Қасым Қабылхақ – АҚШ-та тұратын қандасымыз, Медицина ғылымының докторы, профессор. Бұл азаматтың есімімен біздің Қазақстандықтар жақсы таныс болмаса да, жершарының арғы бетімен «жершарының қызыл белдеуі» атанған Қытай мен күн шығыс елі Жапон жақсы біледі. Әсіресе, оны ғылым саласындағылар тіпті жақсы таниды. 1990 жылдардың басында Жапон асқан жас ғалым 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Қазір Нью-Йорктегі Айова (Iowa) университетінде қабынумен рактің байланысын (INFLAMMATION AND CANCER) зерттеумен айналысатын ғалымның зерттеу жобасын АҚШ үкіметі жылына 1 миллион 800 мың доллармен қаржыландырады. Осы жоба аясында Қасым ағамен хабарласып, сұхбат алудың орайлы сәті болған еді. Сол әңгімемізді оқырманға ұсындық.
– Біздің білуімізше, Сіздің жершарының арғы бетінде, АҚШ-та, қазақ халқы ғана емес, бүкіл адамзатқа аса маңызды тақырып бойынша ғылыми-зерттеумен айналысып жатқаныңызға 15-16 жыл болыпты.
Ғалым санатында шақырумен Қазақстанда, Қытайда лексия оқыған екенсіз. Сол орайда сонда жарияланған мақалалардан оқығаным бар. Оларда «Түп табиғаты текті Қасым өз ұлтының уызына қана өсіп, ибалы, шыншыл, еңбекшіл, мәдениетті болып жетілген. Ол Жапония мен АҚШ-қа барғасын ондағы ғалымдардың артықшылықтарын да (шыншылдық, кішіпейілділік, ибалылық, ашық-жарқындық, қызғындылық, шөгелдік, табандылық, т.б.) бойына сіңдіре білген. Ол «өз ана тілінде оқыса, оқталған мамандығына берік сеніммен, қайтпас табандылықпен түссе, қажымай-талмай тырысып еңбектенсе, ғылым шыңына шығуға әбден болады. Билік ғылым мен техникаға шын жүректен мықтап мән берсе, өрелі профессорларды, нағыз ғалымдарды Жапония мен АҚШ елдері сықылды аса құрметтеп, олардың орнын шынайы жоғарылатып, еңбегіне дұрыс жағдай жасаса, елдің ғылымы мен техникасы қарқынды дамитын болады. Ал бұл таусылмайтын байлық, ресурс деп қарайды» деген сөздерді жазысқан болатын. Менің Сізге ынтамның ауғаны осылардан. Алдымен, туып-өскен ортаңыз, оқу жолыңыз, отбасыңыз жайында білгіміз келіп тұр?
– Мен Қытайдың Үрімжі қаласынан 120 шақырым шығыста жатқан, Тәңіртаудың Боғда шыңының күнгей етегіндегі Ақсу атты қазақ ауылында, 1964 жылдың 29-қаңтарында дүние есігін ашыппын. Шешем Гүлғасыл ауыл дәрігері болатын. Әкем Қабылхақ Ғазезұлы «мәдениет төңкерісі» атты аласапыранда, Ғазез атамның Алаш арыстарының жолын қуған азаматтығын желеу етіп табалағандардың соққысынан, менің 10 жасымда (1974 ж.) қайтыс болған. Ол кез бүкіл Қытайда ауыр жылдар еді. Мен тұрған қазақ ауылының халі тіпті мүшкіл болатын. Арғы аталарымыздың (хакім Абай бастаған рухи көсемдерімізді айтып отырмын) берген ақыли медетінен шығар, саяси науқанның у-шуына елең етпей, экономикада ыңыршақ шыққан жәйіт (жартылай ашаршылық) пен лабораториясыз күйді былай қойғанда, не мұғалім, не оқулық толық емес жағдайда жанталаса оқыдым. 1981 жылы сол ауылымда, он жылдық мектепті қазақ тілінде тауысып, Бүкіл Қытайлық Біртұтас емтиханнан үздік бал алып, алғаш Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінің дайындық бөліміне (тіл үйрену сатысында), сосын Бейжің Педагогикалық университетінің биология мамандығына түсіп оқыдым. Ұлттар университетіндегі екі жылдық дайындық, жанталаса ұмтылу, мені тілден сабақтастарымның ең соңындағы күйден ең алғы ретке шығарды. Сөйтіп, өзіме сенімім күшейді. Бейжің Педагогикалық университетінде де, алғашында ағылшын тілінен, әліпті таяқ деп білмес күйде едім. Жанталаса үйрене жүріп, соңғы жылы оздым. 1987 жылы толық курсты бітіре сала, сол Бейжің Педагогикалық университетіне физиология мамандығы бойынша аспиран-тураға түстім.
