түрлі типтерінің болуына, сондай-ақ тілдегі өзіндік өзгерістеріне және оның түрлі нұсқаларына, шартталған әлеуметтік факторларға (тіл тұтынушының жасына, жынысына, біліміне, кәсібіне, қызмет саласына, діни көзқарастарына) және басқаларға байланысты кең ауқымды мәселелелерді зерттейтін тілтанымдық пән. Орыс тіл біліміндегі әлеуметтік тілтанымның негізін ­салушы ретінде В.М.Жирмунский, Б.А.Ларин, Е.Д.Поливанов саналады.
Қорыта айтқанда, жоғарыда атап көрсетілген мәселелерді әрі қарай да зерттеу арқылы біз оның өзге де қыр-сырын танып білеріміз хақ. Қалай болғанда, тілдің жайын ғылыми негізде зерттеу оның кешенділік сипатын арттырып, мән-мағынасын тереңінен зерделеуге кеңінен жол ашары сөзсіз.

Қазақ тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту нормасы. Жазу және сөйлеу мәдениетінің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны және оның орфографиялық ережелерді жүйелеу мәселелерімен байланысы қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттеліп келеді. Сөйлеу мәдениетін ұлттық мүдде ретінде тану, сөз мәдениетіне әлеу­меттік көзқарасты қалыптастыру, сөз мә­дениетін әлеуметтік ғылымдар мен ұлттық мәдениет­тің ең басты тірегі ретінде бағалау, сөз мәдениетін ұлт мәде­ние­тімен қатар насихаттау негізінде тіл мәдениеті дамиды.

Қатысты Мақалалар