Жуырда продюсер Баян Алакөзова «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» хикаясының түсірілімін аяқтады. Аталмыш кинотуындының қоюшы-операторы - Александр Рубанов. Картинаның қоюшы-режиссері - Дархан Сәркенов.
Көгілдір экраннан көрініс алған аталмыш кинотуындыға көрермендер тарапынан түрлі пікірлер айтылуда. Жолымбет Мәкіш есімді Facebook қолданушысы өз парақшасында отандық киноға қатысты пікірін жазды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дейтін фильмнің алғашқы үш минутын көрдім. Сол да жетеді екен. Киноның басындағы екі қыздың сөз саптағаны да, тілі орысша шыққан адам құсап ежіктеп сөйлегені де сұмдық енді. Тап-таза калька! Продюсер Баянға олар қазақша керемет сөйлеп тұрғандай болып көрінген шығар. Өйткені оның өзінің тілі де жетісіп тұрған жоқ қой. Фильмге ол тура сондай «ракурспен» қарап, сұмдық әсер алған секілді. Киноның тілі осындай кемтар, дүбәра бірдеме болып шығыпты. Тіпті, ана қыздың көзін төңкерген қылығына дейін қаланың орыстанған ортасындағы қыздардың қылығы тура. Актрисалар да образға кіре алмаған. «Образға кіре алмаған» деймін, мына фильмнің сценарийін де орысша жазып алып, қазақша аударған ба, немене? Тілдері де, сөйлеген сөздері де жатық емес, жаттанды. Кинода да «отқан, жатырған, ояқ, бұяқ» дейтін біртүрлі мақаммен оттап отыр. Актрисалардың жүзінде ұяңдық жоқ. Түрлерінен орыстанған ортаның бетбақ болмысы ғана байқалады. Баянды мұндай нәрсеге жолатпау керек еді. Қазіргі өмірдің бүкіл «қоқсығын» киноға әкеп төге салыпты. Ұят-ай, әкең! Баян, Баян дегенге..... Бәрін құртыпты ғой...» деп жазды желі қолданушысы.