Оны бітірген соң 1991 жылы Үрімжіге қайтып келіп, екі жылдай оқытушы бола жүріп, Жапонға шығып оқуға дайындалдым. 1993 жылы Жапонияның Хоккайдау университетінің докторантурасына түсіп, қабыну мен рактың (Inflammation and cancer) байланысын зерттедім. Шүкірлік, зерттеу еңбектерім ғалымдар назарын тартты, бұл саланың халықаралық ең беделді журналдарында (мысалы, “Cancer Immunology and Immunotherapy” мен “Oncogene” секілді) жарияланады. Сонымен, 1998 жылы әрі медицина ғылымының докторы (Phd) атағын, әрі бүкіл Жапония Медицина Қоғамының сыйлығын иелендім.
1989 жылы Баян екеуміз (Сұлтанқызымен) бас құрадық. Бір қызымыз бар. Шинжяң университетінің биология мамандығын тауысып, бакалаврлік алғаннан кейін Бейжің университетінің аспирантурасында білім асырған, Шинжяң университетінде оқытушы болған Баян қазір Айова (Iowa) университетінің медицина зертханасында істейді. Қызымыз Гүлбаршын университет тауысты. Енді аспирантураға кірмек. Өзім рак туралы зерттеумен айналысудамын. АҚШ-қа келгелі 15 жылдан асып барады.
– Бәрекелді! Тамаша өмірбаян! Әлгінде, «Әкем Қабылхақ Ғазезұлы Қытайдағы «мәдениет төңкерісі» атты аласапыранда, Ғазез атамның Алаш арыстарының жолын қуған азаматтығын желеу етіп табалағандардың соққысынан қайтыс болды» деп қалдыңыз. Ата-тегіңіз, әкеңіз жайлы айта кетсеңіз тіпті жақсы болар еді?
– Сержан, ол бір ұзақ әңгіме. Сұрап қалдың. Қысқа қайырайын.
Шығыс Қазақстанда кезіндегі елге әйгілі Қалбан қажы деген кісі өткен. Ол атамыздың ұрпағының дені Қазақстанда, біразы Шыңжаңда (Үрімжіде, Санжыда) тұрады. Менің әкем Қабылхақ – сол Қалбан қажының ұрпағы, 1903 жылы туған Ғазез Нұрмұқамметұлы Қалбановтың ұлы. Атам Ғазез Санкт-Петербург университетінің заң факультетін тауысып, Әлихан Бөкейхановтарға ерген, кейін Семейде Кеңес Төрағасының орынбасарлығына шейін көтерілген екен. Бірақ артынан әрі байдың қызын алғаны, әрі алашшылдарға ергені үшін қағылады, жазаланады. 1928 жылы партиядан шығарылып, қызметтен қуылады.
Атам Ғазез мұның арты қуғынға ұласқалы тұрғанда, Қытай асыпты.
Ал қызыл солақайлардың байдың қызын алғаны дегендегі байы нағашы атамыз Әбдікәрім болыс екен. Өткен ғасырдың басында, Шығыс Қазақстанда мектеп ашып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтарды оқытушы етіп, ел көзін ашуға еңбек сіңірген, екі дүркін Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мүше болған, 1998 жылы Катонқарағай ауданындағы мектепке аты берілген Ережепұлы Әбдікәрім болыс деген әйгілі адамды естіген боларсыз. Нағашы атамыз дегенім сол кісі. Қазақстанның халық жазушысы Қалихан Ысқақ жазған “Жанқимақ” драмасындағы бас кейіпкер де сол Әбдікәрім ата. Ол отызыншы жылдардағы репрессия кезінде Қытайды баспаналап барса да, өкшелей қуған Кеңес Одағының чекис-жендеттері тарапынан құртылыпты (естуімше, Алтай қаласындағы Кеңес консулы қымызға у қосып беріп өлтіріпті). Атам Ғазез осы Әбдікәрім болыстың Бағдат дейтін қызын алған екен. Әбдікәрім болыстың Сұлтанмахмұт ғашық болып, қосыла алмаған қызы Бағила – осы Бағдат әжеміздің әпкесі.
