Мұхтар Мағауин - 75 жас(құттықтаулар)

/uploads/thumbnail/20170708164644781_small.jpg

Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Мұхтар Мағауиннің туған күні. Жазушы 75 жасқа толып отыр. "Қамшы" ұжымы жазушыға зор денсаулық тілей отырып, әлеуметтік желілердегі ағайынның қаламгерге деген ыстық ықыластарын жинақтап беруді жөн санады.

Ғалым Боқаш, шығыстанушы:

Бұл адам түркі-қазақ жұртына әдебиетінің ортағасырлық тарихын танытты, көпшіліктің қазіргі тарихи санасына хандық дәуіріне қатысты кеңістік пен уақыт образдарын орнықтырды, совет кезеңінде-ақ шаблоннан шығып "міндетті жағымды кейіпкердің" жағымсыз қылықтары суреттелген көркем шығарма жазды, сөзден эпикалық картиналар салатын жазушылық зор әлеуетінің арқасында көзі тірісінде-ақ оқырмандары классик деп атады, бүгінгі қоғамдық-саяси мәселелер бойынша ақыл мен сезім таразысына дәл тартылған әділ пайғам айтушы анық ақсақалға айналды. Бұл кісіні пост-советтік аласапыран шақтағы дәстүрлі қазақ дүниетанымының діңі дер едім. Мына бір өзім тартқан суретте классик жазушы Мұхтар Мағауин Прагадағы үйіміздің дастарқанынан дәм татқан сайын жасайтын ырымы бойынша жауырын қарап отыр. Құжат бойынша бүгін 75-ке толған (шыны қаңтардың 29-ы екен) бұл ақсақалдай қазақтың болашағына қатысты оптимистік көзқарас ұстанған адамды сирек кездестірдім. Өзі жауырын қараған сайын қазаққа тілейтін барша жақсылықты бүгін Мұхтар атамыздың өзіне арнаймын. Я, Алла тағала, ақсақалдың ғұмыр жасын ұзақ, денсаулығын берік, төрт құбыласын түгел, үш жұртын аман, дос-жаранын бейілді, шабытын шалқар, көңілін орнықты, қаламын қуатты еткейсің!

Айдос Сарым, саясаттанушы: 

Бүгін Мұхтар Мағауин ағамыз 75-ке толып жатыр екен. Жүз жасасын кемеңгер ақсақалымыз! Сөзді көпіртпей-ақ қоялық. Ең болмаса Мұхаңның бір дүниесін оқып шығалықшы бүгін. Өз басым "Қазақсыз Қазақстанды" оқуға кеңес берер едім. Басқасын оқимын дегендерге шектеу жоқ. Жазушыға ең үлкен құрмет, ең басты сыйлық - жазғанын оқу, талқылау.

Қасым Аманжолұлы, журналист:

Кеше Тұрсынжан Шапай ағамыздың, бүгін Мұхтар Мағауин ақсақалдың туған күні. Әдебиеттегі екі буынның ең үздік шеберлері - қос ағамыздың да дендеріне саулық пен қуат берсін, жазарлары таусылмасын.

Ақберен Елгезек, ақын:

Ауылда Мұхтар Мағауин туралы көп еститінмін. Алматыда Мұхтар деген мықты ағаң бар, кезінде әкең бауыры боп қасында көп жүрді деген секілді сөздер құлағымызда қалып қойыпты.

Ержете келе "Мұрагер" сияқты ірілі-ұсақты әңгімелерінен бастап, "Аласапыранынан", "Қобыз сарынынан", "Шақан шерісінен" сусындадық, кейіннен іздеп жүріп, "Тазының өлімі", "Қыпшақ аруы" сияқты өзге де әңгімелерін оқыдық. Жақын жылдары "Шыңғысханның" шығуын аңдып жүріп, биыл 3 томын тәмәмдадық. Оқыған сайын риза болатынбыз, қазақты тани түсетінбіз, кеудемізді мақтаныш сезімі билейтін. Өзіміз де солай жаза алсақ қой деп армандайтынбыз да. Алғаш көргенім есімде ол кісіні. "Жұлдыз" журналында бас редактор кезі. Жазушылар Одағының бірінші қабатында отыратын. Үстінде жасыл көйлегі болу керек, шалбарын белбеу емес, подтяжки ұстап тұратын. Подтяжкиінің бір жағы иығына қарай босап, салбырап түскен қалпы, сары қағазға бірдеңе жазып отыр екен. Мені кабинетіне біздің ауылдың кісісі, әкемнің ағасы боп жүрген, жазушы Төлек Тілеуханов алып кірді. Алдында телефондасып, сол уақытта кездесеміз деп уағдаласқан едік. Бұл кәдімгі "Мұхтар Мағауин. Шұбартаудан Чехияға дейін" деп аталатын мақаланы жазған ақсақал. Содан кірдік, Төлек ағам таныстырып жатыр. Пәлен деген бала, өзі өлең жазады екен, біздің Шұбартаудыкы дегендей. Мұхтар аға самарқау ғана үсті-басыма бір қарады да, "е" дей салды. Сосын Төлек ағамыз: "Бұл Елгезектің баласы" деген соң ғана, басын қайтадан көтеріп, "е, айналайын!" деді. Жүзі жылығандай болды, келіп тұр, жұмыс орным осы, жазғандарынды көрсетіп тұр дегендей шығарып салды. Менің тілім байланған күйі сыртқа шығып, есеңгіреп тұрмын. Нақты қай жыл екені есімде жоқ. 1999-2000 жылдары болу керек. Одан ерте ме екен, әйтеуір студентпін. 1998 бе екен, маңызды емес. Классик ағамыздың қолын сол кезде алғаш алып, сәлемдескенім есімде, әйтеуір. Арада жылдар өтті. Мұхтар ағамыз шетелге кетті. Біз өзімізше ақын болғанымызға күпініп, мәз боп жүре бердік. Бір күні Семейде ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының ұлы үйленіп, бәріміз жинала қалдық. Жарықтық Таласбек ағам бар. Содан у-ду боп отырып, Прагаға телефон соқтық қой, қысқасы. Таласбек аға ұзақ сөйлесіп, арасында жылап та алды, Тыныштықбек аға "космосты қойсаңшы осы сен" деген ескертпе де алды, кезек маған келді. "Ой, біздей боқмұрынды білмейді ол!" деп трубканы имене алдым. - Аға, ассалаумағалейкум, бұл Ақберен деген балаңыз дей бергенім сол еді... - Әй, сен Елгезектің баласы, неге шыққан кітабыңды маған беріп жібермейсің, а?! - деп ұрысты. Шалқамнан түсе жаздадым. Не деген жад! Мені ұмытпағаны ма, бұл қалай деп кешке дейін таңқалумен жүрдім. Ғалым Боқаш үнемі Мұхтар Мағауиннің эпикалық жады туралы айтып отырады. Сол жадтың мықтылығын сол кезде көрдім ғой. Талай Прагага барам деп оқталдым, кездесіп әңгімелескім келді, мүмкіндік болмады. Барғанда не туралы әңгімелесем деп тайсақтайғаным тағы рас... Ағамыз 85-ке келгенде ғана жазуды доғарам деп айтыпты деп естиміз. Аман болсын! Қазаққа қызмет етудің үлгісін кім көрсетті деп сұраса, ойланбастан Мұхтар Мағауиннің есімін атар едім. Алла жасаған барлық еңбегіңізге риза болсын! Қазақ әдебиетінің патриархы 75 жасқа толып отыр екен. Мерейтойыңыз құтты болсын, аға! 100-ге келгеніңізде қазағыңыз ұлан-асыр той жасап, мәз-мейрам боп жатсын! Әумин!

Ая Өміртай, журналист:

Бүгін , екінші ақпан жазушы атамыз Мұхтар Мағауиннің туған күні. Мерейлі 75 жас. Толқытады, сүйіндіреді, қуантады. Сонымен жазушының жақында ғана "Көкбалақ" романын оқыдым. Оқымадым деуге ұялып жүретін едім. Өнер тағдыры, өміршең ұлт рухы жайлы ауыспалы дәуір кезеңін сипаттайтын шығарма 1978 жылы 25 мамырда басталады. Жазушы бұл кезде отыз сегіз жаста ғана. Араға бір ай салып автор Созақты көруге жолға шығады. Сондағысы "Аласапыран" (Созақтағы кеңес) романын жазу үшін жер бедерін байқастау. Сөйтіп 25 шілдеде қайта жалғасып, қыркүйек айында тәмамдалады. Шығарма қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт замандағы мамыражай, бейғам сахара жұртының ән мен күйге әуестігін сипаттайды. Сал мен серінің өмір салтымен бетпе бет жүздестіреді. Ақ пен қызылдың соғысынан заман бір мезетте өзгеріп сала беріп, халық қарақан басын күйттеп кеткен уақытта қара домбыра да күмбірінен жаңыла жаздайды. Сондағы заманында дәулескер күйші болған Тоқсоба қарттың жан күйзелісі, немересі кішкене Нәрікті өнерге баулығандағы жанды суреттер легі көз алдымнан шұбатыла өтті. Не керек, шығарма соңы өзге де туындылары тәрізді үмітке сүйене,атар күнмен бірге келеді деп білетін жақсылыққа, ізгілікке сенумен аяқталады. Оқырман алдында ары таза, құрметті жазушының туған күні құтты болсын. Тәңір қуат берсін!

Қатысты Мақалалар