Бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Астанаға ресми сапармен келді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Сапары барысында Жээнбеков Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесті. Кездесуде Елбасы қырғыз басшысының сапарына ақ жол тілеп, екі елдің достық қарым-қатынасының мәңгі сақталуына сенім білдірді.
«Менiң шақыруыммен ресми сапармен бастаған жолыңыз ақ болсын, құтты болсын. Бастаған жолымыз екі елдің достығы мен болашағына жұмыс істесін. Сіздерді қуанышпен қарсы аламыз. Сіз бастап келген қырғыз делегациясының әрбір мәселесін шешуге Қазақстан әр уақытта дайын. 26 жыл тәуелсіздікте өмір сүріп келеміз.
Қазақстан ешқашан Қырғызстанға сөз тигізіп, жаманшылық қадам жасаған емес. Біз келеміз, кетеміз, ал екі ел көрші болып қалады. Бұрыннан солай жалғасып келеді. Сондықтан әр буынның бойындағы жігер сол жақсылықты, достықты қарым-қатынасты таза күйінде келесі буынға тапсырады», - деді Назарбаев.
Сондай-ақ жақында ғана президент болған Жээнбековке тілегін айтты.
«Бүкіл халық болып сізді сайлады, сенім білдірді. Сол сенімді ақтауыңызға Алла күш-қуат берсін!», - деді мемлекет басшысы.
Өз кезегінде, Сооронбай Жээнбеков жылы шыраймен қарсы алған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын жеткізді.
«Бізді жылы шыраймен күтіп алдыңыздар. Президент болып сайланғанда жақсы тілегіңізді білдірдіңіз. Біз үшін сыйлы азаматсыз. Әр айтқан тілегіңіз үшін алғыс айтамын.
Екі елдің достастығы аясында аянбай еңбек етемін деп уәде беремін!», - деді Жээнебеков.
Қазiр қос мемлекет басшысы кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылауда.
Пікір қалдыру