Абақты "періштесі" (әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170708165506345_small.jpg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне 

 

 

(Солақай саясат салдарынан

Қытай түрмелерінде жазықсыз

жәбірленіп, азап арқалаған

 асыл ағаларымның  рухына арнаймын)

 kaster sarkytkan

Қастер Сарқытқан

 

- Абақты періштесі дейсің бе? Түсінбедім, абақты деген қылмыскерлер тоғытылатын, істеген күнәсіна қарай жазасын өтейтін, іші толған қандала мен бүрге, қабырғаларында әлде кімдердің тән азабынан қалған қан дақтары бар үрейлі, ластық пен қиянатқа толы қапас емес пе? Адам баласына жауыздық жасаған, бейкүнә адамдарды қан қақсатқан қылмыскерлер олар шайтанның достары, солардың айтақтауымен шалыс басқан пенделер емес пе? Ондай Алланың қаһарына тап болғандар мекендеген жерде не қылған періште? Періште деген күнадан пәк жаратылыс қой.

- Кім айтты саған "қылмыскер"-атанғандардың барлығы қара ниет, бұзақы, халқына жау - деп.  Егер, өз ұлтыңның мақсат-мүдесі үшін күрессең, билік тізгінін ұстап отырғандарға жақпасың анық. Ондайда, олар сенің көзіңді құртып, үніңді өшіру үшін саған белгілі бір қылмыс түрін ойлап тауып, мойныңа зорлықпен іліп қояды. Мәселен, "ұлтшыл", "халық жауы"-деген сияқты. Сонымен халқымның қамын жеймін деп жүріп, сол халықтың дұшпанына қалай айналып қалғаныңды өзің де білмей дал боласың. Жаныңа қатты бататыны, жауыңның сені айыпты етіп, қылмыс арқалатқаны емес, өз халқыңның өзіңді шынайы жау көріп, бетіңе түкіргені.

- Олай болғанда, абақтыда жақсы адамдардың да жазықсыз жапа шегуі де мүмкін ғой, солай ма?

- Солай, абақтыда  да не бір асыл азаматтар жатады. Ат аунаған жерде түк қалар дегендей, жақсылар жүрген жерде оның шарапаты да ере жүреді. Алла тағала, жақын-жанашырларына, халқына қызмет етіп, пайдасы көпке тиген адамдарды періштесімен қоршап, жебеп-демеп жүрмей ме?

- Рас айтасың, жақсылар жатқан абақтыда періштелер де болары даусыз екен. Осыны айтқаным мұң екен әлде кім басымнан нұқып қалғандай болды. Көзімді ашып едім, қасымда ағам тұр екен.

- Тұр енді, таң атты, нағашымыздың отырған автобусының келетін уақыты болып қалды, автовогзалға тартайық - деді асыға, бір түрлі көңілді үнмен.

-Жарайды-дедім де үнсіз киіне бастадым. Жазғы таң толық ағарып атыпты, үй іші әбігер, шешем байқұс тіпті, есі шығып кеткендей, жаулығының астындағы ұйпаланып, ұйысып шығып тұрған бұрыл шашын ұн илеген қолымен ұстаған болса керек, самай тұсына ұн жағылып қалыпты. Оны елеп жүрген анам көрінбейді. Жас келіншектей зыр жүгіріп, қолды-аяққа тоқтар емес. Уақыты жетсе бар шаруаны тек өзі ғана тындыруға асыққандай аптығып жүр. Сөзі де солай, бірді айтып біріне кетеді. Біреудің атын шақыру үшін бірнеше адамның есімін түгендеп шығады. Сол есімдердің басында осы келе жатқан жалғыз ағасы Жарастың аты тұрады. Ол бүгін емес, талай жылғы дағдысы. Біздің құлағымыз оған үйір болып кеткелі қашан. Анамыз Жарас -деп шақырса бәріміз  "ау" -деп жауап беретінбіз.  Содан ішімізден өзіне керек баласының атын қайта дұрыстап шақыратын.

Анам байқұстың осылай абдырап, аптығып шарқ ұруының өзіндік себебі де бар. Сол Жарас ағасын ширек ғасырдан соң алғаш көргелі отыр. Ол қуанбағанда кім қуансын. Бір ата, бір анадан екеуі ғана екен. Жарас жастайынан ән-жырға құмар болып өсіпті. Содан Қаладағы музыка институтына оқуға түсіп, соны тәмәмдаған тұста, "ұлтшыл", "табы жат", "жат елдің тыңшысы"-деген түрлі айыптаулармен қолға алынып, осы елдің қылмыскерлерін жазалайтын тіршіліктің тамұғы аталған жапан шөлдегі лагерге айдалды. Жарас сол жерде өзінің 18 жылын ит қорлықта өткізіп, жанының себелдігінің арқасында ақталып оралды, содан жұмыстарын ыңғайлап, әке-шешесінің көзіндей болған жалғыз қарындасын көруге ит арқасы қианнан бала-шағасын алып келе жатқан беті осы.

Ағам екеуіміз ат арбамызды ерттеп алдық та, қалашықтың  төмен жағындағы автостанцияға қарай беттедік. Нағашымыздың келетініне бәрімізде шын қуанып жүрміз. Ол кісіні өмірі көрмесек те шешеміз жиі айтып отыратындықтан, бізге таныс адамдай жақын еді. Станцияға жетуге асыққан ағам кертөбелдің үстінен әлсін-әлі қамшы үйіріп келеді.

- Акау мына мың болғыр, аяғын бір баспады-ау - деп кейіс те білдіреді. Шындығында кертөбелдің жүрісі ақырын да емес, желіп келеді, оның үстіне көз ұшында көрініп тұрған станцияға жету де қиын емес, автобус келерге әлі біраз уақыт бар. Мен үндемедім. Қуаныштан асыққан адамның алға басқан аяғының кері кеткендей әсер етері бар ғой, ағамның да алып-ұшқан көңіліне  "көкдөненнің" ілесе алмай келе жатқан түрі бар.

Менің де қуанышым қойныма сыймай келеді. Десе де, санам түбінен таңға жуық көрген түсім кетер емес, қайта-қайта елес беріп, ойымды бөле береді. Түс дейін десем оған да келіңкіремейді. Тек бір бұлыңғыр елес. Әлде таңның алакеуім шағы ма, жоқ әлде қараңғылау үйдің іші ме ол жағы белгісіз. Қарсы алдымда бір сұлба көрінеді. Түрі анық емес, бірақ сөзі жанымнан естілгендей тұнық. Ал -деп маған бір нәрсе ұсынады, мен ол бейнеден еш үрейленбеймін, ептеп қолымды созып едім, қолыма бір шоқ гүл ілінді. Алакеуім жерде гүлдің түрі мен түсін ажырата алмадым. Менің гүлді қолыма алуымды күтіп отырғандай:

- Бұл гүл емес, ол абақты періштесі-деді. Дауысы аса бір салмақты естілді. Одан арғысы өзім айтқандай екеу ара диологпен өрбіді. Түстің соңы жоқ. Соңын көрер едім, амал не мына мырза болмаса деп ағама ту сыртынан кексіз, ренішпен қарап қоямын.

Біз вогзалға жеткен соң да, бір сағатқа таяп барып, асыға күткен автобуста жетті-ау әйтеу. Жолаушылардың соңын ала қараторы, қиғаш мұртты, толқынды ақбұрыл шашын артына қарай шалқайта тараған Жарас ағамның өр тұлғасы көрінді. Шешем төрге іліп қойған суретінен көзімізге түсі үйір ағамызды бірден танып жүгіріп барып, бас салып құшақтай алдық.

- Қарақтарым-ай, қалқаларым-ай -деп Жарас ағамызда біздің маңдайымыздан иіскеп, бетімізден сүйіп, көзінің жасын қолының сыртымен сүрте берді. Осы сәт қасымызға сұңғақ бойлы, арықтау, ақ-сары деуден гөрі жүзі сұрға жақын, мұрны биік, көзіне көзілдірік киген әйел келіп амандасты, құшағында қара домалақ, шашы бұйра, көзі бақырайған бір ұл бала бар. Бұлардың Жарас ағамыздың әйелі мен баласы екендігі айтпаса да түсінікті еді. Бір жеті бұрын Жарас ағамыздан алған телеграмамызда: Әйелім және төрт жасар ұлымды алып жолға шықтым-дегені барды, сондықтан біздің үйдегілер де, тіпті, таныс-біліс, көрші-қолаң  барлығы да өзі әнші, өзі сері болған Жарас ағамыздың алғаны өзіне сай сылқым болар, ұлы өзіне тартқан қараторы сүйкімді бала болар деп ойлаған ды. Біз есімізді тез жинап жеңгемізбен де құшақтасып амандасып, бауырымызды сүйіп мауқымызды басып, ағамызды бала-шағасымен ат арбамызға жайғастырып, щу қаракөк деп үйге қарай тарта жөнелдік.

Есік алды қаранөпір халық. Бейне бір шет мемлекеттің бастығын күтіп алардай, кәрі-жасы бәрі осында. Арбадан түсер-түспес жығыла-сүріне жеткен анам ағасын бас салып құшақтаған күйі, тастай қатып үнсіз қалды. Анам осы жерде алдына жан салмаған айтыскер ақын еді, суырып салма да оған тең келер ешкім жоқ еді. Ағасы келедіні естігелі тіпті, өлеңшіл болып кеткен ді. Мына жұрттың көбі ақын әйел ағасына не деп мұң шағып, сағынышын қандай өлең жолдарымен жеткізер екен деп жиналғаны белгілі. Ал мына көрініс, "әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың" кері болып тұр. Әлден уақыттан соң аһ ұрып, терең тыныс алған анам, ағасын бас салғандағы кеудесінен жалын болып шыққан жаны, кеңістікте бір сәт қалқып тұрып ғазиз жүрегіне қайта қонғандай есі кіріп, еңіреп қоя берді. Жыр да, сыр да шашу болып шашылған кәмпит-тәттімен бірге ағыл-тегіл төгілді. Мәні мен ұйқасы тереңнен қиыстырылған зарға толы, сан жылғы шемен болып қатып қалған сағынышты сауған сан шумақ әр жүректің түбіне жетіп,  әр сананың түкпірінде жатқан қайғы-мұңды, үзілген үміт пен сарғайған сағынышты қозғап кетті. Елдің бәрі көл-көсір жылады. Жылады да күлді.

