(Қазақтың танымал қаламгері Зейнолла Сәніктің рухына)
Өмір деген күрес екен дауылды,
Көтереміз қол ұстасып ауырды, – деп аяулы Зекем екеуміз, осылайша, өмір жолын күреспен бастап, жеңіспен жеңіп, жемісін теріп, рақатын көріп жүрген мынау жер ортадан асқанда, қайран Зекем-ай, есімді алып, есеңіретіп тастап кеттің-ау, қайтейін... Саған жабысқан жалаға қашанда арашаға түсіп, шыр-шыр қаққан жүрегімнің лүпілінен тез серги қалушы едің-ау... Осы рет алланың төтесінен жіберген дертінен қанша қармансам да, арашалап ала алмадым-ау, амалым жоқ, сұм тағдыр жалт еткізіп аяулы алақанымнан сені ала қашқанын өзің де, мен де сезбей қала бердік-ау, қайтейін!
Ай мен күнім едің нұрын шашқан, батып кеттің қайырылмасқа... Түнерді аспан, тұрағыңды мұң басты. Балаларың, немерелеріңнің есі қашты. Езіледі, жылайды, еңірейді. Оларды жұбататын менің дімкәс жанымды жаншып, жүрегімді мүжіп, мәңгілік мұңды құшақтатып кеттің-ау... Айтасыңдар ғой: «Болмасқа болаттан берік бол», – деп... Бірақ жаны жайсаң, ақ жарқын Зекеңнің шарапаты мен ой қанатында қалқып, шалқар шабытпен шалқып, сезіммен серпіліп жүрген маған оңай тимеді ғой, қайтейін... Тұла бойымды мұң басты, жүйрік қиял үрке қашты, қалам алсам қолым дірілдеп, көз шанағымнан мөп-мөлдір жас моншақтары бөгеусіз ағыла берді! Мынау қара ормандай қайысқан қалың халқыма, қаламдас замандастарға рақмет!
– Шәке, тоқтау қыл, есіңді жи! Мына балаларыңа енді сен әкесің, – деген зор дауыстан селт еттім де, сені сағынған жүрегімнің лебіздерін шимайлап отырмын.
Жоқтау
Келген кезде азат күн,
Бағына тудың қазақтың.
Елу жыл істеп баспада,
Арқанын үздің азаптың.
Талықпадың, талмадың,
Бәріңді халыққа арнадың.
Аяулы, асыл жан-жарым,
Қандай ғажап арманың!
Қандай ғажап арманың!
Ғасырға жалғап ғасырды,
Жеткіздің ежелгі асылды,
Сондықтан да жас ұрпақ –
Құрметтеді, бас ұрды.
Жолықсаң да бұрқаққа,
Жібермей бөтен бұлтаққа,
Табыстадың мұраны –
Пәк көңілді ұрпаққа.
Кеудеңде толы алтын бар,
Қадір тұтқан халқың бар –
Сол халқыңа үлгі боп,
Рухың мәңгі жарқылдар,
Рухың мәңгі жарқылдар...
Енді өлеңді қояйын,
Басыңа белгі ояйын.
Мінәжат етіп рухыңа,
Алладан иман сұрайын.
Мұрағаттарыңды жинақтап,
Табыс етіп халқыңа –
Аруағыңның алдында,
Мен де армансыз болайын.
Иә, өмір деген қас-қағым сәттерден тұрады екен. Оны өмір сүріп жүрген адамның өзі де сезбей қалатын көрінеді. Біз Зекең екеуміз шаңырақ көтергенімізге де, міне, жарым ғасырдай болыпты ғой. Маған ылғи да күні кеше ғана сияқтанып сезіле береді. «Қас-қағымды қарт-тарихқа сыйлайсың, ізсіз-түзсіз жоғалтуға қимайсың...» дегендей, сол қас-қағым сәттердің жиынтығы адам өмірінің тарихы болып қалады екен-ау...
