Тіл мен термин мәселесінің төңірегінде топталған мәселелер жайлы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Б.С.Жонкешовпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Б.С.Жонкешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.
- Терминология мәселесі әрқашан, әр уақытта да өзектілігін жоғалтқан емес. Қазірде 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктегі көптеген терминдер үлкен дауға айналып үлгерді. Жалпы, осы сөздік туралы айта кетсеңіз?
- Дұрыс айтасыз, тіл дамуын тоқтатпайынша, терминология мәселесі өзектілігін жоймайды. Себебі жыл өткен сайын ғылым мен техниканың дамуына байланысты соған қатысты ұғымдар мен атаулар да тілімізге еніп жатады. Әр тілде пайда болып, халықаралық дәреже алған сол терминдерді қазақ тіліне қалай игеру, игергенде қазақ тілінің «қара шапанын» жаба отырып қабылдау қазіргі қазақ терминологиясының ең өзекті мәселесінің бірі болып табылады. Сонымен бірге қазіргі қазақ терминологиясындағы өзекті мәселелер ретінде терминдердегі варианттылықтың жойылмай отыруы, терминдердің заңдастырылмай келуі, халықаралық деп жүрген терминдерді әлі де болса, орыс тілінің стандарттарына сәйкес қабылдап жатқанымызды атауға болады. Бұл 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминологиялық сөздік Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша «Педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жарыққа шығып отыр. Академия сөздіктерді 2012 жыл мен 2014 жылдар аралығында әр сала мамандары мен тілші мамандарды тарта отырып әзірледі. Мамандардың біліктілігіне күмән келтіре алмаймыз. Себебі, қайталап айтамын, әр сөздікке сол саланың мамандары қатысты. Терминнің мағынасын мамандар ғана түсінеді. Жалпы терминнің дәл мағынасын сала мамандары ғана айта алады. Ал әр сөздікке жауапты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері оның қазақ тілінің әдеби нормасына сай екендігіне ғана төрелігін айтқан еді. Менің шамалауымша, бұл сөздіктің жарық көрген бойда қазақ тілді тұтынушылардың тарапынан сынға ұшырап отыруы – cөздік жасау жұмыстарының дұрыс ұйымдастыра алмағандығынан орын алған кемшіліктер. Ұйымдастырушыларда сөздік жасау тәжірибесінінің жетіспеушілігінен деп ойлаймын.
- Алғаш рет салалар бойынша терминологиялық сөздіктер топтамасы 1999-2000 жылдарда жарық көрген екен. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Педагогикалық ғылымдар академиясының арасында жасалған келісімшарт негізінде 2012-2014 жылдары аралығында дайындалған 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминологиялық сөздіктер топтамасы қайта басып шығарылуының мақсаты не?
- Иә, бұл сөздіктің бастамы (задел) 1999-2000 жылдары жарыққа шыққан салалық терминологиялық сөздіктердің қоры болатын. Онда әр сөздікте шамамен 4 жарым мың термин қамтылған. 2014 жылы жарыққа шыққан сөздіктің басты мақсаты – алғаш жарық көрген сөздіктерге енбей қалған және тілімізге жаңадан енген терминдерді барынша қамту болды. Осылайша әр салаға қатысты терминдер қатары 9-11 мыңға дейін жеткізіліп отыр. Себебі Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі 2014 жылға қарай – 20%, 2017 жылға қарай – 60%, 2020 жылға қарай – 100%-ға жеткізу міндеті қойылған. Дегенмен де бүгінгі таңда санға жеткенмен, сапаға жете алмай отырмыз. Біз бұл жерде терминдерді реттеу арқылы қандайда бір ұтымды жетістіктерге жете аламасымыз айдан анық. Терминология теориясында қандайда бір тілдің терминдерін нормалау, жүйелеу, біріздендіру, реттеу сияқты үдерістердің басын құрайтын «Терминологиялық жұмыстар» деген ұғым бар. Осы жұмыстардың соңғы нүктесін терминдерді «стандарттау» немесе «кодтау» атты процестер қояды. Негізінен, қолданыстағы терминдерді стандарттап алмайынша, біз қазіргі күндегідей даулы мәселелерден арыла алмайтындығымыз анық. Ал бұл жұмыспен жекеменшік мекемелер емес, мемлекеттік мекемелер айналысқаны дұрыс. Өртеніп жатқан үйге, басын үйітіп алғысы келетіндер, өкінішке қарай, қазіргі қоғамымызда көп болып тұр. Меніңше, тілді тендерге салып саудалауды артық деп ойлаймын.
- Бейбауырмалдық – бейбауырмалдык, жігіт – жигит, жігіттік – жигиттик, жоқтау – жоктау, жоралғы – жоралгы, игі – иги, игілік – игилик, зұлым – зулым, зұлымдық – зулымдык т.б. осы сияқты терминдер сөздікте қаптап жүр. Жалпы, мұндай көптеген қателіктердің кетуіне қалай жол берілді? Сөздіктің бас-аяғында кімдер жүрді?