Бұл той біраз күнге жалғасты, келімді-кетімді адамнан аяқ үзілмеді. Өзіміздің оңаша отырып мұңдасатын уақытымыз да болмады. Шамасы бір жетіден соң, ел аяғы саябырлағанда Жарас ағам бір күні маған серуендеп тау жаққа барып келсек қайтеді -деп ұсыныс жасады. Мен екі сөзге келмей келісе кеттім. Анам тауға барғанда талқажау етерсіңдер деп бір кішкене сумкаға азық пен сусындық салып берді. Ішіне бір бутылка шарап пен бір қорап темекі оттығымен салыныпты. Қалашықтан ұзап, тау жоталарының ішіндегі бір биік төбенің басына шығып жайғастық. Төбенің арғы жағы жалама-жартас, терең шатқал.   Нағашым етекте жатқан қалашыққа қарап:

- Ішінде жүрген де әжәптәуір үлкен көрінуші еді, биіктен қарасаң бір алақандай сай ішінде жатқан ауылдай ғана екен ғой -деді мырс етіп күліп. Біраздан соң анамның берген дәмдерін шағын дастархан етіп ағамның алдына жайдым.  Шарап пен темекіні көрген нағашым:

-Беу қарындасым-ау, қарындасым-ау деді басын әнтек шайқап. Содан маған қарады да:

- Бірге тумақ бар, бірге өлмек жоқ дейді қазақ. Алайда, бірге туғанның бірге жасамағы бар - деді көзіне жас алып. Әңгімеміз жалғаса берді, мен өзім ішпейтін шарапты ағамның босатқан рюмкасына құйып қойып отырмын. Бір сәт ағамның көңілді отырған осы сәтін пайдаланып сұрап қалайын деген оймен, өзімше еркінсіп:

- Нағашы аға, бір бала әкесі мен шешесінен сұраған екен, әкем бір қалада, шешем екінші бір қалада, ал мен тағы бір қалада туылыппын, сонда үшеуіміз бір-бірімізді қалай тауып алдық?-деп сол бала айтқандай, өзіңіз бір қазақтың жігітің кім десе, мынау дейтіндей сымбатты да, өнерлі азаматысыз, ал инеліктей етіп жеңгемізді, негрдің баласындай інімізді қайдан тапқансыз дедім, өзімше келіскен бір сөз айтқандай мәз болып. Ағамның шуақты жүзі түнеріп сала берді. Аз-кем үнсіздіктен соң менің қолымдағы домбыраны алды да, зарлы бір әуенмен мына шумақтарды айта жөнелді:

- Жүргенде жұртты сағынып,

Ойыма қайдан оралды?

Бей уақта мұнар жамылып,

Мүлгіп бір тұрған тораңғы.

Өтпейді жолшы ол маңнан,

Киік те жортып аспаған.

Қиырсыз құмға, орманнан,

Кім оны бөліп тастаған?

Кім оны бұлай қарғаған,

Шертпейді бірақ, ол сырын,

Шегіне көзің бармаған,

Қайғысы болар осы құм

Мен өзімнің күлдірем деп, бүлдіргенімді түсініп, не дерімді білмей отырғанымда, ағам алғаш болып үн қатты:

- Сен жассың, жастық пен аңқаулық, жастық пен албырттық егіз. Сондықтан сен елдің жүрегінде жүрген сұрағын тіліңмен жеткіздің. Сенде айып жоқ. Сен сұрадың мен айтайын.

- Мына біз отырған жотаға қарашы тым биік емес, сондықтан басына шығып, шарап ішіп, ән салып отырмыз. Ал анау тауға қарашы асқақ, оған шығу оңай емес, ал оның ар жағындағы көкжиекпен астасып көлбеп жатқан ақбас шыңды көрдің бе, тым өр, бек тәкаппар. Ол ешкімді басына шығарған емес. Бірақ, басынан бұлт арылмайды. Елін, жерін сүйген азаматтар да сол асқардай асқақ, бірақ өмір жолы тар, көргені қуғын-сүргін, басынан мұңы үзілмейді. Мен де сол тар жол, тайғақ кешуге тап болдым. Сен сияқты жас едім, албырт едім. Жаңа ғана институт бітіріп қолыма жолдама алып, сүйген қызым Зейнеппен бірге алдағы жаңа өмірге қадам тастағалы жүргенімде дүлей дауыл, соқыр құйындай басталған саяси науқан мені абақтыға тықты. Зейнеп мені құлай сүйген қыз еді. Мен жатқан абақтыға келіп тұрды. Мені қашан шықсаң да күтемін деп уәдесін де берді. Кейін мені шалғайға алып кеткен соң хабарсыз қалды. Мен де оны жан-тәніммен беріле сүйдім. Ол менің мынау жалған дүниедегі алғашқы да, соңғы, жалғыз махаббатым болып жүрегімде мәңгі қалып қойды.  Ағамның дауысы өксік араласып шықты, қолындағы кезекті шарабын, сылқ еткізіп жұтты да, темекісін құшарлана сорып үнсіз қалды. Оның өзіне келуін күтіп мен де тіс жарып ештеңе айтпадым.

Ағам қос қолымен басын шеңберлеп, қыса ұстап, дауыс шығара жылаған күйі, орнынан атып тұрып бар дауысымен:

- Қайдасың, қайдасың сен, Зейнеп, кеш, кеш мені! Оның дауысына арт жағымыздағы жартас жаңғырып, құз шулады. Мен ағамды бас салып құшақтап:

-Аға сабыр етіңізші -деп өзім де бірге жылап жібердім. Ағам мені аяды ма, әлде өзін сабырға шақырды ма үнсіз қалды. Сәлден соң домбырамен ән салды. Сол бағанағы зарлы әуен:

Бұл-бұл құс мұнда келмейді,

Тыңдасын қайдан ол әнді.

Жаңбырдан тамшы көрмейді,

Тозақта өскен тораңғы.

Аларсың бірден аңғарып,

Айтпаса ешкім бұл жайлы.

Аулаққа кеткен ол ғәріп,

Бейуақта жалғыз мүлгиді.

