Анкарада Түркия және Ресей президенттерінің кездесуі өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Басшылар екі елдің ынтымақтастығы жөнінде сөз қозғай келе, сауда байланысы мен Сирия мәселелерін талқылады.
Ердоған Ресей мен Түркия арасындағы сауда айналымының үстіміздегі жылдың алғашқы 10 айында 30 пайызға артқанын тілге тиек етті.
Қорғаныс аясындағы әрекеттерді айта келіп, түрік басшысы апта ішінде екі елдің өкілдері С-400 зенитті-зымырандық кешенді сатып алу мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Ердоған мен Путин Сириядағы ахуалды талқыға салды. Осы бағыттағы келесі қадам Сочиде өтетіні айтылды.
Бұдан бөлек Түркия президенті Таяу Шығыстағы жағдайды да назардан тыс қалдырмады.
Ердоғанның сөзіне сүйенсек, Иерусалимге қатысты мәселеде Түркия мен Ресей басшылығының ұстанымдары ұқсас келеді. Ердоған аталмыш мәселеге қатысты байланысты жалғастыру туралы шешім қабылдағанын айтты.
Оның айтуынша, Израиль АҚШ-тың шешімін палестиналықтарға жасалған қысым деп түсінді. Орын алған қылмыстық әрекеттерге жол бермеу керектігін ескертті.
Өз кезегінде Ресей президенті түрік басшысымен бірінші кезекте Таяу шығыс пен Сириядағы жанжалға қатысты мәселелерді талқыға салғанын айтты.
Путин АҚШ-тың Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындау туралы шешімін тұрақсыздандыру деп санайды. Сондай-ақ Палестинаның мәртебесі аясында Израиль мен Палестинаның арасында тікелей байланыстар қажет екенін атап өтті.
Пікір қалдыру