Атам Ғазез Үрімжі қаласындағы аз жылында (ұсталғанға шейін) қазақ үшін көп еңбек сіңіреді. Шыңжаң қазақ-қырғыз ұйшымасының (қоғамының) төрағасы, қазақша Шыңжаң газетінің бас редакторы болады. Қоғамнан пайдаланып әр аймақта талай мектептің ашылуына түрткі болады. Амал не, кезінде Шинжяңды билеп тұрған, билігін нығайтқанша Сталинмен астасқан Шың Шысай үкіметінің жендеттері Кеңес Одағынан келген Уголин, Фаленов, Мұқанбаевтар әкелген қара тізім бойынша Ғазез атам бастаған бір топты ұстап әкетеді. Естуімше, ССРО-дағы Ново-Сібір түрмесіне қамап, артынан көздерін жойған екен.
– Иә, ол арыстардың жандары жәннатта болсын! Артын міне қайырлы етті ғой. ...Сонымен, АҚШ-қа қалай бардыңыз? Өкімет қаржысымен бе, жоқ әлде, ...?! АҚШ-та қай орындарда нендей тақырыптарды зерттеумен айналысудасыз? Қандай ілгерілеулер бар?
– Мен Жапонияға бармақшы болғаннан тартып, өкімет жоспарына, қаржысына сүйенбеуге бекідім. Оны жіпсіз арқан сезіндім. Баян екеуміз барымызды жиып, тіпті үйдегі жиһазымызды сатып, сол арқылы шетел асып оқуға тырыстық. Жапонияда бір жағынан еңбек етіп, бір жағынан оқыдым.
Постдокторлықта жүргенде жариялаған еңбектерім де өзге ел ғалымдарының назарын аударған екен. Шақыра бастады. 1999 жылы АҚШ-тың Маунт Сайнай Медицина Орталығының (‘Mount Sinai Medetsia Centiri’) шақыруын құп көрдік. Сонымен, Нью-Йорк қаласына келіп, қабыну мен рактың байланысын жалғасты зерттеуге кірістім. Мұндағы зерттеулерім де әлемдік ең жоғары деңгейдегі журналдарда (мысалы, “Nature Cell Biology”, “EMBO Journal”, “Journal of Biochemistry” сықылдыларда) жарияланып, ғалымдар назарын тіпті де тартты. Ол кезде ассистент профессор, постдоктор едім. 2005 жылы Айова (Iowa) университеті тарапынан дербес зерттеу лабораториямды құруға шақыру келді. Сонымен, Маунт Сайнай Медицина Орталығында профессордың бағдарламасы бойынша зерттей бергеннен гөрі, өз бағдарламам бойынша еңбектенгенді жөн санап, шақыруды қабылдап, Айова университетіне келдім. Еңбегім жанып, жоғары өрелі халықаралық басылымдарда зерттеу нәтижелерім үздіксіз жарияланып, профессор болдым. Ол табыстарымды жоғары бағалаған АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі 2005 жылы 1 миллион 400 мың долларлық, ал, 2009 жылы 1 миллион 800 мың долларлық мемлекеттік грант берді. Әрине, жеке өз қажетіме жұмсауға емес, лабораторияма, оның зерттеу жұмыстарының қажетіне жұмсауға. Қазір зерттеуім тіпті қарқынды жүріп жатыр. Қолымда зерттермен ғалымдардан сырт, магистрлік және докторлық деңгейге ұмтылған шәкірттерім бар. Оның ішіндегі қандастарыма ерекше қол ұшын берудемін.
– АҚШ-та қанша қазақ тұрады өзі?
– Жалпы санын нақ білмеймін. Интернетте 2-3 мыңдай бар десіседі. АҚШ-та ғылыми зерттеумен айналысатын қазақтар өте аз. Қытайдан келген бірнешеу ғанамыз. Қазақстаннан келгендерді өзіңіз білетін шығарсыз. Оқуда жүргендер көп. Екі мыңға таяу. Басқа жұмыстармен келіп тұрып қалғандар неше жүздей.
– Ондағы қазақтар басқа қазақтардан (мәселен, Қазақстанда, Қытайда, Моңғолияда, Еуропада тұратын) несімен ерекшеленеді?
– Менің байқауымша, АҚШ-тағы қазақтардың ерекшелігі – еңбекшілдік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, шыншылдық тарапының басымдылығында. Бұл өзіндегі тектіліктен сырт, мұндағы қоғамдық ортаның әсерінен секілді.
