Алматы облысында үйлену тойына барған жігіт үйіне оралмады. Бір топ жігіттің тепкісіне түсіп, мейрамхана маңында көз жұмған. Осылай деген отбасы мүшелері әділдік іздеп жүр. Олар 23 жастағы Сұңғатты соққыға жығып өлтіргендер 1 ай өтсе де, қамауға алынбады деп отыр. Күдікті кімдер, олар неге бостандықта жүр? Мәселенің мән-жайын Астана телеарнасы хабарлады, деп жазады.
Бегдалиевтер әулетіне қан жұттырған оқиға қазанның 27-нен 28-не қараған түні болған. Әкесі Оспандиярдың айтуынша, сол күні кешке баласы Талғар ауданындағы Көлсай мейрамханасына досының тойына кетеді. Бірақ түн ауа сағат 2 жарымдар шамасында, той иесі Сұңғаттың ауруханаға түскендігін, хабарлапты.
«Ресторанның алдында өлген. Бізге "өлі денесін алып келді" деді. Бұл групповой. Ешқайсысын ұстап отырған жоқ. Бір баланы ғана алып қалды. Бұл жерде ешқандай әділдік жоқ. Менің сұрарым, әділдік!» - Сұңғаттың әкесі Оспандияр Бегдалиев.
Әкесінің айтуынша, баласын 9 бұзақы топ болып тепкіге алған. Шамбайына батып отырғаны - барлығының қамауға алынбағаны. Өйткені күдікті деп тоғызы емес, тек екеуі ғана қамалған. Оның бірін көп ұзамай босатып жіберген дейді. Оспандияр Бегдалиев Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі іске енжарлық танытқандықтан, амалсыз облысқа шағымдандым деп отыр. Қорғаушы 2 қарашадан бері бұл іске үңіліп, талай шикілікті тапқанын айтады.
Бегдалиевтер әулетінің адвокаты Камшат Шинтекова: «Дер кезінде айғақтарды жинамай, куәларды анықтамай, сот медицина сараптауының тағайындауы бойынша қаулымен жәбірленуші тарапты таныстырмай және айыпталушылардың киімін уақытылы, дер кезінде алмаған. 99-шы бап, кісі өлімі орын алғандықтан, сол баппен қозғауын талап етіп отырмыз. Бірақ талабым әлі күнге дейін қанағаттандырусыз», - дейді.
Ал Алматы облысы Ішкі істер департаментінің өкілі жігіттің өліміне екі күдіктінің қатысы бар дейді.
«Атадлған іске байланысты екі күдікті ұсталды. 1994 жылы туылған олардың біріне Қылмыстық кодекстің 106 бабы бойынша іс қозғалса, екіншісіне «бұзақылық» фактісімен айып тағылды. Қазіргі таңда күдіктінің бірі үй қамаққа шығарылды. Екінші азамат уақытша қамауда. Қазіргі таңда іс облыстық тергеу басқармасына жіберілді».