Жеңіс Ысқабай: Мен үшін қазақ пен жусан егіз ұғым

/uploads/thumbnail/20170708164618418_small.jpg

«Zhusan» шығармашылық орта­лығының жетекшісі, белгілі фотограф Жеңіс Ысқабай ағаштан ойып, мал терісімен қапталған тұрмыстық бұйымдар жасай бастады. Біз су­рет­шінің студиясына барып, тыр­нақалды туындыларымен танысып қайтқан едік.

Қолөнерге деген қызығушылық Жеңіске атасынан дарыпты.

Әңгімені әріден бастасақ, Сақбай ақса­қал қанқұйлы соғыстың зардабын тартып, қырық жыл колхоздың жылқысын баққан. Дәл 9 мамыр күні өмірге келген немересіне «Жеңіс» деп ат қойып, қолынан түсірмей өсі­реді. Тіпті кішкентай күнінде көз қуаны­шын тымаққа салып ұстап, бетіне ұзақ қарап отырады екен. Ер жеткенше қойнына алып жатыпты.

«Ес білгелі атамның малдың терісін сүтпен бүркіп илеп, жіңішке етіп қайыс тіліп отыратынын көретінмін. Ол кісіге қырықөрім қамшы өріп, ер-тұрманын өзі шауып алу сөз емес еді» дейді ол.

Үлкендердің айтуы бойынша, Жеңіс 3-4 жасында «Ара» журналының мұқабасына шыққан суретті айнытпай сала бастайды. Көрген дүниесін қайталап жүріп, қылқалам құдіретін біршама меңгереді. Кейін атасына ұқсап ағаш оямын деп, сән мәрте саусақ­тарын жаралап, қолын қан-жоса қылады. Сонда да алған бетінен қайтпай, қисық-қыңыр ағаштан әлдебір дүние ойлап тауып, жан-жағындағыларға сыйлап жүруді әдетке айналдырады.

«Ел байқамай теуіп тастап немесе үсті­нен басып өте беретін ағаштарды бір-екі мәрте жонып жіберсем, ойымдағы зат аумай шыға келеді. Мектепте арнайы үйірмеге қатысып, әр ағаштың өз ерекшелігі бола­тынын түсіндім. Ол кезде колхоз-совхоздар тарай қоймаған уақыт. Ағаштың түр-түрі ауылдарда да табылатын. Ағайымыз ең бірінші оюлы пышақ жасауды үйретті» дейді алғашқы ізденістері туралы кейіпкеріміз.

– Қазір менің сыныптастарымнан «Жеңіс сабақты қалай оқыды?» деп сұра­саңыздар, «өте жақсы» деп жауап береді. Шын мәнінде, үй тапсырмасын тыңғы­лықты орындап емес, кез келген сабақтан апайлардың тапсырған суреттерін салып беріп, төрт пен бес алатынмын. Бірде әкем­нің Есіркеп деген досы ауылға қонаққа келген бір суретшіні үйге ертіп келіп, менің сызбаларымды көрсеткен. Әлгі кісі менің арнайы білім алу керектігімді тапсырып кетті. Содан 9-сыныпты бітірген жылы Ал­матыға өнер колледжіне оқуға келдім. Алай­да қабылдау уақыты өтіп кетіпті. Ал­маты құрылыс және менеджмент кол­леджінде анамның таныстары бар екен, сол жерге құжат тапсырып, сәулетші мамандығына түстім. Төрт жыл Пак Генадий Борисовичтан дәріс алдым. Күндіз-түні шеберханасынан шықпайтынмын. Сол кезде үйренген тәжі­рибемді қазір компьютермен байла­ныстырып, дамытып жатырмын. Сәулет өнерінің тарихын толық меңгердім деп айта алмаймын. Бірақ сол кездегі ізденістерім бүгінгі жетістіктеріме жол ашты, – дейді.

Жеңістің шығармашылық жолының қалыптасуы да қызық. Колледж бітірген жылы әскер қатарына алынады. Азаматтық борышын өтей жүріп, тағы да әскери бөлімнің ағаш шеберханасын айналшықтап шықпай қояды. Есік-терезеден қалған ағаш қалдықтарынан түрлі заттар жасап, тіпті байқауда бақ сынап та үлгереді.

