Ақберген Азамат. Алтын тарих

/uploads/thumbnail/20170708165317240_small.jpg

Ұрандап алаш болып танылатын, Тарихы алтындармен жазылатын. Мың тәубә қазақ дейтін еліміз бар, Тамыры тереңдерден қазылатын. Қарасақ алтын тарих бастауына, Құрылған ел емеспіз қас-қағымда. Тәңірім сүйген құлын сынайды ғой, Осының үңілейік астарына... Он бесінші ғасырдың жартысында, Босыған жұрт бек, билер талқысында. Ашындырып барады намысты ұлды, Қазақ жері, өзбек хан боп шалқысын ба. Бұл намыс қазақтыққа жол бастады, Керей менен Жәнібек қол бастады. Бір жеңнен қол бір жағадан басы шыққан, Қазақты тартты алға алдаспаны. Содан қазақ хандығы қанат қақты, Асқақтаған арманның шамын жақты. Көп тілеген тілеуі қабыл болып, Ел болсам деп алдында тәңір хақтың. Халқы сүйген баһадүр дана Қасым, Ілгері домалатты әке тасын. Қасқа жолын қалдырып мәңгі ізінде, Адалдықтың ақ жолын қойды басым. Хақназар Тәуекел хан ел есінде, Халқының мәртебесін кең өсірген. Қос сұлтаны жұртының қамын жеген, Тарихтың қалды кәрі кемесінде. Хандық кеңіп ұлғайған шақта болды, Бұл тұста Есім батыр таққа қонды. Билік қолда тұрса да патша көңіл, Жаңғыртты ата салған қасқа жолды. Тәуке хан заманында дара туған, Хан болған халқы үшін жаратылған. Тыныштық пен тәртіпті жарлық етіп, Есімі алты алашқа таратылған. Күн туды ел басына нәубет шалған, Аяусыз көрді қорлық қалың жаудан. Ел аузында ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама боп аты қалған. Елім-ай лап жоқтады ел мен жанды, Талай ұл жетім, әйел жесір қалды. Ішінен ыдыраған жұртты көріп, Буынсыз жерге жоңғар пышақ салды. Сол заманда Сабалақ ғұмыр кешті, Төле бидің жалшысы болған десті. Әбілмансұр жиырмаға толған шақта, Абылайлап жоңғардың мысын тесті. Жарықтық, хан Абылай таққа келді, Біріктірді бытырап жатқан елді. Үш жүздің етін салып бір қазанға, Түтетіп бір ошаққа жаққан еді. Кенесары хан толтырды қатарды, Адуыны айды аспанға апарды. Ұлтын азат ету үшін күрескен, Ордамыздың қолбасшысы атанды. Хан басқарған хандық та аяқталды, Күшіне енбей қалды жарлық, жарғы. Солтүстіктің ызғары секілденіп, Тағы бір қасқыр дәуір таяп қалды. Күндер-ай жанға батып ашынатын, Заман да келді көрші басынатын. Құшақ жайып ақ көңіл аңқау қазақ, Жуыттың ба соншалық қасыңа тым. Қазаққа басшы енді жаттан келді, Галащекин деген зіл батпан келді. Орнатып ашаршылық қырып салды, Қапысыз қапияда жатқан елді. Мөңкіген өлекселер даламызда, Тері жеп әке, ана, баламыз да. Үштен бірі қырылған қазақ ойы, Ұрпақсыз ұлтсыз болып қаламыз ба. Елім деп еміренген асыл тектер, Міржақып, Мағжан, Тұрар, Ахметтер, Тәуелсіз ел, сыйлаймын деп қаза болды, Көз ашпаған жұртына қасіреттен. Тоқтамады орыстардың таяғы, Жиырмасыншы ғасыр соңы таяды. Дінмұхамед Қонаевтың орнына, Колбинді әкеп басшы қылып қояды. Қаяу салды көп қазақтың сағына, Шыдатпады тиді жастар шамына. Отырсын деп Желтоқсанда шулады, Қазағымның қазақ қана тағына. Сорлы үкімет ұрды, соқты, қинады, Жігерлі жас қарсылығын тыймады. Селт етпестен жанын беріп, қан төгіп, Ұрпағына азаттығын сыйлады. Ғасыр бойы орыстарға жем болдық, Міне бүгін сол орыспен тең болдық. Жүз отыздан астам ұлыс өкілін, Бауырына басқан дархан ел болдық. Бабаларым жасап әр кез ерлігін, Сақтай білді жұртшылықтың елдігін. Бір қазақпен қанша ғасыр алысты, Айтыңдаршы кім жеңілді, жеңді кім!? Көк аспанда күннің нұры төгілген, Күн астында қыран самғап көрінген. Туды көкке көтерсін әр бөрікті, Өзін-өзі қазақпын деп сезінген. Қарап отсам барша халық көзімен, Айтар болсам сол халықтың сөзімен. Азын-аулақ ғана уақыт өтсе де, Бар жасаған жоқ нәрсенің өзінен. Ақтай білді бүкіл қазақ сенімін, Осы жолға сарпып қайрат төзімін. Бір-біріне жаралғандай екеуі, Елі менен тапты Елбасы серігін. Алтай менен Атыраудың арасын, Мекен еткен қазақтың кең даласын. Барлығы да құрмет етіп тұтады, Ел басқарған Нұрсұлтандай данасын. Бүгін де бар хас батырлар айбатты, Талай дода, бәсекеде байрақты. Атағынан ат үркитін елдерде, Қазағымның Әнұранын ойнатты. Қазақ қазір даңғыл даму жолында, Танып білді оңын дағы солын да. Бар әлемнің қөзі тояр көрмесін, Өткізу де қазақтардың қолында. Ашық аспан, бейбітшілік, ғажап күн, Бес жүз елу жасқа толдым азатпын. Алла жазса «Мәңгілік Ел» жасайық, Қазақ қана жанашыры қазақтың.

unnamed (1)

Ақберген Азамат Артықбайұлы 1993 жылы туылған. Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тұрғыны.

demeu2

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар