Астанада сәуірдің 16-сы күні өтетін Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттары еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – көші-қон саясатына тағы бір мәрте тоқталып көрмек. Бұлай дейтініміз, «Халықтың көші-қоны туралы» заң – 1997 жылдан бері Парламентте ең ұзақ талқыланған құжат ретінде белгілі. Осы жолы қандай мәселелер көтерілетінін білмек ниетпен біз біраз мәжілісмендерге хабарласып шықтық. Дені аймақтарды аралап кеткен екен. Әйтеуір, Палатадағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, «Ақ жол» партиясы фракциясының өкілі Берік Дүйсенбинов орнында болып шықты. Оның өзі бір аймаққа шыққалы оқталып, «аяғы үзеңгіде тұрған» сәтте көкейдегі үш сұрақты қойып үлгердік.

– Берік Сәлімжанұлы, сіздердің тараптарыңыздан «Халықтың көші-қоны туралы» заңға қандай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді? Мысалы, өздеріңіздің комитеттің осы сала бойынша атқарған жұмысына тоқталып өтсеңіз...
– Биыл «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісте ақпанның 28-інде, яғни екінші оқылымда мақұлданып, наурыздың 7-сінде Сенатқа жіберілді. Біз оған жүзден астам түзетулер мен өзгертулер енгізуге атсалыстық.
– Ал сәуірдің 16-сында өтетін Үкімет сағатында көші-қон тақырыбы бойынша қандай мәселелерді көтермексіздер?
– Біз онда ішкі-сыртқы миграциялық үдерістерді шебер ұйымдастыра алу, шет елдерден келетін жұмыс күшін оңтайландыру мәселесін көтермекпіз. Жасыратыны жоқ, бүгінде біздің көптеген құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында көрші Өзбекстан мемлекетінің азаматтары жұмыс істеуде. «Ақ жол» – бизнес партиясы болғандықтан, оның Мәжілістегі фракциясының мүшелері аймақтардағы кәсіпкерлермен жиі кездесіп тұрамыз. Сонда олар құрылыс саласында көрші мемлекеттерден келген мигранттардың көп екендігін алға тартты. Бұл жағдайдың көлеңкелі тұстары басым екенін Ішкі істер министрлігі де жасыра алмайды. Мысалы, елімізге келген жұмыс күштерін сату, учаскелік полицияның оларды бір жерде жасырып ұстауы немесе өздерінің әркімнің үйіне тығылып жұмыс істеуі сынды жайттар қазір миграция мәселесінің өте өзекті екенін көрсетіп отыр. Сондықтан Үкімет сағатында біз Қазақстанға сырттан «екі қолға бір күрек іздеп» келген азаматтардың тәртіппен тіркеліп, құл иеленуші қарым-қатынаста емес, өркениетті түрде жұмыс істеуі керектігін айтамыз.
– Жалпы, еліміздегі көші-қон саясатының қазіргі жүзеге асырылу барысында қандай артықшылықтар мен кем-кетіктер бар деп ойлайсыз?
– Алдымен, жеке азаматтарды уақытша және тұрғылықты мекенжайына тіркеу туралы заң қабылданған кезде халық саны әжептәуір ұлғайған Астана қаласының маңайында бір мәселе туындады. Мысалы, біз қала маңындағы ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту үшін ондағы тұрғындардың санын білуге міндеттіміз ғой?
– Иә...
– Сондықтан қоғамда азаматтарды міндетті түрде тіркеу туралы заңға қаншама теріс баға берілсе де, біз сол құжаттың арқасында алыс аймақтардан қалаға қанша адам келіп қоныстанғанын анықтадық. Атап айтқанда, қазір Астана іргесіндегі Қоянды ауылында 3 мың үй бар. Оның 700-і ғана заңды тіркелген. Азаматтардың тұрақты тіркелу көрсеткіші де соған сәйкес болып тұр. Демек, ауылдық аурухана сол 700 үйдің тұрғындары үшін жоспарланған болса, оның шамасы нақты тұрып жатқан әлгі 3 мың үйдің адамдарын ем-доммен қамтамасыз етуге жетпейді. Сол үшін ең алдымен өз ішіміздегі миграцияны реттеп, мамандардың сапасын артырған маңызды. Осы жолы Үкімет отырысына құзырлы органдардың барлық өкілдерін шақырып отырғандағы тағы бір себебіміз – сол. Олардың әрқайсысы, әсіресе, көші-қон полициясының өкілдері Қытай, Ресей, Өзбекстан елдерімен іргелес орналасқан аудан, ауылдарға барып, тұрғындармен жолығып, оларды алаңдататын мәселелерді жинақтап келулері керек. Мәжіліс депутаттары сол сияқты нақты ұсыныстар жасаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

P.S. Осында аталған Қоянды ауылы тұрғындарының басым көпшілігі – Қытай, Моңғолия елдерінен қоныс аударып келген ағайын. Ал онда жер дауының дүркін-дүркін көтеріліп тұруына депутат Дүйсенбинов айтқан 2 мыңнан астам үйдің «заңды тіркеуде жоқтығы» себеп. Егер мәжілісмендер осы мәселені көші-қон полициясы өкілдерінің алдында көтеретін болса, «қуырдақтың көкесін» сәуірдің 16-сында көретін сияқтымыз...
Еркеғали БОЛАТҰЛЫ