- Мен мұның барлығын қателік деп айта алмаймын. Орыс тіліндегі шет тілі сөздерін зерттеуші Л.П.Крысин атты ғалымның «Шет тілі сөздер сөздігінде» орыс тіліне қазақ тілінен енген тақыр – такыр, сор – сор, тау сағыз – тау сагыз, тұман – туман, түк – тюк және т.б. сөздерін тізіп көрсетеді. Халықаралық терминдер деген тіл жоқ. Халықаралық терминдер – әр тілден енген терминдердің жиынтығынан тұратын бірліктер. Егер тілде қандайда бір ұғымды атайтын бірлік болмаса, тіпті ұғымның өзі болмаған болмаса, амалсыздан түп тілден сөз алуы міндетті. Қазақ халқында жер бедеріне, ауылшаруашылығына, мал атауларына, тағам атауларына қатысты ұғымдар мен атаулар, реалийлер өте көп. Сол себептен де қазір орыс тілінде қазақтың құртын – курт, қазысын – казы деп атайды. Тілімізде осы сипаттағы сөздердің халықаралық дәрежеге сұранып тұрғандары қаншама. Дегенмен де жоғарыда айтылған «бейбауырмалдық» деген қолдан жасалған ұғымға айтар дауым бар. Қазақта «бауырмал» деген сөз бар. Ал оның антонимі, яғни қарсы мәндес сөзі «жатбауыр» екендігін кез келген қазақ біледі. Осы сипаттағы сөздерге абай болу қажет еді. Бұл – сөздікке авторлардың бірі болып қатысып отырған тілші маманның тарапынан жіберілген кемшілік.
- Сөздікке, негізінен, Тіл білімі институты атсалысыпты. Сонда институт ғалымдарының біліксіз болғаны ма?
- Әлеуметтік желіде Тіл білімі институтының атына айтылып жатқан сөздермен таныспын. «Институттың мамандары мисыз, не қарап отыр? осындай сөздікті қалай дайындаған?» – деген сипатта реніштерін білдіріп жатыр. Мен бұған түсінген адамға мына бір мақалмен ғана жауап берер ем – «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған ұтылады».
- Сонда жіберілеген кемшіліктер Тіл білімі институтының тарапынан емес дегіңіз келе ме? Осы жағын кеңінен айтып берсеңіз.
- Мына бір мәселеге назар аударайықшы: жұмысты тікелей орындаушы Педагогика ғылымдар академиясы. Сала мамандарының жетіспеушілігімен әр мекемеде жұмыс жасайтын, сөздікті жасауға қажет деп танылған мамандар келісімшарт негізінде жұмысқа тартылған. Жалпы сөздікті дайындауға ұйымдастырушылардың көрсетуінше 52 мекемеде қызмет істейтін мамандар қатысқан екен. Институт қызметкерлері де аталмыш сөздікке тек авторлардың бірі ретінде ғана қатысқан. Егер сөздіктердің алғы бетіне (титул парағына) әртүрлі мекемеде жұмыс істейтін мамандардың жұмыс орнын көрсету қажет болса, 52 мекеменің атауы тұруы қажет еді. Қайталап айтамын, сөздікті дайындауға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты емес, сонда қызмет істейтін жеке қызметкерлер ғана қатысқан. Жеке авторлар тарапынан жіберілген кемшілік үшін, Институттың атына күйе жағуға бола ма? Сонымен бірге жарық көрген сөздіктің маңдайшасындағы Тапсырыс беруші мен орындаушының қатарында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының атауы орынсыз тұр. Институттың аты тұру үшін сөздік жасау жұмысы Тіл білімі институтында орындалуы қажет еді. Бұны мен Институттың атын ақтап алайын деп айтып жатқаным жоқ. Шындығы, реті тіпті, заңдық тәртібі де солай. Қазір өз кемшіліктерін жасыру үшін шығарған өнімдеріне Институттың атын пайдаланушылар өте көп.
- Дайындалған сөздіктердің сапасын арттыруға Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы мүшелері де қатысқан көрінеді. Сонда олар мұндай қателіктерді қалайша байқамаған?
- Мемлекеттік терминология комиссиясы сөздіктің сапасын арттыруға емес, Комиссия отырысында сөздікке берілген терминдерді мақұлдауға келісімін берді. Енді мынаған көңіл аударайық, әр томда орта есеппен 10 мың термин бар десек, 30 томда 300 мың термин бар. Ал 1 күнге созылған Мемлекеттік терминологиялық комиссия отырысында осы 300 мың терминнің ақ-қарасын ажыратып алу мүмкін бе? Бұл терминдерге сараптама жасау үшін бір институттың кем дегенде жарты жылдық уақыты қажет. Теринология комиссиясының 20-ға жуық мүшесі бар, ал Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінде осы мәселемен бір-ақ маман айналысады. Енді өзіңіз кемшіліктің не себептен орын алғандығын шамалай берсеңіз болады. Менің ойымша, бұның барлығы – біздің елде жұмыстың жүйелі түрде орындалмауынан кетіп жатқан кемшіліктер. Оған бір адамды немесе бір мекемені кінәлауға болмайды.
- Сөздікке қандай баға берер едіңіз.
- Сөздік салаларға қатысты біршама терминдердің қорын қалыптастырған үлкен жұмыс. Дегенмен де реттеу, біріздендіру, жүйелеу тәрізді терминологиялық жұмыстардың атқарылуында кемшін тұстары жетерлік. Тұтастай алғанда, салаға қатысты терминдерді жинақтап, халықтың ой-пікірін білу үшін апробацияға жіберілген еңбек. Жарық көріп отырған еңбекті нормативтік сөздік деп айта алмаймыз. Тіл – халықтікі. Бас сарапшы да халық. Сын пікірлердің айтылғаны дұрыс. Себебі, «көш жүре түзеледі». «Көп түкірсе – көл». Мұны жобаны орындаушылар кейінгі басылымда ескерер деген үміттеміз.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Дінмұхамед Аязбеков