Зекең екеуміз қол ұстасып, өмір мен өнер өлкесінде жұбымызды жазбай, бейне қоңыр қаздай жарасып, тату-тәтті өткен сол бір өмір іздеріміз, міне, енді үлкен бір шұбырынды көштей көз алдымнан лек-легімен өтіп жатыр, өтіп жатыр...
Мен Шинжияң институтын бітіретін жыл қарсаңында, елімізде тарихтан жалғасып келе жатқан, үлкендер айтатын: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» дегендей, сол соққан желдің аласапыран кезі – 1959 жылы – таныстық. Зекең Бейжіңнен оқуын бітірген соң Үрімшідегі «Шинжияң жастар баспасында» қызмет істейді екен. Сол кездегі қоғамдық жұмыстың талабы ма, әлде ұйымның ұйғарымы ма, әйтеуір, Шинжияң институты мен бізбен көршілес педагогика институтына көп келіп-кетіп жүретін көрінеді. Сонда 1-2 рет көргенім бар. Кейін мен оқуымды бітірген соң, Үрімші өнеркәсіп техника мектебіне бөлініп, әдебиет оқытушысы болдым.
«Сөз анасы – сәлем» дегендей, Зекең бір күні маған әдейілеп амандаса келді әрі келген сайын сәлемінің мән-мағынасы көсіле келіп, менің жанымның жазирасын баурап алғысы келді ме, әйтеуір, әдебиет әлеміндегі таңғажайып қызықты әңгімеден сөз қозғады. Өзінің ауылда ержетіп, қоғамдық жұмысқа араласып, заман талабына сай Бейжіңге оқуға барғанын қысқада-нұсқа таныстыра жүріп, баспаның талабы бойынша, 1960 жылы алдағы шығатын өлеңдер жинағына оқырман арасынан өлең жинап, мектеп аралап жүрген жай-жапсарын жаймалап айтып, менен бірнеше өлең әкетіп, алғашқы редакторым да болып үлгірді. Бұл жинақтар жұртқа мәлім – сол кездегі «Ініме», «Үш жасасын», «Сара жол», т.б. еді. Кейін ақырындап жүріп менімен болашақ (нақ сөзімен айтсам) «социалистік семья» болайық деген ойын суыртпақтады. Жаны сұлу, зерделі, парасатты, Зекем осылайша мені өзіне магниттей тартып әкетті. 1962 жылы көктемде бас құрадық. Шекспирдің мындай бір сөзі есіме орала береді: «Тірлік дегеніміз – жақсы- жаман жіптерден тоқылған мата». Біз байлыққа, мансапқа емес, қос қолымызға сүйене жүріп кереге жайып, ақ ниет, асқақ арман арқалап, ізгі тілек, ұлы адамгершілікті ту етіп шаңырақ көтердік. «Көктемде туғанның көңілі жаз» дегендей, аяулы Зекем арманына жетіп, өзінің айтқанындай, мені жебеп-жетілдіріп, аялап, өмірінің соңына дейін сыйлап өтті ғой, амал қанша!
***
«Мәдениет зор төңкерісінің» орта шені, яғни 1970 жылы, «шетелге байланған», «нақ қылмыскер» деп жалғаннан жала жабылып, Манас жаза лагеріне баратын болғанда ойдан ойдырылған ойдырмаға жаным қалай шыдасын?! «Жарайды, барсақ бірге барамыз, Зекеңнің семьясынан алыстауына денсаулығы келмейді», – деп бір Зекең үшін істеп отырған қызметімді тастап едім-ау. Кезіндегі «Шинжияң жастар баспасы» ұйғыр бөліміндегі Ахмет Пасаров деген ақын, редактор аз ұлт тіліндегі туындыларды ханзу тіліне аударушы еді. Сол кісіге «Қағазым – жер» деген өлеңімді аудартып, күресті басқарып жүрген басшылыққа ұстаттым:
Қағазым – жер, кетпен – менің қаламым,
Қойлы ауылға қоныстану талабым.
Абызал ұстаз қарт диқанның қолынан,
Мен өмірлік мол тәрбие аламын...
Әрі оны бекіттіріп алып, үйге қуана бір-ақ кірдім. Зекеңнің әкесімен бірге туысқан Қайниса апайымыз Жың ауданынан келіп жатқан.
– Зеке! Ал кеттік!
– Қайда?
– Апайымыз тұрған Жың ауданы Тақия коммунасының 9-шы үлкен атретіне, – дедім.
– Әй, сенің шорт кететін мінезіңнің осындайда бір пайдасы тиді ғой! Бірақ балалар әлі кішкене. Екеумізде де қызмет жоқ болса, балаларды қалай бағамыз? Ең болмаса, біреуіміздің ұйымнан айырылмауымыз қажет қой, – деп күңкілдей берді. Бірақ ар жағынан жүрегі күліп, түтін түтеткен ұясынан айырылмайтын болғанына ерекше қуанған еді-ау!
– Қарғаларым-ай, баратын жерлеріңде мынадай дайын дүние жоқ. Отын әкеп, су тасып, үй шаруасын, дала-түз жұмысын түгел өздерің істейсіңдер, қиналып қаласыңдар ғой, – деп апайымыз шыжақ қақты. Бірақ онысына қарағам жоқ, тәуекел деп кіріскен мен:
– Апай, ауыл өмірі байлық қой! Зекеңмен бірге еңбек істеп, бәрін тындырамын, – деп уәдемді беріп, белімді будым. Сонымен, Жың ауданына көшіп кеттік.
Бара салып, осы апайдың қарсы үйінде болдық. Ауыл ақсақалдары, ақ шылауышты аналар: «Сәбит ақсақалдың, Қайнисаның бауыры көшіп келіпті», – деп ұлтымыздың салты бойынша, ерулік әкеліп, қонаққа шақырып жатты. Сонымен, бір қысты өткіздік.
Біз барған осы үлкен атреттің азат болғаннан бергі бастығы қарт диқан Сәбит ата екен. Осы берекелі қазақ ауылы үлкендер тұрғанда кішілер сөйлемейтін, қазақтың байырғы салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған тамаша ауыл еді. Қуанышбай, Ырысбай, Нұржақып, Жұмәділ, Қарақат, Кәрібай, Дәрібай сияқты шежіреші-шешен қазыналы қарттары, Сапа ападай халқының тарихтан келе жатқан әдет-ғұрпын, әйел затының жан сұлулығын бойына сақтап келе жатқан ақ самайлы аналары бізді жат көрмей, бірден бауырына басып кетті. Жабырқап жүрген Зекең екеуміздің жанымыз бірден жай тауып, көңіліміз қазақтың дарқан даласында көсіле түсті. Ауыл өмірі – асыл қазына ғой, осы кездері Зекең қарттардың аузынан қисса-дастан, аңыз-ертегі, мақал-мәтел, шежіре тыңдап, ұлтымыздың мәдениет мұрасының мәйегінен нәр алды. Ауыз әдебиет шалқарына бар зейін-зердесімен кірісіп, халықтық мұраға аунап кете барды...
***
Қасиетті қара Барлық, Шағантоғай – Зекеңнің туған жері. Түгін тартсаң майы шығатын, жері – жаннат, елі – бай құт мекен. Басбайдай әйгілі демократ қайраткерді, Кәрібайдай әйгілі ақынды, Әкемолладай, Мұқатайдай оқымысты ұстаздарды, небір білгір шешен-шежіреші, ақын-жазушыларды қанаттандырған арқалы ел. Тарбағатай төңірегіндегі алғаш қажыға барушылар да осы арадан аттанған. Мүбәрак атамыздың өзі де көңілі дарқан, көкірегі ояу, санасы сергек, шежіреші кария көрінеді. Бала кезінен-ақ зерделі де зерек өсуіне осы бір қара шаңырақ, ақыл-парасаты ұрпаққа жұққан қасиетті елдің дұғасы қашан да Зекеңнің ойын ұштап, қанатын қомдап, қаламын сермеуге медет болып келді-ау...
