Алматы қаласында өліктерді өртейтін Крематорий салу жобасын қалалық әкімшілік мақұлдады деген хабар таралғалы бері біраз уақыт өтті. Қазақ тілді бірнеше басылымдар мен интернет сайттар жазғанымен, мардымды жауап болмады. Ақыры жабулы қазан жабулы күйінде қалды.
Бұл мәйіттерді өртеу орны - Крематорий салу туралы шешім 2004 жылы Алматы қалалық әкімшілігі тарапынан шешіліп қойған. Қазір құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. 1,5 миллионнан астам халқы бар Алматы күн санап өсіп келеді. Соған сәйкес марқұмдарды жерлейтін бейіттерде орын тапшылығы қатты сезілуде. Осы тығырықтан шығудың жалғыз жолы-Крематорий-деп безек қаққан салттық қызмет көрсету мекемелері, атап айтсақ аталмын мекеме директорының орынбасары Марат Исмаиловтың уәжіне бірден құлақ түрген қалалық әкімшілік қызметкерлері Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты Боралдай қорымы маңынан, адамдар тұратын аумақтан белгілі бір қашықтықты сақтай отырып крематорий салуға ойып тұрып 2 гектар жерді берген екен. Аталмыш жер телімінде крематорий салуға барлық техникалық жағдай қарастырылған. Газ, жарық, су секілді коммуникациялық желілер сол араны бойлай өтеді. Шешім шыққалы 10 жыл өтті, әлі ештеңе салынбады деп уайым-қамсыз жатуға болмайды. Себебі құрылыс жұмыстары басталып кеткен ол жерде. Бұл туралы "Қазақпарат агенттігіне" сілтеме жасай отырып, "Қазақстан заман" газеті жазған болатын.
«Крематорий іске қосылса, бірінші кезекте жерді үнемдеуге болады. Екіншіден бізде қаңғыбас иттердің өліктерін утилизациялайтын, яғни көзін жоятын арнайы орын жоқ. Мал өлекселері кез келген жерде жатады. Көбінесе қала сыртындағы қоқыс төгетін орынға тасталады. Ал бұл дегеніңіз жұқпалы вирустардың қайнар көзі ғой. Ауаға таралған иіс арқылы қанша адам түрлі індет жұқтырады. Қазақстандағы тұңғыш крематорий Алматы сынды тұрғыны көп шоғырланған мегаполисте бой көтеретін болады. Бұл қалалық әкімшілік тарапынан мақұлданып, шешілген»-дейді салттық қызмет көрсету мекемесі директорының орынбасары Марат Исмаилов.
Өліктерді өртеу орталығы Алматыдан бірнеше шақырымда, батыс қорымның тура қасынан тұрғызылатын көрінеді. Бірақ, ол жер айдала болғанымен қаладан тым жырақта емес. Ал алдын ала жоспарлаған есеп бойынша болашақ крематорий құрылысына қазынадан 600 миллион теңге жұмсалады-мыс.
Ресми статистикаға сүйенер болсақ бір ғана Алматыда 1 айда 30 белгісіз адамның мәйіті жерленеді екен. Ал қаладағы қорымдарда орын қалмаған көрінеді. Салттық қызмет көрсетуші ұйымдардың басты проблемасы мәйітті орналастыратын жер тапшылығы.
Ал қазіргі таңда Алматыда 41 қорым бар болса, соның 27-сінде ине сүйем жер болмаған соң ол бейіттерді жауып тастаған. Қалған қорымдарда қайта жерлеу жұмыстары жүргізілуде екен. Жоғарыдағы бейіттердің ішінде ің ірісі ТЭЦ-2 аумағында орналасқан «батыс қорымы». Ол 293 гектар жерді алып жатыр. Соның өзі лық толған екен. Қазақ топырағында бұрынғы мен соңғыда крематорий атауымен болмаған.
Адам мәйітін өртейтін орынды салуға итермелейтін басты себеп-өліктерді жерлейтін жер қалмапты-мыс. Ұлан-байтақ жерімізді толтыра алмай жатқанымызбен жеріміздің асты тар болса, дүниенің кеңдігінен не қайыр дейміз де бұндайда. Үстіміздегі жылы Есімовтың басқаратын аппараты қалада тұрғын үй салуға жер таппаған еді. Енді міне көр салуға да жерді аяп отыр.
