Бақытбек Бәмішұлы. Алаулайды Байрағы Мәңгіліктің

/uploads/thumbnail/20170708165318897_small.jpg

«Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» жыр мүшайрасына!

  Үміттерін жалғаған күнге алдағы, Кері тартқан кезеңде кембал бағы. Елдік туын көтерген еңсе тіктеп, Көсегелі даламның Көкжалдары...   Арқасына көтеріп Азаттығын, Самарқаулау төрімде Ғажап Тілім: Хандығымды жырласын Орда тігіп, Жер жүзіне паш еткен Қазақтығын!   Дос күмілжіп тұрса да дұшпан тасып, Жотасынан қадалған сұқтан жасып, Орта жолдан қосылған аламанға, Біздің ғұмыр кетеді Мықтан да асып...   Шаңнан шықты, жарқ етіп Құлагерім! Тыныстай шап, тым ұзақ барар жерің! Алашымнан туады түңілмегін, Астрахан, Азауды алар ерің.   Жер-су үшін шықты ғой талай шығын, Күн де туар оны да санайтұғын. Елес емес, ертегі, аңыз емес, Алтын Орда, Көк Орда, Сарайшығым.   Елдікпенен қымтаған жан-жағымды, Ынтымақпен атырған таң жағымды. Халқым ұлт боп ұйи ма, хан көтермей, Елім деген ерлерін, хандарымды. Ақиқаттан жалған сөз аса алмайды, Астамдықпен тарих жасалмайды. Өз қағынан жеріген, желіккенмен, Өрге қарай бір қадам баса алмайды.   Құс киесі Аққу мен Қазды атқан, Аямаған наданды Арды сатқан. Болмысымен қайнасқан бостандығы,– Арғы Ғұңнан, Көк Түрік, бағзы Сақтан.   Хандығым Хақ болғанда, халқым кәрі, Қайманадан кем бе еді нарқым нәрі. Арулаған кигізіп алтын кебін, Сусындаса ішкізген алтын дәрі.   Өтіп жатыр алмасып, өмір-өлім, Теңіз, мұхит толқыса төгілер кім? Өңменімде қаптаған қара шыбын, Ту сыртымда жалмаған төңірегін...   Ерек туған Ер бүгін жасқана ма, Үлгі болған өзіне, басқаға да. Хан Жәнібек, Хан Керей құрған Орда, Ақ Ордаға айналды Астанада.   Ашылмаған сыры мол астарында, Алатаудың, Алтайдың асқарында. Алаулайды Байрағы Мәңгіліктің, Алтын Күннің астында Аспанымда!   Жанашырсыз заманда «Өс!» дейтінсіз, Жоғалмаған керуен – «Көш!» дейтін Біз! Жазып жатыр төріне Азияның, Тұяғымен тұлпардың Өшпейтін Із! Бақытбек Бәмішұлы demeu2

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар