Көршілес қырғыздардан арзан көлік әкелу бүгінде қалыпты жағдайға айналған. Заңдық тұрғыдан кейбір қиындықтар туындайды демесең, қазақстандық сатып алушылардың қалтасына әжептәуір жеңілдік әкелгені тағы рас. Алайда соңғы кездері еліміздегі қырғыз көліктеріне жүруге тыйым салынып, арзанға мәз болған жүргізушілердің мәшинелері айыппұл тұрақтарға тоғытыла бастаған.
Міне, 2015 жылдың басынан сол Қырғызстанда көлік бағасы айтарлықтай төмендеген. Бұл туралы Қырғызстанның "Азаттық радиосы" хабарлайды. Әзірге Бішкек базарындағы баға тұрақсыз.
2014 жылдың аяқ шенінде қырғыз автомобилдерінің бағасы бұрынғыдан екі есеге ұлғайған болатын. Себебі қырғыз ағайындар 2015 жылы (Қазақстан, Ресей мен Белорусия) Кедендік одаққа мүше болады деп күтілуде.
Қырғыз алыпсатарлары осы орайды пайдаланып, Жапония, Кореадан арзанға әкелінген көліктерді екі есе бағаға саудалауды көздесе керек. Алайда жағдай мүлде керінше болған. Қырғыз базарындағы сатылымға шығарылған көліктердің саны күрт өсіп, баға төмендеген.
Себебі, Ресей мен Қазақстанда қырғыз көліктеріне байланысты моратроии енгізілген. Сондықтан, Бішкек көліктерін Ресей мен Қазақстан сатып алмайды.
Ринат, сатушы: “Жаңа жылдың алдында барлығы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік бағалары өседі деп ойлаған. Шет елдерден арнайы тапсырыс беріп алдыртқан көліктерін қымбатқа сатпақшы болғанбыз. Алайда жағдай мүлде теріс бағыт алды.
Қырғыз базарларындағы жол таңдамайтын көліктің құнын 30 мың АҚШ долларына бағалап әкелгенбіз. Қазіргі бағасы 22 мың долларға дейін құлдырады.”
Бұрын, жанар-жағармайды аз қажет ететін көліктерге 5-6 мың долларды сұраса, қазір бұл баға 3,5 мың долларға дейін түскен.
Қазіргі уақытта қырғыз базарларында сатылымға түскен көліктердің саны 1 миллионнан асып жығылады. Солардың 400 мыңы Бішкек базарында.
Қырғызстан Кедендік одаққа кірсе алыпсатарлар басқа шет елдерден көлік тасымалдай алмайды. Себебі оң жақ рөлді көліктерге шектеу қойылған. Қымбат көліктерді тек қалталылар ғана алады. Ал орта класстағы көліктерді қырғыздар Қазақстан мен Ресейден тасымалдайтын болады.
Ералы Рахметқожаев