Фонограмманы жоятын уақыт келді – Сәуле Жанпейісова

/uploads/thumbnail/20180126150202165_small.jpg

Дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова бүгінгі қазақ эстрадасына көңілі толмайтынын айтты. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында «фонограмманы жою» мәселесін ашық көтерді.

Бүгінде ТМД елдерінің көпшілігі фонограммадан бас тартқан. Мәселен, Әзірбайжанда мәдениет министрінің өзі осындай шешім қабылдап, әншілерін жанды дауыста ән айтуға міндеттеді. Ал біздің билік неден қорқады?

Нағыз таланттар бар, тек олардың жолын ашу керек. Өзімізге белгілі Димаш Құдайбергеннің өзі Қазақстанда жүріп танылған жоқ. Халық та, билік те Қытайға барып, әлгі байқауда өнер көрсеткен соң ғана мойындады. Өкінішке орай, бүгінде біздің тыңдармандарымыздың құлақтары бітеулі. Теледидардан кімді көрсе, соны таниды. Ал әншілеріміздің теледидарда қалай өнер көрсетіп жүргендері бәрімізге мәлім. Дауыстары да, өздері де жасанды. Әрине, көрермен ондайға тез алданады. Кімнің нағыз, кімнің кем талант екенін олар білмейді. Соны арнайы мәдениет министрлігі, мәдениет басқармалары сынды органдар қолдарына алса деген ниетіміз бар.

Кез келген кеш фонограммасыз өтпейтін болды. Жанды дауыста ән айту жайлы ұсыныс түсе қалса, жұлдыздарымыздың есі шығады.

Осы уақытқа дейін бұл мәселені көтергендер көп болды. Алайда шығып жатқан нәтиже жоқ.  Енді міне, нағыз уақыты келген сияқты. «Сабақты ине сәтімен» демекші бұл мәселені ел ұмытпайды, біз ұмытпаймыз, соңына дейін күресеміз.

Бұдан бұрын фонограмма мәселесі көтерілгенде, министрлік бұл процеске дайын емес екенін айтқан. Егер фонограмманы алып тастайтын болсақ, сахнамыз бос қалады дейді. Сонда біз бүгінгі сахнаның жұлдыздарымен ғана өлшенеміз бе? Көрерменді қашанғы алдай бермекпіз? Фонограммасыз айта алатын таланттар қаншама? Сол таланттарымыз да жанды дауыспен айтпайтын болса, олар өздерін әрі қарай дамытудың орнына, керісінше өшіреді. Өнер де спорт секілді. Кез келген спортшы жарысқа үлкен дайындықпен шығады. Өнер де соны талап етеді емес пе?

Өнердің жолы шын мәнісінде ауыр жол ғой...

Иә, әрине! Бірақ фонограмма арқылы біз сол ауырды жеңілдеттік қой. Қазақ эстрадасында шын таланттар жетіп жатыр. Дегенмен, фонограммаға сүйеніп, әбден жалқауланып алған бәрі. Мүмкін артық проблеманы қажет етпейді, мүмкін өз-өздеріне сенбейді. Ең оңай жолды таңдап алып, сол бағыттан ауар түрлері жоқ..

Қазіргі уақытта бір ән айтып танымал болып кеткен әншілердің санында шек жоқ. Әндерінің өзі мағынасыз. Жалпы, қазақ эстрадасының «сөзі» қашан түзеледі?

Бұл да – үлкен проблема. Қазақ радиосын Жүрсін Ерман басқарып отырғанда, мен көркемдік кеңес құрамында болдым. Сонда жаңадан шыққан әндерді Роза Рымбаева, Кеңес Дүйсекеев сынды кеңес мүшелері отырып әуелі әнді тыңдайтынбыз, кейін сұрыптайтынбыз. Сөздері мағынасыз болса, қайта жаздыруға жіберетінбіз. Әннің сөзі, әуені, аранжировкасы және орындаушысы деген болады. Егер осы төртеуі тең болса, ән халыққа өтімді болады. Ал қазіргі жастарымыздың арасында әдемі ән жаза алатындар бар, алайда сол әннің сөздеріне көңіл бөлмейді. Кейде сол мағынасыз әндер әдейі жазылатын секілді. Себебі халықтың назары ең алдымен оғаш дүниеге ауады. Орындаушылары осындай дүниелермен алға түсіп кетіп жатыр.