Исмаиловтың сөзіне қарап адамның басы иттің ермегі болған ба дейсің. Адамы бар, малы бар бәрін жинап өртей салу оңай болғаны ма сонда?! Қазақ өлі разы болмай, тірі байымайды-деп бекер айтпаған. Өмірден өткен марқұмдарға деген құрмет қайда қалмақ. Өлсең өртенесің. Естігенге сұмдық. Құранда «Таһа» сүресінің 55- аятында «адам топырақтан жаратылды, өлгенде топыраққа қайтарылады» деп нақты айтылған. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының да пікірін беруді жөн көрдік.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы Ержан Малғажыұлы: «Исламда шариғат бойынша адам өртеуге тыйым салынады. Оны жер қойнана шариғат бойынша тапсыру керек. Мәйіттерді өртейтін крематорий салуға Ислам діні түбегейлі қарсы. Құран Кәрімнің бірқатар аяттарында әрбір тіршілік иесі өлім дәмін татады деп көрсетеді. Ал адам баласын жерге көму қалай басталды? Соған тоқталсақ. Бағзыда Адам Атаның (с.ғ.с.) Абыл мен Қабыл деген ұлдары болады. Екеуінің де қыз сыңарлары болған. Адам Ата екеуінің сыңарларын ауыстырып, үйленддіргісі келеді. Бірақ Қабыл бұған қарсы шығып, өз сыңарына үйленгісі келеді. Сөйтіп, Қабыл Абылды өлтіреді. Бұл адамзат тарихындағы ең алғашқы өлім болған. Абылдың өлігін не істерін білмей, басы қатып отырғанда Алла тағала ынадай мысал жібереді. Екі қарға бір-бірін шоқып жатады. Бірі екіншісін өлтіріп қояды да, тірі қарға тырнағымен жерді қазып, екіншісі көмеді. Содан көргенін істеген Қабыл Абылдың да мәйітін жерге көмген. Адам топырақтан жаратылған. Адамның бойындағы барлық элементтер топырақта кездесетіні сондықтан. Міне сол себепті де адамды жерге жерлейді. Асыл дініміз өлікті өртеуге жол бермейді.»
Дегенмен крематорий салуды қос қолдап тұрып қалайтындар да табылды. Мысалы Сызғанов атындағы хирургиялық орталықтың ғылыми-клиникасы бас директорының орынбасары Ербол Шайхиевтің сөзін тыңдасақ, крематорий ең әуелі жаһанданудың жарқын көрінісі екен-мыс. Сондай-ақ, адамдарға таңдау еркіндігін береді. Ал қазақстанға ең жақын крематорий Новосибирскіде орналасқан екен. Мәйітке Ресейде кремация жасаудың орташа құны 500 мың теңгені құрайды екен. Бірақ оның әуресі көп дейді дәрігер мырза.
Қазақстанда 140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Олардың дәстүр-тарихы да сан түрлі. Әрқайсысының түрлі діни ұстанымдары бар. Сол секілді түрлі жерлеу үрлістері де бар екені рас. Мысалы, зороастрейцтар мәйітті ағашқа асып қоятын, египетте мумиялап қойса, гректер мен римдіктер өлікті өртейтін болған. Ал ислам бойынша мәйітті жерге көму парыз етілген. Кезінде Алматыда крематорий салуға Дінмұхамед Қонаев атамыз үзілді-кесілді қарсы тұрып, салдырмай қойған еді. Қазақстан көп ұлтты. Соған сәйкес крематорий салу керек деу қисынсыз. Біздің дінімізде кремация мүлде мақұлданбайды.Есімов шариғатқа қарсы шыққанымен тазалық пен мейірімділік үстемдік құрған дінімізге өліктерді өртеу деген мүлде кереғар ұғым. Тірісінде жерге, өлгеннен соң көрге жарымай жүрмекпіз бе сонда?! Біздің жоғарыдағы басшылар осындай сұмдықтарға жол беріп қайда қарап отыр?!
Нұрлан Сайлауұлы, Дінтанушы
Ислам діні мәйітті өртеуге тыйым салған. Сондықтан мұсылман адам қайтыс болғаннан кейін өз денесін өртеуге де өзгенің денесін өртеуге де құқы жоқ. Мұсылман мұсылманға тірі кезінде қалай құрмет көрсетуі керек болса қайтыс болған соң да құрмет көрсетілуі керек. Тіпті мәиітті ұруға, соғуға, денесіне зақым келтіруге болмайды. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (с.а.с.) «мәйіттің сүйегін сындыру, тірінің сүйегін сындырғанмен тең» деген. Егер мәйіттің сүйегін сындыру тірінің сүйегін сындырғанмен тең саналса, мәйітті өртеу, тіріні өртегендей күнә саналмақ. Сондықтан мұсылманшылықта қайтыс болған адамды жуындырып, кебіндеп, жаназасын оқып, жерге көмеді. Көмілген жерді де орынсыз басып, таптауға болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір сөзінде «қабірге отырмаңдар...» деген. Олай болса ата-бабамыздан да исламнан да мәйітті өртеу дұрыс саналмаған.
Нұркелді Әбдіғаниұлы