– «Азия дауысы» халықаралық фести­валінің дүркіреп тұрған кезі. Бір күні теле­дидардан «Егер қолдан жасаған бұйым­да­рыңыз болса, үздік орындаушыға өз аты­ңыздан сыйлай аласыз» деген жарна­маны көріп қалдым. Оларға ағаштан жонған ұлуымды көрсетіп едім, сол күні кешкісін Медеуге келуімді өтінді. Әскерден сұранып, осында тұратын досымның киімдерін ал­дыр­дым. Ол менен ірілеу жігіт еді, шал­барының балағы, костюмінің етек-жеңі ұзын, соған қарамай сахнадан бір-ақ шық­тым. Үздік әншіге ізгі-тілегімді білдіріп, сыйлығымды тапсырдым. Әскери бөлімге қайтып оралған соң, екі-үш күн ұйықтай ал­самшы. Көз алдымнан халықтың ысқы­рып-шулап қолдағаны мен сахнаның жарқ-жұрқ еткен шамдары кетпейді. Қасымда спортпен айналысқан сарбаздар көп бо­латын. Бір жігіт «жұлдыз ауруына шал­дықтың» деп күледі.

Не керек, келесі жылы тағы қатыстым. Бұл жолы қолдан жасаған бұйымдарымды сыйлап қана қоймай, сатып ақша таптым, – дейді шебер.

Жеңіс әскерден кейін сол бөлімде жұ­мыс істеуге қалады. Бір жарым жылдан ке­йін жарнама агенттігіне ауысады. Кейін жиһаз фабрикасында да біраз уақыт тәжірибе жинақтайды.

– Студент кезімнен түрлі суреттер түсіре бастадым. Кейін «Азия Қазақстан» фото­клу­бына мүшелікке алындым. Апта сайын қа­ладағы фотографтар бас қосып, түсірген фотоларымыздың артық-кемін бағамдай­тынбыз. Өзгелермен салыстырып, жұмыс­тарымыз талқыланатын.

Білікті суретшілер жақсы-жаманын түсіндіріп, артығын сызып тастайтын. Бір жылы сол клуб жариялаған байқауда үш бірдей аталымды жеңіп алдым. Көбіне басқа ұлт өкілдері бас қосатын. Солардың арасынан топ жарып шыққаныма қарағанда, байқау әділ өткен болуы керек. Ал 2005 жылы «Алматы ақшамы» газетіне жұмысқа орналасып, газеттің жұмысына араласа бас­тадым. Мұндағы күнделікті қарбалас жаны­ма жақты. Орысша оқып, басқа ұлт өкіл­дерімен қызметтес болған мен үшін қазақы әлемнің есігі ашылды. Қазақтың небір мар­қасқаларымен таныстым. Үлкен кісі­лердің батасын алдым. Рухани тұрғыда өсіп, зиялы ортаға сіңістім. Неге екені есімде жоқ, бір күні бас редакторымыз Қали Сәр­сен­байға ренжіп қалдым. Өкпелегенім соншалық, амандаспай қойдым. Бірде ол кісінің «Көшеде кетіп бара жатқан қария көрсем, барып амандасқым келіп тұрады» деген әңгімесін естідім. Сол кезде өз ісіме қатты ұялып, «амандаса салсам нем кетеді?» деп ойладым. «Жақсының шарапаты тиеді» деген осы шығар, Қали ағаның осы сөзі маған өмірлік сабақ болды. «Ұлық болсаң, кішік бол» демей ме, үлкенге сәлем беріп, амандасып жүрсең, батасын алады екенсің. Талай үлкен кісілердің үйіне барып, бала­сын­дай еркелей жүріп, қайталанбас бейне­лерін халыққа жеткіздім, – дейді Жеңіс Ысқабай.

Фотограф Жеңістің сол жылдары бас­қалардан ерекшелендіріп тұратын өзіндік қасиеттері бар болатын. Ол үнемі басына оюлы ақ тақия киіп жүреді және сөмке толы суреттерін кейіпкерлеріне үлестіруден жа­лықпайтын.

«Студенттік жылдары қолыма түскен ақшаға пленка сатып алып, оны айқындап, шығ­арудан артылмайтын. Кешке дейін қыздарды түсіре беретінмін. Менің қарным аш, бірақ әлгі сұлулар суреттерін көріп мәз болатын. «Алматы ақшамы» газетіне орна­ласқаннан кейін де осы әдетім қалған жоқ. Сурет шығару шығын болғанымен, әсіресе, әріптестерімнің көңілін табу көңіліме рахат сыйлайтын. Сөмкемде үнемі «Қазақстан» шоколады жүретін. Оларды тілшілерге суреттерімен қосып, таратып беретінмін. Кіш­кентай кезімнен аңқаумын, сол аң­қаулығым жүре келе осындай жомарттыққа ұласты. Сәбит Оразбаев ағамның «құл бо­лып қызмет ет, би болып өтерсің» деген бір сөзі бар. Ал Бейсен Құранбек ағам «сол кезде таратқан суреттерің бүгінде өзіңе қыз­мет жасап жатыр» дейді. Неге екенін біл­меймін, адамға көңілім толып тұрса, қо­лымдағы барды бергім келіп тұрады. Қонағына атын мінгізіп жүріп, жүгенін ұстап қалатын қазақтығымыз болар. Бірақ елге қанша жомарттық танытсам, менің несібем бірнеше еселеніп, артық келіп отырады» дейді суретші.

Жеңіс Ысқабай «Алматы ақшамы» газетінен кейін Алматы облысы әкімдігінде біраз жыл тер төкті. Алматы облысы әкімі Серік Үмбетовтің берген еркіндігінің арқа­сында тәжірибесі бұрынғыдан да то­лыға түсті. Ол кісінің бойындағы төзімділікке таңданып, өзі де сабырлы болуға үйренді. Қазір «Жусан» атты жеке студиясын ашып, сурет түсірумен айналысады.

– Ағаларым қолдап, қаланың қақ орта­сынан студия ашып берді. Құрал-жабды­ғыма дейін алып беріп, демеушілік жасады. Ал «Жусан» деген атына келсек, әуелгіде сурет өнеріне қатысты атау болса деп ойла­ғанмын. Бірақ оңтайлы ештеңе таба алмадым. Бірде Бейсен Құранбек ағамның үйінде жеңгеммен сөйлесіп отырып, кітап­тардан іздестіріп қарадық. Бір кезде «жусан» деген сөзге көзім түсіп кетпесі бар ма?! Ізде­генім табылып, қатты қуандым. Қай тілде айт­саң да әдемі естіледі. Қатесіз, бұрма­лаусыз оқылады. Оның үстіне, біз ат мініп, жел­мен жарысып өскен даланың баласы­мыз. Алматы облысы Талғар ауданы Туғанбай деген ауылда ержеткенбіз. Ата-анамыз мал баққаннан кейін қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп жүрдік. Сондықтан жусанның иiсі қанымызға сіңген. Жусанды қазақтан басқа кім қадірлеп жатыр?! Мен үшін қазақ пен жусан егіз ұғым. Қарапайым логотипін де сол мезетте салып шықтым. Бір қарасаңыз, жоғарыға қарап өсіп, ұм­тылып тұрған шөп. Екінші жағынан қара­саңыз, біз жолымыздың ашықтығын, ба­сымыздың амандығын, жалпы кез келген жақсы тілекті алақан жайып Алладан тілейміз. Анықтап зер салсаңыз, он тал жусанның бұтағы он саусақ пен аялы алақанға да ұқсайды.

Орталықты ашқаннан бергі негізгі жұмысым «Қазақстан барысы» жобасын суретке түсіру болып жатыр. Дүбірлі доданы бастапқыда жалғыз түсіргенмін, қазір бір топ фотограф жұмыс істейміз. Өйткені бір адамға қарағанда, топ болып жұмыла кіріс­кен әлдеқайда қолайлы. Ұтымды сәттерді қалт жібермей, жан-жақтан қаумалап түсі­ресің. Біріміздің үлгермегенімізді екіншіміз мүлт кетірмеуіміз мүмкін. Кімнің кімді алып ұратынын, қай жамбаспен құлай­ты­нын алдын ала болжау емес. Оның үстіне, кілем үстіндегі балуандарды ғана түсіріп, көрерменді, олардың жанкүйерлерін, бапкерлерін ұмытып кетуге болмайды. Нәтижесінде жиған-терген тәжірибемнің барлығын қолданып, мыңдаған кадрлердің ішінен үздігін таңдап, үлкен альбом дайындап шығарамыз, – дейді фотограф.

zhusanЖеңіс биылдан бастап тұрмыстық бұ­йым­дар жасауды да қолға алды. Әуелі ағаштан қазақы төсек құрастырса, жақында шай ішетін оюлы үстел дайындады.

– Баяғыда техниканың жоқ заманында да ата-бабамыз ағаш өңдеп, темірден түйін түй­ді емес пе?! Қазір кәсіп жасаймын деген адам­ға барлық жағдай бар. Қыздың жаса­уына берілетін сандық-төсектер сапасыз ағаштан жасалатынын көріп жүрміз. Жа­санды жиһаздардың орнын қазақы бұйым­дармен неге алмастырмасқа?! Тек ниет болса, мүмкіндік жетіп артылады. Мұндай төсекті өзім әзірге ешқандай шебер­ханадан көрген жоқпын. Алдағы уақытта көшірмесі жасалуы мүмкін. Талаптанған шеберлер болса, көрсін, үйренсін деген ниет ұстанып отырмын. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді ғой халық даналығы. Не істесем де майын тамызып, нәтижесін көрсетуге тырысамын. Өз жұмысыма нем­құрайды қараған адам емеспін. Менің бір білетінім, әр адам өз атына сай болуы керек. Сондықтан әрдайым бір жаңалық ойлап тауып, үнемі жеңіске жетуге ұмтылып келе­мін, – дейді Жеңіс бізбен әңгімесін аяқтап.

Қатысты Мақалалар