Зекең ауылда ерте қызметке жегілді. Осы барыста ел аралап, жер көріп, көрген-білгенін көкейіне қондырып, көңіліне тоқи жүрді. Туған ауылдың дарқан табиғаты мен үш Құлыстайдың бұрқыраған боз жусанының иісі, Барлықтың құлпырған шұғанақ гүлі, көгілдір аспан, мөлдір бұлақ суы деніне саулық, бойына қуат, ойына сарқылмас ақыл-парасат бағыштаса керек, сондықтан Зекең: «Алғашқы қызметті бажыға ала мініп шыққанда», – деп бастайтын сөзін. Мен осы сөзге қиыстырып: «Ала ат мініп тепеңдеп, жақсы өмірге жетем деп, жеткен шығарсың», – деп әзілдейтінмін. Кіндік қан төгіліп, есейіп-ержеткен Барлықтың баршын тұлғасы, Қаракемер, Тасты, Бүргентекше, Ақ шоқы жайлауы... Осылайша, көз алдына елестетіп, туған жерге деген сарылған сағынышынан туған көңіл күйінің көсілген сезімдерін домбыраға салып, «әгугай» деп әндетіп отыратын-ды. Кейде мынадай өлең шумағы еске оралатын:
Кең дала, тау-тас, ғажап күн,
Құяды бойға қуат.
Сондықтан да қазақтың,
Екеуінің бірі – ақын» (Сырбай). Зекең ашық аспан, нұрлы таң, кербез даласының тамаша табиғатынан өзінше сыр түйіп, оқыған сайын оқығысы келе беретін. Көпті көріп, көп қадірлеп, оқығаннан қаламы ұшталып, сыйы мол жылдардың сырлары, ел-жер қазынасы, көкірегі қазынаға толған ауыл кариялары арқылы Зекеңнің қырғидай қырағылығымен жылт еткен жаңалыққа жаны құмар жыршыл да сыршыл жүрегіне киелі ұғымдай сезіліп, өзі жасаған ортаның құпия құбылыстарынан ой өлкесіне жинаған ойын топшылады әрі оны қағаз бетіне түсіре берді, түсіре берді. Зекең халықтық тілге бай, халық тарихына жетік еді-ау! Ол осы байлығын кәдеге жаратып:
Тау тұрғыздым ата мұра алтыннан,
Қазынасы бізге қалған халқымнан.
Заман жебеп, мақсатыма жеткізді,
Бала кезден арманым еді талпынған, – деп, өзінің өшпес ізін қалдырып кетті. Зекеңнің қолынан шыққан «Хан батыр Қабанбай», «Басбай», «Сергелдең», «Демежан батыр», «Тұғырыл хан», «Сүлеймен би», «Қайрақбай», т.б. еңбектеріне үңілсеңіз, сондағы кесек тұлғаларды сомдауындағы жанқиярлықпен істеген сансыз еңбегі, балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі, төккен тері өз алдына бір-бір тау. Сол кесек тұлғаларға болған заманына сай көзқарасының дұрыстығына таңғаласың. Былайша ойласам Зекеңнің дүниені тану, дүниені түсіну, оған көркемдік тұрғыда баға беру болмасында білімділігі байқалып тұрушы еді-ау... Әсіресе Зекеңнің мөп-мөлдір тұнып тұрған қазақ тілінің уыз мәйегінен нәр алып, ой-өрісін ашып, өресін биктетіп отырған нағыз сұңғылалығы қалам іздерінен байқалып тұрмай ма! Менің мақтағаным емес, Зекең – шынында, асқан дарын иесі, таланытты, қабілетті, ұшан-теңіз білім жинаған ұлағатты жан.