Бұл елде барлық жұмыс заң бойынша жүрілетін болған соң, жай бұқара парақорлық, артқы есік, сыбайлас жемқорлық, өзгеге жағатсу дегендерді білмейді. Дұрыс та қалыпты адами байланысты дәріптейді. Адамды сыртқы сәнімен (киген киімі, т.б.), мақтанған сылдыр сөзімен, шіренген мысымен емес, игерген білімімен, мәдени мінезімен, сөзінің жөнімен, сөзінде тұратын шыншылдығымен, тындырған ісімен бағалайды. Жұмысқа шынайы қабілетімен ілінеді. Бітірген шаруасына сай еңбекақы алады. Бастықтары құқығынан пайдаланып байып алатын жол жоқ. Бастықтардың жұмысы заңды, саясатты, ережелерді мүлтіксіз атқару ғана. Осы сықылды себептерден, әр елден (әсіресе, Қытайдан, Қазақстаннан) келген қазақтар, егер сезгір де елпек болса, көп ұзамай қоғамға лайықтасып, өзгеріп кетеді.
– АҚШ-та тұратын қазақтар жершарының әр тұсынан барған қазақтар ғой. Олардың менталитеті және қазақ руханиятына деген сүйіспеншілігі қандай? АҚШ-тағы қазақтар ұлттық тамырдан қаншалықты алыстап қалды деп ойлайсыз? Олардың қазақ руханиятына деген жақындығы қаншалық? Қазақ ретіндегі болмысын, болашағын қаншалықты елестете аласыз?
– АҚШ-тағы қазақтардың 99% ті Қазақстаннан, Қытайдан келгендер. Бірақ мұндағылар қайдан келсе де, қазақстандықпыз немесе атамекеніміз Қазақстан деседі. Қазақстанның халықарадағы беделі қаншалықты жоғары болса, мұндағы қазақтардың еңсесі де соншалық жоғарылайды. Құдайға шүкірлік, АҚШ-та Қазақстанның аты өзге Орта Азия елдерінен гөрі көп айтылады. Беделі де ең жоғары саналады. 2022 жылғы қысқы олимпиаданы Алматы алса екен деп тілейміз. Сөйте қалса, Қазақстан әлемге тіпті таныла түсер еді. Мұндағы қазақтардың менталитеті мен елге деген сүйіспеншілігін осыдан-ақ байқарсыз.
АҚШ-та тұрып қалған қазақтардың көбі 1990 жылдан кейін келгендер. Бұлардың қазақы руханияты әлі күшті. Қазақтығын мақтанышпен сезінеді. Өз елін, өз ұлтын, өз ана тілін, өз салт-ғұрпын төбелеріне қоя біледі. Үйлерінен қазақы дүниелер (суреттер, ою-өрнектер, домбыра, ән-күй дискілері, т.б.) үзілмейді. Көбі үйінде қазақша сөйлеседі. Бір-бірімен хабарласып, іздесіп тұрады. Қонақ дастархандарынан қазақы дәм үзілмейді. АҚШ-та жоқтарын елден алдыртып тұрады. Қонақасыда кезіккенде, өз ана тілімен сөйлесіп қана қоймай, тіпті әңгіме, әзіл-қалжыңдары да қазақы қызады. Ән айтады, күй шертеді.
Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен наурызды айрықша атап өтеміз. Өзара телефонмен құттықтасамыз да.
Қазақстанның болашағы, әсіресе, Назарбаевтан кейінгі Қазақстан қалай болар деген тақырыптар үнемі және қызу сөз болады.
Алайда, АҚШ-та туып-өскен балалардың осындағы қоғам мен мектеп тәлім-тәрбиесінің әсерінен американдық болып кету ықтималдығы жоғары. Оларды тамырынан айрылмайтындай ету үшін, ата-ана ғана емес, Ел жақ та амал қолданғаны жөн. Мысалы, оларды Қазақстанның жоғары оқу орындарына тартып, әр жазда қазақ диаспорасындағы жастардың Елдегі лагерьлерін өткізіп, оларға қазақы тәлім-тәрбие беріп, өркендеген Қазақстанды танытып, ... дегендей. Бұл Қазақстанның әлемге таныла түсуі үшін де, әлеммен мәдени ауыс-түйісінің күшеюіне де пайдалы ғой.
– Сіздер тек ағылшын тілінде қарым-қатынас жасайсыздар ма? Сіз отбасыңызда қазақтың тілін, ділін, салт-дәстүрін қаншалықты сақтауға тырысасыз?
– Қытайдан келген қазақтар қазақпен қазақша сөйлеседі. Өзара өз тілімен байланыс жасайды. Қазақстаннан келген қазақтардың көбі өзара орысша сөйлеседі.
Менің отбасымдағылар үйде қазақша сөйлесеміз. Түзде жолыққан адамның тілімен. Қызым Гүлбаршын Жапонда, АҚШ-та өсті. Осындай тілдік ортада жетілсе де, қазақшаны жақсы түсінеді. Үйде міндетті түрде қазақша сөйлейміз.
– Қазақстан туралы ойларыңызды айта түсіңізші! Сізді Назарбаев университетіне келеді екен деп естіп қалып едік?
– Қазақстан үшін тыныштық, орнықтылық, сол негіздегі экономикалық даму ең маңызды. Назарбаевтың саясаттары қазірге дейін жақсы келе жатыр деп қараймын. Мың досың болса да, бір жауың болмасын деген бар. Қазақстан екі ірі елдің ортасында тұр. Әрі іргелес, әрі ірі елді ренжітуден пайда жоқ.
«Асығу – шайтанның ісі» деген бар. Талай іске өте асыққан бомайды. Мысалы, қазақ тіліне, оны жалпыластыруға келгенде де сондай. Қазақстан егемендігін, тәуелсіздігін қолына қайта алды. Осыдан айрылмаса (әрине айрылмайды!), қазақ тілі енді өлмейді. Қазақ тілін күштеп жалпыластырамын деп, Қазақстандағы өзге ұлттарды қинау да пайдасыз.
Одан кейінгі бір үлкен мәселе – Ислам дінін желеу еткен радикалдардың, экстремистердің алдын алу. Қазақ ежелден сабырлы, салмақты халық еді. Әсірелілігі, ұшқарылығы жоқ болатын. Дінге келгенде де солай-ды. Осы дәстүрді сақтаған жақсы. Қазіргі заман – білімнің заманы. Білімнен артта қалсаң, бейбіт күнде де, таяқ жеуің, дамыған елдерге қор болуың мүмкін. Батыстағы дамыған елдердің, өз бұқарасына саясаты жақсы болғанымен, сыртқы саясатқа келгенде, олардың алдымен ойлайтыны – экономикалық жақтан пайда табу. Қазақстан дербес болғаннан тартып, батыс елдерінің Қазақстанға көп инвестиция салудағы түпкілікті мақсаты – Қазақстанның жер ресурстарынан көбірек пайда көру. Бұл Қазақстанға да пайда келтірді. Бірақ бұл жер байлығы (мұнай да, газ да, т.б. да) таусылады. Батыс елдері Қазақстанға ғылыми-техникалық жақтан инвестиция сала қоймайды. Ғылым-техникалық сырын бере қоймайды. Басқаларға қорлану осы жақтан туындайды. Қазақстан өз күшіне сүйеніп, ғылымын, техникасын дамытуы керек.
Болашақ бағдарламасы көп оқушыларды шетелдерге шығарды. Бұлардан жақсы оқып, Қазақстанға еңбек сіңіретіндері де аз емес. Бірақ ғылымға шындап берілгендері көп емес. Мен мұнда жүрген қазақстандық оқушылармен көп әңгімелестім. Көбінің ойы бірер атақ алып, Елге қайтып, тәуірірек жұмыс табу ғана. Олар: «Қазақстанда ғылыммен шұғылдансаң, жаныңды әрең бағасың. Онан да банктерде, шетелдік компанияларда, өкімет органдарына кіріп алсаң, күшті тұрасың» деседі. Бұл қазіргі Қазақстан қоғамындағы, осы жастардағы Қазақстанға, оның ғылымына пайдасыз нысайды білдіреді.
Мұны ел жақ қатты ескеруі керек.
P.S.: Біз алдағы кезде «Қайткенде қазақ қалады қазақ болып?» жобасының аясында, яғни шетелдегі қазақ диаспорасының қазақы болмысын, олардың қазақ руханиятына деген сүйіспеншілігін қалай сақтап қалу керек деген мәселелер төңірегінде шетелдегі қазақ интеллигенциясының өкілдерімен болған сұхбатымызды жалғастыратын боламыз.