Шараптың бір тостағын мен де жұтып жібердім, қышқылдан гөрі ащыға бейім ақшарап, өксік атып тұрған өзегіме дәл тигендей болды. Іле бір тал темекіні тұтатып едім, ағам қолымнан оны жұлып алды да:

-  Шарап пен темекі адамның қайғысына қайғы жамамаса, жеңілдеткен емес, сен бұлардан аулақ бол. Ащы щерді, ащы умен қуыру бізбен ғана кетсін-деді жүзіме тіке қарап. Содан өз-өзіне уәде бергендей, әр сөзін нықтап:

- Мен, жан баласына ашпаған сырымды саған бастадым. Енді бәрін айтып шыдайын, сен де тыңдап шыда:

- Шалғайдағы абақтыға жеткен соң менің өмірімдегі ең қасіретті күндер басталды. Адам баласын қорлау мен азаптаудың түрлі тәсілін сол жерде бастан кешірдім. Мынаны қарашы деп аузын ашып, маңдай тістерін көрсетті, бәрі жезден салынған. Алла берген маржандай аппақ тістерімді тістеуік салып, аузымды қызыл қанға толтырып бір-бірден жұлып алды. Әр тісім үшін естен танып отырдым. Жат ниетті қылмыскер атанған соң көптің алдына алып шығарып, басыңа қағаздан жасалған ұзын қалпақ кидіріп, бетіңді қара сиямен бояп, мойныңа ұзын арқанмен бірге, ауыр темір іліп көше аралатып, соңында тергеу үйіне әкелетін де биік үстелге қол-аяғың байлаулы күйі шығарып, кәні қылмыскер мына халық-бұқарасы алдында өз қылмысыңды мойныңа ал-деп шолақ белсенділер жан-жағыңнан айқай-шуға басып, бейне мойын жібін босатсаң болды, талап қоюға шақ тұратын байлаулы, қабаған төбеттердей арсылдап анталайтын. Жоқ  қылмысыңды қалай мойындарсың. Олар осыны күткендей мойнымдағы арқаннан тартып қалатын. Төрт аяғы байлаулы қойдай болған сорлы денем гүрс етіп цемент еденге бетіммен келіп құлайтын еді. Арсылдаған төбеттер есімді жиғызбастан тепкінің астына алатын. Есімді үлкен сары кенептен тігілген дағардың ішінде, суға малшынып жатқан күйімде жинайтынмын. Сөйтсем, менің есімді жыйғызу үшін олар мені үнемі, осылайша сары дағарға салып, аузын мықтап арқанмен байлап, бір ұшын ағашқа бекітіп, абақтының қасындағы тоған суына қалқытып өз жөндеріне кетеді екен. Ағам осыларды айтып отырғанда көкірегім қарс айырылып, жүрегім  езіліп кетердей хал кештім. Одан артық тыңдауға шамам келмеді де ағамның алдына барып, тізесіне басымды салып, оның белінен қапсыра құшақтаған күйі солқылдап кеп жыладым, жылай отырып:

-Аға өтінем, айтпаңызшы, енді айта көрмеңізші, мен шыдай алар емеспін-дедім бұлқынып. Ағам үнсіз қалды. Әлден уақыттан соң өксігімді тыйып, ептеп басымды көтеріп ағамның жүзіне көз салдым. Артымыздағы шатқалдың желкесінен ауып, батып бара жатқан күннің соңғы сәулесі оның дидарына әлсіз, солғын нұрын төгіп тұр екен. Бірақ жүзінде жылу да, жас та жоқ. Жартаста бір, ағам да бір, екеуі де меңіреу кейіпте, үнсіз қалған.  Меңіреу жартас қап-қатты тастардан құралған, оның тұлғасы да, жүрегі де тас. Ал адам ше, ол ет пен сүйектен жаратылған, оның жүрегі тіптен нәзік, соның ішінде өнер адамдарының жүрегін айтсаңызшы, сарғайған жапырық үшін, құстың қайырылған қанаты үшін,  сұлудың жанарынан жазықсыз төгілген бір тамшы жас үшін қан жұтып, қамығатын жүрек осынша азап пен қорлыққа қалай төзді екен ә? Ал анау ант ұрған белсенділерді айтсайшы, атасын да, анасын да білмейтін, жат жұрттан келген жалғыз сорлыны сонша азаптайтындай олардың қай атасын өлтірді екен бұл? Жазықсыздан жазықсыз, өмірінде көрмеген жанды сонша тепкінің астына алардай оларға не істеп қойды бұл? Соншама нәзік адам жүрегі осыншама қаталдыққа, жауыздыққа қалай барады екен деші? Егер адам жүрегіндегі мейірімділік пен қатыгездіктің қай-қайсысында мынау бежірейген жартасқа берсе көтере алар ма екен? Анау тауға жүктесе ше? Ешқайсысы да оны көтере алмаған күйі быт-шыт болып талқаны шығар еді. Беу адам баласы сендердің ұжымақ немесе  тозаққа лайық болып жаратылғандарың осы  қос сипаттарың салдары болар.

Біраздан соң ағам сөзін сабақтады. Сондай "Тәрбие сағаттарының" бірінен соң, өзіме таныс тоған жағасында есімді жыйдым. Сол жақ көзім мүлде ашылар емес, оң көзіммен сығырайып қараймын. Басымда бір адам қолдарымен су болған шашымды сипап, бетімдегі қан дақтарын сүртіп отыр. Кім екенін жыға тани алмадым. Қарауытқан көзімді көп ашып тұруға шамам келер емес, алайда басында жаулығы бар, қолдары нәзік әйел заты екенін сезіп жатырмын. Сөйлейін десем, таңдайым кеуіп, тілім күрмеле береді. Ол басымды көтеріп алдына алды да, торсығынан сап-салқын сүтті ептеп аузыма тамыза бастады.