Оның қаршадайынан халқым деп соққан ыстық жүрегі, халқының мәдениеті, әдебиеті, тарихы үшін жанқиярлықпен істеген машақатты қызметі, том-том болып қалған мұрағаты сол ұлылығын байқатып тұрмай ма?! Ұлылық жүректегі ұлы сезіммен, өз қамынан халық қамын жоғары қоюмен өлшенетін болса керек. Сонда сенің таудай еңбектерің сол ұлылығыңды әйгілеп тұрады. Мен өзім де таңғаламын, Зекең ауырып жүрсе де, соңғы жылдары ерекше қайраттанып, көңілдің көк дөненіне қамшы басты Қайран қаласың, «Қазақ этнографиясы», «Дала мәдениетінің дара тұлғалары», «Із»... Жастарға арналған ұшан-теңіз бата, тілек, толып жатыр, толып жатыр.
Зекеңнің есте сақтау қабілеті өте жақсы еді. Көрген-білгендерін үнемі естелікке алып, ой өлкесінде сақтап, үйге келгенде жазып, бізге әңгімелеп отырушы еді. Үнемі кітап оқитын, ой жүгіртетін, ойланып-толғанып жүретін мінезіне қарап, мен және балалары жапырыла күтетінбіз. Жазғанын маған үнемі оқып беретін. Кей жазбаларындағы санаға сыймайтын жерлеріне пікір ұсынсам, кейде бұртия қалып, тұрып кететін де, ойланып-толғанып болған соң, қайта келіп, жылы қабылдап: «Әй, сары кемпірім-ай, дегенмен оқығаның бар-ау! Мен асып-тасып бара жатсам, етегімнен ұстап, тартып қой», – деп кішірейе қалушы еді-ау...
Менің ерекше күтімім, ыстық ықыласым, бірге өткен 50 жылдай өмірім Зекеңе теңдессіз бақыт сыйлады. Тұтас тіршілік дүниесі күннің нұры мен әйел затының шуағынан нәр алатыны әлмисақтан айтылып келе жатқан қисын ғой. Соңғы кездері Зекең мені жанынан шығармайтын болды.
– Шәке, үнемі жанымда отыр! Қағаз, қаламымды әкел, ылғи да бір нәрсе жазғым келіп тұрады, – дейтін.
– Сен аурудан жазылсаң, бізге бақыт – сол! – деп мен жұбататынмын.
Абай атамыздың:
Жүректің ақыл-суаты,
Өнерге салар бар күшін.
Дененің барша қуаты,
Махаббат қылса алла үшін, – дегендей, 2013 жылы 13 қыркүйек күні өшіңкі жазумен «Алтын қол» деп жазып, ең соңғы қаламының нүктесін маған арнаған өлең жолымен қойыпты:
Аяулы жарым Шәмшабануға
Сенің қолың – алтын қол,
Біздің ұлы шаңыраққа жаққан қол.
Сенің қолың – кеніш қол,
Бәрімізді еңбегімен баққан қол.
Сенің қолың – ырысты,
Мұқым жұртқа жаққан қол.
Сенің қолың – ғажайып,
Танылған туған еліңе,
Сонау Жұңго жеріне,
Көтеріліп ғарышқа,
Жетті ғой, міне, жетті ғой,
Кең-байтақ қазақ жеріне,
Сондықтан да сүйіндім,
Алтын қол төккен теріңе!
Зейнолла Сәнік,
2013 жыл, 13 қыркүйек, Алматы.
2013 жылы 26 қыркүйек, бейсенбі күні таңертең миы тұп-тұнық, көңілі жайсаң, өмірде қандай таза болса, әдебиетке де ары таза қалпында бақиға аттанып кетті-ау, қайтейін... Жанымдағы жарығым, мол жұлдызымнан айырылып, мөлдіреген менің мәңгі мұңым болып кете бардың, аяулы жарым!