Шыны керек, өнер де нарыққа кірген. Нарықта кім өзінің дүниесін қалай өткізсе, солай ақысын алады. Бұл үрдіс бізге шетелден келген. Қазақ әу баста ондай емес еді ғой. Бізде биік сана, терең философия, мазмұнды-мағыналы дүниелер болды. Қарабайыр сөзге, әнге құрылған туынды атымен болмаған. Сол жолымыздан жаңылып барамыз. Мұның бәрі ақшаның соңынан түсіп, атақ қуғандардың кесірінен болып жатыр.

Сол себепті өнер жолы екіге айырылған. Ата-бабаның жолымен келе жатқандар және ақша табуды мақсат етіп, өздерінше жол салып жүргендер. Ондайлардың жолы қаншалықты ұзын, қысқа екенін уақыт көрсетеді. Бірақ тыңдаушыға әсері тағы бар...

Неге бүгінгі жастарымыз сондай арзан дүниеге құмар? Шын таланттар неге бағаланбай жатады?

Совет үкіметінде қазақ музыкасында біраз қиыншылықтар болды. Қазақтың тарихын, батырлығын, қаһармандығын жырлайтын дүниелерге тыйым салды, айтқызбады. Соның кесірінен бүгінде жыр-дастандарымыз көп айтылмайды. Бірақ тәуелсіздің ақ таңы атқан мына заманда ешкім ешкімнің қолын байлап отырған жоқ. Қайтадан шығаруымыз керек, айтуымыз керек.

Бірақ өз тыңдарманымызды өзіміз құртып отырмыз. Телеарналарда халық әндері шырқалатын бағдарлама жоқ. Оны халық қайдан тыңдайды, қайдан таниды? Халық әндерін айтатын дәстүрлі әншілердің аяқтарына көбіне тұсау салынып жатады, қарымы да, қаржысы да жетпейді. Сол себепті жеке кештер өткізуіне мүмкіндік туа бермейді. Ал енді «халық танымағанды сыйламас» дегендей дәстүрлі әншілеріміз халық арасында аса танымал емес.

Сол үшін телеарналардан халық музыкасына арнайы сағат бөлінуі керек. Мұны да  мәдениет министрлігі шешуі керек. Министрліктің қаржысы кімге кетпей жатыр? Тіпті Қазақстанда өткен ЭКСПО -2017 халықаралық көрмесінде бір де бір дәстүрлі ән айтылған жоқ. Біздің кешегі Әміре Қашаубаевтың өзі Францияда, Германияда ән шырқаған. Ал біз мына тұрған Астананың сахнасына шыға алмадық. Есесіне шетелдің бар жұлдызын шақырды, кетіп жатқан шығын. Сол қаржыны неге қазақтың игілігі үшін бөлмеске?

Шыны керек, дәстүрлі өнердің тыңдаушысы ауылда ғана. Қалада бар шығар, алайда бірен-саран. Телеарна түгел шоуға тұнып тұр. Танымдық бағдарламалар жоқтың қасы.

Енді айтыңызшы, бізден кейінгі келе жатқан ұрпаққа не қалдырамыз? Әлгі «Аллоны» ма, әлде «Жоқ-жоқты» ма?

Сол дәстүрімізді, қазақтығымызды елге таныту өз мойнымызға жүктелді. Ауыл-аудандарды аралап, тұрғындарына концерттік бағдарламалар өткізсем деген арманым бар. Арман емес, ол бізге – міндет.

Сәуле ханым, өз салаңызға байланысты сізге биліктен орын берілсе, ең бірінші қолға алар шараңыз қандай болатын еді?