- Сүт, уа берекелі сүт-деймін ішімнен, сен қайдан жүрсің бұл құлазыған шөлде? Сен біздің ауылдың дәмі емес пе едің? Көз алдыма бір саптыаяқ сүтті қылқылдата жұтып, тамақ же-деген анамның сөзін елемей, бір кесек таба нанды ала салып, даладағы достарыма асығып жүгіріп бара жатқан қызыл сары шырайлы, аласа бойлы өзімнің бала бейнемді көргендей болдым.  Іле көзіме анам елестеді. Қолында бір кесе сүті бар менің қарсы алдыма келіп:

- Таста сол қағазды, кеміре бермей, қарашы түріңе әне,  ілмиіп, қатып-семіп барасың, онанда мә сүт іш-дейді.  Мен:

- Ана-дедім дауысым шығып.

- Есіңізді жиыңыз-деген әйел дауысынан есіме келе бастадым. Басымды құшып сол бейтаныс әйел отыр екен.

-Мен, сіздің анаңыз емеспін. Мен сіздің камералас Тұрсынның қарындасымын -деді оңтүстік адамдарының әуенімен. Мен сонда ғана өзімнің есімді жиып, қайда жатқанымды аңғардым.

-  Рахмет-дедім мен де, зорға сөйлеп.

- Түстен кейін мен сіздерге тамақ апарамын және сізге киім ала барамын, кір киімдеріңіз болса, беріңіз мен жуып-шайып берейін-деді аса бір қамқорлықпен. Көп уақыт бойы мұндай жылы лебіз естімеген мен сорлының көзіне үйіріліп жасым келді. Алайда, жылауға да күш керек екен, жылай алмадым. Тек өзегімді жарған ащы өксік өткір пышақтай қолқа-жүрегімді тіле берді.

Түскі үзілістен соң белсенділер мені сүйретіп апарып өз камерама сылқ еткізіп тастады да жүре берді. Қасыма жеткен Тұрсын аға менің басымды тізесіне ала отырып:

- Мейірімсіздер, жауыздар-деді зілмен. Ол осына айтып мені шешіндіріп төсегіме дұрыстап жатқызды. Төсек деген аты болмаса, сабан төселген еден еді. Түстен кейін Тұрсынды кездесуге адам келді деп шақырып кетті. Мен жалғыз қалдым. Өн-бойымда сау жер жоқ, барлық мүшем қан-қақсап ауырып,  жанымды қоярға жер таппай жатырмын. Аздан соң Тұрсын келді де, тамақ салынған сыры ұшқан ескі мескей ішінен бір шөміш асты бөлек ыдысқа құйып алды да менің аузыма тосты. Жақтарым сынып қалғандай ашылар емес. Зорға дегенде торғайдың балапанындай аузымды ашамын, Тұрсын аға күріштен жасалған сұйық асты қасықтап менің аузыма салады. Шайнауға шамам келмейді, ептеп жұтуға тырысамын. Төгіп-шашып жүріп бір шөміш асты зорға тауыстым. Менің аузы-мұрнымды сүртіп басымды қайта жастыққа тигізген Тұрсын ағам енді менің үстімдегі түгі қалмай тозып біткен киімдерімнің қалғанын шешті де шыт-жаңа киімдерді кигізе бастады. Анасы киіндіретін жас баладай былқ-сылқ етіп мен отырмын.

Арада біраз күндер өткен соң  ептеп басымды көтеруге де жарап қалдым. Келген тамақты өзім қасықпен жейтіндей хәлге жеттім. Тұрсын ағаның әңгімесіне де құлақ түрем. Қазір отырып, таң қаламын. Адам баласының жаратылысы тым тылсым, бек күрделі ғой, сонша таяқтан соң аман қаласың, тағы да тірілік қамын жасайсың. Сондай берік, тозбайтын дүниеден жасалғандайсың. Ал кейде оп-оңай, түкке тұрғысыз бірдеңеден жан тәсілім етіп жатасың.

Бұл Тұрсын ағаның кім екенін айтайын, ол кісі сол жердің оқу-ағарту ісіне жауапты басшы кадры екен. Мәдени революция басталғанынан-ақ басшылар мен зиялыларға қырын келгенін өзіңде естіген шығарсың. Сол солақай саясаттың салқыны осы бір жаны таза,  адал ниетті адамды да аямаған. Оған соқтығудың жолын таппаған бұзақылар бір күні әдейі іздеп барып, қолдарына ұстаған "Маодың сөздерінен үзіндіні" ашып, онан

- Көктем егіншілік уақыты-деген сөйлемді оқып, сен көктемнің егістік кезі екенін білесің бе?-дейді.

- Әрине, біз де дихан баласымыз ғой, білеміз-дейді. Іздегенге сұраған дегендей олардың да күткені сол еді.

-  Міне, сасық зиялы, ұлы көсемнің білгенін мен де білем дейді-деп жағасынан ала кетеді. Бір ауыз сөзі үшін айыпты болып бір-ақ күнде абақтыдан бірақ шығады. Содан бері екеуіміз бір камерадамыз.

Күн артынан күндер өтіп жатты. Бұл жылдар ел ішіндегі таптық сипат алатын күрес белең алғандықтан, шаруашылық тоқырап, халық жалпыбеттік қызу саяси науқанға араласып кеткен еді. Сондықтан ел ішінде аштықта дендеп, аштыққтан адам шығыны да күн сайын артып отырған кез еді. Сыртқы дүниеде еркіндікте жүрген адамдардың өзі аштан өліп жатқанда түрмеге тоғытылған қылмыскерлердің жағдайын көз алдына елестетудің өзі мүшкіл болатын. Әбден терісі сүйегіне жабысқан аш-арық "қылмыскерлер" күніне бір сәт есік алдына күн көзіне шығуға рұқсат берілетін. Ондай да, тәуліктеп, айлап, жылдап цемент еденнен зәбір көрген "қылмыскерлер" сүйретілсе де, өрмелесе де есікке қарай беттейтін.

Түрме болған соң алуан түрлі адамдар топтасары анық. Олар алқа-қотан дөңгелектеніп алып, түрлі нәрсені сөз етуге тырысатын. Ондай да, тырысқақ, қырысқақ адамдар бірінің сөзін бірі көтермей боқтасып та жататын. Сөйлеуге шамалары келмегенде бір-біріне жұдырығын көрсетіп, қабақтарын түйетін. Тіпті, қаны қызбалары бір-біріне қарай сүйретіле сырғып барып, қайратсыз қолдарымен бірін-бірі ұрғандай болатын. Алайда, қауқарсыз қолдар көтерілмей жатып сылқ етіп құлайтын. Ал олар сонда да бой-бермейтіндей сыңай  танытып, жер құшып жатса да ала көзденіп бірін-бірі жеп жіберердей қарасатын.

Біздің жатқан камерамыз шағын болатын. Шаршы салынған бөлме қай жағынан санасаң да үш қадамнан аспайтын. Қай заманда ағартылғаны белгісіз, ұзақ уақыт тазалық пен жөндеу көрмеген тозығы жеткен бөлме болатын. Терезе деген аты болмаса дұрыстап күн сәулесі түспейтін алақандай тор көз екі кісінің бойы жетпестей биікте, жалғыз көзді диудың көзіндей үңірейіп үрей шашып тұратын. Төбе биік, сол биік төбеде тәулік бойы кірпік қақпастан, жоғары ваттық  лампошка жанып тұратын.  Алақандай бөлменің іші жап-жарық болғандықтан қабырғада өрмелеп, емін-еркін сайрандап жүретін   бүргелерді де анық көріп жататын едік. Шоқпардай темір құлпы салынған темір есікте күзетшілерге арнап тесілген тесік болатын. Сол тесіктен олар бізге тамақ тастап, ара-тұра қарап өлі-тірі екенімізді бақалып отыратын.

Басқа "қылмыстыларға" қарағанда біздің камерамызға тамақ пен киім жиы келіп тұрды. Бәрін жеткізіп тұрушы Тұрсын ағаның қарындасы. Оның дидарын көрмесем де, атының Фарида екенін Тұрсын ағадан естігем. Тұрсын ағаның інісінен кейінгі жалғыз қарындасы, жасы сол жылы 23-те, менен дәл екі жас кіші. Ағасынан қарындасы туралы құтқуырлап қузаудың реті жоқ. Сондықтан бар білерім сол ғана.

Сол жердің тумасы болса да, Тұрсын ағаның көрген көргілігі де аз болған жоқ. Талай рет ес-түссіз күйде камераға жеткізілді. Ондайда мен бәйек болып, аузына су тамызып, жарасын таңып, қанын жуатын едім. Есін жыйған соң, ол мені інісіндей аялап, бауырына басып отырып:

- Басыңнан бағың құласа,

 Демейді жаттар: бұл обал.

 Қазақтың жаны жыласа,

 Қырғыздың жаны орамал!- деген бір-ақ шумақ өлеңін оқып,  өксіп жылап жіберетін. Ондайда, жат ел, жат жерде, ешкімнен мейір-шапағат көрмей, өгей өмір кешіп, жаны мен тәні бірдей тозып  жүрген мен бейбақ қосыла жылайтын едім. Сол шақта осы бар-жоғы бір-ақ шумақ өлең мен үшін, тамырлас халықтардың тағдырлас тіршілігіне байланысты биік мінбелерден қабылданған шешімдер мен жоспарлардан да, том-том болып жазылатын ғылыми-зерттеу еңбектерінен де жоғары тұратын, жан мен тәннің қауышуынан туындаған  адам ақылымен сезіне бермейтін, ұлы сүйіспеншілік әлемі болатын.

Бұл өлең қанша мәрте қайталанды, ол жағы есім де жоқ. Бір білерім осы шумақ өлең, маған жауыздық пен қатігездіктің төбесінде қашан да күн дидарлы мейірім мен сыйластықтың тұратынын әр дайым есіме салып отырды. Жүрегіме ептеп үміт, бір жылы сезім ене бастады. Алғашқы жылдары бүйтіп  тірідей тамұққа түскенше, өліп-ақ түсейін деп сан мәрте өз-өзіме өлім тілегенім бар. Нағашы атам діндар адам еді, ол кісінің аузынан Алланың салған сынағына шыдамай, өзін-өзі өлтірген пенде тозақттық деп айтып отырғанын естуші едім. Сонда, адам баласы не үшін өз-өзіне қол жұмсайды екен -деп түсіне алмай әрі Құдайдың берген ғұмырынан уаз кешу Жаратушыға болған қарсылық қой, мүмкін тозаққа түскені де сол үшін болар деп өзімше жорамал жасайтынмын. Ал ауыр күндер басыма келгенде, өзімнің тағдырыма еш қатысы жоқ, тек әлде бір төзімсіз, ақылсыз жандардың басына түсетін бақытсыздықтай сезілетін күйге өзімнің қалай түскенімді де білмей қалдым. Мұным бәлкім саңырау, мылқау, мейірімсіз адамдарға өзімнің күнәсіздігімді дәлелдей алмайтынымды түсініп, әділ де, кешірімді Алланың құзырынан теңдік іздеген далбасалығым әлде шарасыздығым болар. Қолыма ілігер ештеңе болмағандықтан, құр өлімді тілей бергенше, іске көшейін деп, басымды абақты қабырғасына ұрғаным есімде, ар жағын білмеймін, есімді жисам, басым таңулы, қасымда Тұрсын аға отыр екен. Менің зорға көзімді ашқанымды көріп, екі қолын жайып, дұға жасап, Аллаға мінәжат етті. Мен өзімнің тірі қалғанымды біліп, қасіретке шомыдым. Қолымнан тіпті өлуде келмеді, недеген соры қалаң, ит жанды пенде едім. Менің жан-дүнием осылай  азаппен алысып жатқанда:

- Басыңнан бағың құласа,

 Демейді жаттар: бұл обал.

 Қазақтың жаны жыласа,

 Қырғыздың жаны орамал!-  деген, қырғыздың мұңлы әуенімен айтылған өлең,Тұрсын ағаның  қоңырқай дауысымен жүрегіме жетіп, жан-сарайымды сәлде болса жеңілдеткендей болды.

Бірде аға мені қарындасы келгенде кездесуге бірге баруымды өтінді. Бұл кезде Тұрсын аға  екеуіміздің ара байланысымыз нағыз қанды көйлек достық негізінде қалыптасқан, мызғымастай  ағалы-інілі қатынас болатын. Сондықтан Тұрсын ағаның "Тұрсыны" кетіп, "ағасы" қалып еді.  Қарындасы қанша келсе де, мені ертпей жалғыз өзі барып кездесіп жүрген ағам алғаш рет қарындасымен мені таныстыруды жөн көріп отыр. Мен оның жүзіне сұраулы көзбен қарадым. Бір-біріміздің жағдайымызды көзіміздің қарасынан түсіне беретіндіктен, менің ойымды ол да білді. Сабырлы үнмен:

-Інім, өзің де білесің, бір ата, бір анадан үшеу едік, менен кейінгі інім бала күнде әкеммен бірге көлік апатынан мерт болған, артымнан ерген жар дегенде жалғыз ғана қарындасым, ет-бауырым бар. Менің денсаулық жағдайым өзіңе мәлім, не осы сасық түрме ішінде, не болмаса бұдан шыққан соң көп ғұмыр кешпей өлермін. Оны жүрегім сезеді. Сонда қарындасымды кімге аманаттаймын? Мыналар секілді екі аяқты хайуандарға ма, жо, жоқ, атай, тіпті, ойлай көрме. Ол осыларды айтты да күректей қолдарын маған ұсына берді. Мен қапелімде ештеңе айта алмадым, мұндай да не деуге болады? Үнсіз қолымды ұсындым. Ол менің қолымды қатты қысты, мен де әлім жеткенше қысып жатырмын. Оның қара қошқыл, сұсты жүздеріне қан жүгіргендей болды. Қап-қара көздерінен төгілген жылы шуақ оның қолы арқылы менің де тұла бойыма тарап кеткендей болды. Ол әнтек үнсіздіктен соң:

- Бәріміз еркекпіз ғой, туған қарындасыңды өзгелерден қызғанады екенсің. Сен айып етпе, түсінесің ғой, ал қазір қызғанатын кез емес. Ол осыларды айтты да менің жауабымды күтпестен мені жетелеген күйі кездесу бөлмесіне қарай асыға басып тартып кетті. Ал менің жүрегім атша тулап, кеудемді тесіп шығардай алсаұрады. Өзімнен-өзім қысылып, дегбірім қашып, мазам кетіп келеді. Айна-тарақ көрмеген бет-жүзіммен қыз жүзіне қалай қараймын деген ой онан бетер састырады, ептеп түкірігімді алақаныма жағып, шашымды қолыммен тарағандай боламын. Киімдерімді тартқыштап дұрыстағандай боламын. Әйтеу қойшы, өзіммен-өзім алысып жүріп қабылдау бөлмесіне де келдім. Басқа да тұтқындардың туыс-туғандары да келген екен. Төрт кісілік үстелдерде адамдар бір-біріне қарап, әлде нелерді айтып, сыбырлап сөйлесіп отыр, әлде біреулер қыстыға жылап та отыр. Біз бұрыштағы орынға жайғастық, біздің келгенімізді көріп талдырмаш қыз жүгіріп келіп ағамның қолынан алып, кеудесіне басын қойды. Қарындасын құшақтаған ағам оның шашынан искеген күйі біраз тұрды да мені ертіп келгені есіне түссе керек, бұрылып маған қарады да:

- Інім кел, бұл Фарида-деді. Мен сол жерде жеңгеңді алғаш көрдім, қазіргі кезі ол кездегі бейнесінен артық десем қате айтпаған болармын. Бірақ, мына сүрей ортада, қан сасыған түрмеде, қатыгез жауыздардың ортасында мен үшін одан артық мейірімді, одан артық сұлу, одан артық әйел заты жоқ еді. Біздің таныстығымыз осылай басталды...

Содан көп ұзамай, ағам түрмеден босатылды. Қоштасар сәтте, екеуіміз бір-бірімізді қимай ұзақ қоштастық. Торғай болсам, мына тар көзден ұшып шығып, анам мен қарындасымның қасына барып хал-жағдайларын біліп, анамның тамағын жеп қайтар едім-дейтін ағам енді осы бір тар қапасты қимайтын жандай кеткісі келемей тұра берді. Тек уақыт толып кетер шақта:

- Інім жасыма, батыр халықтың ұрпағысың, біздің бойымызда көшпенді бабаларымыздың қапасқа симайтын еркін рухы жатыр. Оны ешкім де құл ете алмайды. Осыны ұмытпа, түрмеден әлі-ақ шығасың, сонда мені сөз жоқ іздейтін бол. Фарида келіп тұрады, денсаулығым жар берсе мен де жиі келемін. Ал амандықпен көрісейік, Алла соны нәсіп етсін бізге - деді де, кең құшағына алып, құлағымның түбінен мүңлы қырғыз әуенімен өзінің қоштасу жырын айтты:

            - Қайыр қош, қайырлы дос,

            Жанымды жаныңа қос.

            Өтпесін өмірің бос,

            Келетін бағыңды тос.

            Қазақтың  ұланысың,

            Бұла бел бұланысың.

            Самғауға тиістісің,

            Даланың қыранысың!

Ағамның жыры бойыма қайрат бітіргендей болды. Алайда, қанша қайраттансам да көзімнен аққан жасты тоқтата алмадым. Ағам кеткен соң мүлде құлазып қалдым. Тек Фарида ғана жаныма шуақ төгіп келіп тұрды. Ендігі өмірдегі бар жақыным, жанашырым тек осы Фарида ғана, келмесе сағынамын, іздеймін. Күзетші келіп саған бір қыз келіп тұр деп айтпайынша байыз таппай сандалатын болдым. Ол күндері ғұмырымның мәні де, мақсаты да осы қыз болды. Алғаш тұтқын болып отырған жылдары ауылды, анамды, қарындасымды, Зейнепті жиі еске алып, сағынатынмын, соларды еске алу арқылы әлде бір масаң сезімің құшағында қалықтайтынмын, содан сәлде болса ләззәт алғандай күй кешетін едім. Алайда, ұзақ жылғы түрме өмірі, менің енді оларды қайта көрем деген үмітімді біртіндеп өшірген еді, содан оларды ойлау бұрынғыдай жаныма шырын емес, жүрегіме у құятын болғандықтан оларды ойлауды доғарғанмын. Еске алу азайған соң жақын адамдарың да бірте-бірте ұмытыла береді екен. Содан  жанымның бар қалауы, осы қыз болып қалды. Оған деген сезімімнің жомарттығы сондай онымен кездесер сол азғантай сәт үшін енді қалған өмірімді арнауға да дайын жүрдім.            Ағам кеткен соң төртінші жылы ел саясатында өзгерістер болып, жазықсыз жапа шекен адамдар жаппай ақталып жатты. Сондай күндердің бірінде мен де өлігім шығады-ау деп жүрген түрмеден тірі күйде жарық әлемге шықтым. Ол кездегі жан тербелісімді, қуанышым мен қасіретімді, өкінішім мен үмітімді айтып жеткізе аламаспын. Фариданың қуанышында шек жоқ, баяғыда ағасы шығарда да дәл осылай балаша мәз болғаны бар еді. Ал қазіргі бейнесі содан бір мысқал кем емес. Ол мені қақпа алдынан күтіп алды да үйіне жетелеп алып барды. Үйлері түрмеден тым шалғай емес екен. Баяғыда мені сабап әкеліп, арқанмен матап, дағарға салып малып қоятын тоған да сол күндегідей, ештеңені білмегендей, сезбегендей жаздың шуақты күнімен ойнап, жылт-жылт етіп ұшқын шашып ағып жатыр. Ептеп келдім де жағасына отырып, салқын сумен беті-қолымды жудым. Қасымда Фарида қарап тұрды. Ол да мен де тіс жарып ештеңе айтбадық. Бірақ екеуіміздің де жүрек түкпірімізде не жатқанын үнсіз ұғысып тұрдық. Қуанған да бір қорыққан да бір дегендей қуаныштан мөлдіреген жастарым үзіліп-үздігіп тамып тоған суымен бірге алыс атыздарға қарай ағып жатты. Кім біледі менің жасымнан суарылған жүгерінің дәні өзге жүгерілердің дәміне қарағанда ащы әлде тәтті болып өсер.

Менің бұл қуанышты шақтарымды өкінішке орай, ағам көре алмады. Ол мен шығардан алты ай бұрын, түрме азабынан алған зардаптан айыға алмай қырыққа жетпей қыршын қиылды. Алайда, соңында жалғыз тұяғы қалды. Бір жылдан соң біздің де үйлену тойымыз болды. Фариданың анасы марқұм қайын енем мені өз ұлынан кем көрмеді. Алайда екі ұлымен күйеуінің қайғысын көтере алмай біз үйленгеннен кейін көп ұзамай дүние салды. Ағамнан қалған жалғыз тұяқты өз бауырыма салып алдым. Біздің бала атанып жүрген кішкентай қара домалақ тентек сол ағамның баласы. Ал түрменің көрсеткен "сыйы" болар біз бала сүйе алмадық.

Нағашы ағам әңгімесін толықтай тамамдады да үнсіз қалды.  Күн әлде қашан батып кеткен. Қарайған көңілдің қапасында қамалып, қарауытқан қара шоқының басында екеуіміз ғана отырмыз. Етектегі қалашықтың жолдары мен үйлерінде жарқырап электр шырағы сәуле шашып тұр. Әлі-ақ ертең таң атып, арайлы күн нұры дарқан даланы өзінің жарығы мен жылуына бөлері анық. Алайда, қараңғы түнекте электр жарығының болғаны да жүрекке махаббат пен үміт сыйлағандай.

( соңы)

Алматы, 2015

demeu2

Қатысты Мақалалар