Қазақ «қызға қырық үйден тыю» дейдi. Тәпсiрлеп айтсақ: қыз қырық үйдiң бiреуiнің ғана баласы. Қалғаны көлденең қаймана халық. Яғни, қыз ұяты – қауымның намысы. Қыз абыройын қору, қорғау – баршаға мiндет. Қору, қызғану өзiне аяулы болған дүниенi өзгеге қимағандықтан болатын сезiм. Бiреу бiреуден атақты, ақшаны, бақты қызғанады. Бұл – пендешiлiк. Ал елiн, жерiн, қызының арын қору, ол – азаматтық!
Тағы бiр әңгiме айтайын. Бiр көзтанысым шағын жиында отырып алып, шетелде оқитын сүйiктi қызының патриоттығын жыр қылды. Ол қыз Еуропадағы тұрып жатқан пәтерiнiң қабырғасына Қазақстанның картасын іліп қояды екен. Еліміздің туын жазу үстелiне орнатыпты. Қақ төріне Елтаңбаны қондырыпты… Жуықта ғана ардақты әкесінен қамшы, домбыра, шапан сұратып алыпты… Таңертең көзiн ұйқыдан ашар-ашпастан Әнұранды қойып жiбереді екен. Қысқасы, дастарқан басындағылар жылауға шақ қалды. «Осындай қыз өсірген сіздерге рахмет, ой, бәрекелдi!» десiп жатырмыз. Арамыздағы бiреу тұрып «қызыңыз қай курста?» деп қалды. «Бiтiрген», – дедi менің көзтанысым. «Ендi елге келмей ме?». «А, что она здесь потеряла?» – деп шоршып түспесi бар ма?
Айтуынша, оның «дана» қызы мұндай мешеу жұрттың маңдайына сыймайды екен. Оның жиған бiлiмiнiң қадiрiн тануға қазақтың өресі жетпейді…тағысын-тағылар. Міне, патриотизм жайында кейбір қандастың түсiнiгі осындай.
Момын Жыршы