Мен барлық концерттік бағдарламалардың ұжымына елді аралап, халықпен етене жақын болуын міндеттейтін едім. Ең бастысы тірі дауыста ән шырқауларын талап етемін. Мәселен, мен бір жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылына кеш беруге барған едім. Сол кезде маған ауыл тұрғындары риза болды «68 жылдан кейін келіп тұрған алғашқы әртіс сенсің» деп. Соңғы рет ол ауылға Роза Бағланова барған екен. Осындай жағдайларда ғана халықтың рухын көтереміз. Біздің міндетіміз – алдымен халықтың ұлттық рухын ояту. Оның үлкен тармағы – мәдениет, оның ішінде – өнер. Қазақтың нағыз өнерімен елдің әр түкпірін сусындатуды басты мақсатымыз ету керек. Біздің еліміз қурап қалған егін секілді. Соны жақсылап тұрып суарсақ, шіркін! Сонда ғана қалың қазақтың сұранысын қанағаттандырамыз.

Тек фонограммамен ән айтып, халықты алдап, сахнаның киесін кетіріп жүрген әнші-сымақтарға не айтар едіңіз, қалай қамшылар едіңіз?

Айтсаң, жексұрын боласың. Айтпасаң, ішің өртенеді. Өскелең жастар – үмітіміз. Таланттың бойындағы қырлары ашылу керек, жұлдызын жағу керек. Бірақ тұлпардың алдына есектің түсіп кеткені ұят. Ұят деген дүние бірінші орында тұру керек. Есектің өзі ұялу керек, ойлану керек. Бірақ есекке ойланатындай құдай ми бермесе, оған айттың не, айтпадың не, бәрібір.

Сәуле ханым, «Дәстүрлі өнердің өз шаңырағы болсын» деп жүрген жандардың бірі болдыңыз. Енді міне «Аманат» өнер студиясы ашылып, дәстүрлі әншілерді дайындауда. Арманыңыз сәл де болса орындалған секілді...

Иә, былтыр ғана «Аманат» өнер студиясының бір жылдығына орай «Алатауды жаңғыртты домбыра мен комузым» атты қырғыз-қазақ концерті  «AMANAT music»  І Халықаралық конкурс-фестивалін өткізді. Бұл жоба ертеңгі жас өнерпаздарымыз үшін үлгі ретінде ұйымдастырылды. «Аманат» өнер орталығы бабадан қалған өнерді жалғастырып, жас жеткіншектерді ұлттық өнер баулуда аз ғана уақыттың ішінде талай жеткіншектің өнердегі шамын жағып келеді. Жұмыс өз бабымен жүріп жатыр.

Осындай дәстүрлі өнердің орталығы болса деген арманым көптен бері көкейімде жүретін. Қанша жыл бойы аузымыздан су құрығанша айттық, алайда ұсынысымыз қолдау таппай келді. Қолдау болмаған соң өзіме қимылдауға тура келді. Сөйтіп, Астанаға барып, «Аманат» өнер орталығын аштық. Енді ашқалы жатқанымызда Алматыдан «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылатыны жөнінде хабар естіп, бірден осында келдім. Содан бері осындамыз. Оған қолдау білдірген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек болды. Ол кісіге алғысымыз шексіз.

Алматыда Алатау дәстүрлі өнер театрында ашқанымызбен, әлі де көп шаралар қолға алынбай келеді. Тек бір жылдығымызды өткізер кезде театрдың басшылығына дәстүрлі өнер иесі, жыршы Берік Жүсіпов келді де, бір жылдыққа орай жаңағы фестивалімізді өткізіп алдық. Онда жан-жақтан 144 бала келді. Республика ішінен бөлек Қырғызстаннан да екі ансамбль, дәстүрлі орындаушы балалар келді, Якутиядан бірнеше өнерпаз келді.

Аманат өнер студиясы

Түбі бір, діні бір елдер арасында осындай фестиваль ұйымдастырып, достығымызды нығайту – мақсатымыз болды. Сол кездегі Атамбаевтың мәлімдемесі де бізге тосқауыл болған жоқ. Елбасымыз айтқандай «Басшылар келеді, кетеді, ал екі елдің халқы қалады».

Тек осындай дәстүрлі өнердің билік тарапынан қолдау таппай отырғаны көңіл қынжылтады.

Қатысты Мақалалар