Міне, енді ойласам, адамзат баласының бойындағы сезім құдіреті жойылып кетпесе, жүректі алтын шуағымен нұрландырылған поэзия – өлең сәулесі сөнбейді екен. Көретін жарығы сөніп, дәм-тұзы таусылған адамның өмірі де оның кеудесінен өлең болып ұшып кетеді екен ғой. Бейне Абай атамыздың:
Туғанда дүние есігін ашып өлеңменен,
Өлеңменен жер қойнына кірер денең, – дегеніндей, айналайын Зекем-ай аруағыңа сыйындым, сен өлген жоқсың, сенің рухың мәңгі жасайды.
Мәңгілік тірісің сен, тірісің сен,
Келешек жас түлектің жырысың сен.
Жұмыр жер дөңгелесе, дөңгелесін,
Әйтеуір Зеңгірлердей жүрерсің сен.
Айтқали Жобалайұлы.
Ойхой, дүние-серуен,
Адам бір көшкен керуен...
Жамбыл.
Мен де соның бірімін,
Өмірге солай келіп ем,
«Уа, қадірлі Зеке, жатқан жерің жаннат, иманың жолдас болсын! Топырағың торқа болсын! Алдың бейіш, артың кеніш болсын! Артыңда қалған ұрпақтарыңды аруағың қолдап-қоршап жүрсін!» – деп тілеймін бір алладан...
Иә, раббым алла, тілегімді қабыл алғайсың!
Шәмшабану Қамзақызы
Шәмшабану ҚамзаҚызы 1940 жылы Тарбағатай аймағы, Шауешек ауданында дүниеге келді. 1952-1955 жылдары Шауешек каласына оқып, 1955-1959 жылдары Шыңжаң Институты Әдебиет факультетінен оқу тауысып, 1959-1962 жылдары Үрімжі қалалық өнеркәсіп техникумына оқытушы болды, 1962-1970 жылдары «Шыңжаң жастар баспасында» редактор, 1970-1978 жылдары Бөрітоланың Жың ауданында оқытушы, 1978-1984 жылдары Үрімжі қалалық 14-ортада мектеп оқытушысы, 1984-1998 жылдары Шыңжаң оқу ағарту Институтында оқытушы болып істеп Доцент атағымен зейнетке шықты. Сөйтіп Шәмшабану 50 жылдық ғұмырын Қазақ ұрпағының оқып, білім ауына арнады.
Шәмшабану ақын ғана емес, 50 жыл бойы Қытайдағы Қазақ жастарына жанашыр ана, қамқор ұстаз бола білді.
Шәмшабану жыл сайын әр дәрежелі «Оқу-ағарту озаты», «Ардақты ана», «Зерделі зерттеуші», т.б.болып сыйланып жүрді. Оның «Қазақтың бесік жырлары» атты ғылыми мақаласы (қытай тіліндегі нұсқасы) 2000 жылы мемлекеттік, 2002 жылы оңтүстік Қытайда өткізілген жарыста «Дүниежүзілік үздік шығарма» сыйлығын алды, «Қазақ балалар әдебиетіның бастау көзі – бесік жыры» деген мақала 2002 жылы Гонконгда дүниежүзілік таңдаулы шығарма сыйлығыны алды , «Тәбиғат лирикалары» атты өлеңы Шыңжаң жазушылар одағы сыйлығын алды,2005 жылы Астанада өткізілген дүниежүзілік Қазақ қауымдастығының 3-реткі жыр мүшайрасында «Арманның суыртпағы» қатарлы өлеңдері бас бәйгені жеңіп алды.
Шәмшабану Қамзақызының «Жауқазын», « Ғасыр толғаныстары», « Ана жыры», « Ақжігіт айдай», « Арманның суыртпағы» сынды т.б атты кітаптары жарық көрген.

